Не болды, «Қайрат», «Ордабасы» – Ұтылдың неге, «Тобыл»?

Футбол
Не болды, «Қайрат», «Ордабасы» – Ұтылдың неге, «Тобыл»?
Фото: fcordabasy.kz
Қазақстан премьер-лигасының екінші туры қызықты өтті деуге болады. Көпшілік күтпеген нәтижелер де көп...

«Қайрат» өз алаңында «Атырауды» әупіріммен жеңді. Бұл жерде алматылықтарға қарсыласының өзі ме, төреші ме, әлде тағдыр ма, әйтеуір біреу болысты десек, артық айтпағандығымыз болар. Ойынның 34-минутында «атыраулық» Бабатунде Адениджи алаңнан қуылып, «Қайраттың» жағдайы жеңілдеді. Қарсыласы толық құрамда ойнаса, қалай болар еді? Белгісіз...

«Ордабасы» клубы да қайран қалдырды. Өткен турда «Шахтерді», ал бүгін премьер-лигаға тоғыз жылдан кейін қайта оралған «Қызыл-Жарды» әзер ұтты. Бүгін пенальти мен автоголдың арқасында үш ұпайға қол жеткізді. Бүгін Шымкент клубына қызылжарлықтардың қақпасына гол соғу оңайға түспеді.

«Ертіс» өз алаңында «Ақтөбенің» жастарынан басым түсті. Қонақтар ойынның басында пенальтиден есеп ашқан. Кейбірулерге осы 11-метрлік айып соққысы күмәнділеу болып та көрінді. Десек те, Павлодар клубы жеңіске деген жігерлік танытып, матч соңына дейін таразы басын өздеріне қарай аудара алды.

Бұл турда «Тобыл» таң қалдырды. Құрамына көпшілік қызыққанымен, өрнекті ойын үлгісін әлі көрсете алмай жүр. Өз алаңында кеншілер клубынан ұтылып қалды. Гол соқпаса, қалай жеңсін-ау?! Ал «Шахтердің» өз мүмкіндігін мүлт жібермей, шалып жығатыны бар...  

«Қайсар» да қайратын толық көрсете алар емес. Бүгін, өз алаңында негізгі құрамдағы ойыншыларының тең жартысы жарақаттанып қалған «Ақжайықты» жеңуі керек еді ғой. Бірақ олай болмады. Тең ойынды қанағат тұтты. Қызылорда клубына гол соғу мұң болып жүр. Орал клубына Болгарияда ойнап келген Еркебұлан Нұрғалиев бір ұпай әперді.   

«Қайрат» – «Атырау» – 2:0 (0:0)
Голдар: Сильвейра, 56. Вороговский, 86.
Алаңнан қуылды: Адениджи, 34 («А»)

«Ордабасы» – «Қызыл-Жар» – 2:1 (0:1)
Голдар: Мульдинов, 45+1 (0:1). Диакате, 48-пенальтиден (1:1). Попхадзе, 66-автогол (2:1).

«Ертіс» – «Ақтөбе» – 2:1 (2:1)
Голдар: Кәкімов, 6-пенальтиден. Калинин, 16 (1:1). Салами, 35-пенальтиден (2:1)

«Тобыл» – «Шахтер» – 0:1 (0:1)
Гол: Тарасов, 57.

«Қайсар» – «Ақжайық» – 1:1 (0:0)
Голдар: Курьор, 53 (1:0). Нұрғалиев, 73 (1:1).

Автор: Нұрғазы САСАЕВ

Теги: Қазақстан Премьер-лигасыҚазақстан чемпионаты"Қайрат""Тобыл""Ақтөбе""Ертіс""Ақжайық""Қайсар""Қызыл-Жар""Астана" ФК"Атырау" ФК"Ордабасы" ФКKazakhstan Premier League

Вернуться назад