«Ертіс» ерте қимылдап, «Атырау» кеш қалды...

Футбол
«Ертіс» ерте қимылдап, «Атырау» кеш қалды...
Фото: rfcatyrau.kz
Қазақстан премьер-лигасының бірінші турындағы, Ертіс жағасында өткен ойында «Ертіс» «Атыраудан» айласын асырып, үш ұпай олжалады.

«Ертіс» ерте қимылдап, ойын басталған бетте атойлап алға шапты. Ойынның 5-ші минуты басталғанда, алаң иелері айып соқысын орындап, «Атыраудың» қақпасының алды ығы-жығы болды. Павел Шабалин ширақтық танытып, допты қақпаға дәл бағыттай алды. Бұл жай ғана гол емес, 2018 жылғы Қазақстан чемпионатының алғашқы голы болатын.

Ойынның басында соғылған доп «Атырау» футболшыларына әжептәуір әсер етіп, қонақтар абдырап та қалды. Содан сабаларына түсе алмады. Ал «Ертіс» шабуылды жиілетті. Бірінші таймның ортасына қарай тағы бір гол салды. Румын Дору Попадюк қорғаушылардан сытылып кетіп, қақпашыдан да жылдам қимылдап, есепті еселей түсті.

«Ертіс» емін-еркін ойнап, бірінші тайм осылай аяқталды. Ойынның екінші жартысында «Атырау» өзгеріп сала берді. Қарқындарын үдетті. Шабуылды жиілетті. Допты көбінесе өздерінде ұстап, алаң иелерін зыр жүгіртті. Матч соңында бір гол соғып, есепті қысқартты.

Әуелеп ұшқан допқа «атыраулық» Томислав Барбарич пен «Ертістің» қорғаушысы Александр Кислицын бірдей секірген. Иық тіресе секіріп, допты бастарымен ұрған. Біреуі қақпаға дәл түсіруді, екіншісі аутқа жіберуді ойлағандары анық. Қасысына тисе де, шыр айналған теңбіл доп қақпа торына оратылды...

Әрине, бұл гол «Атырау» футболшыларын жігерлендіре түсті. Бірақ қалған екі минутта тағы бір доп салудың сәті түспей қойды. Әрі «Ертіс» жеңісті оңайшылықпен бере қойсын ба? Жоқ, әрине. Сөйтіп, алаң иелері 33 жастағы бас бапкері Херар Нуспен жеңіске жетті. Ал Жайық жағасынан келген жігіттер тым кеш қимылдаған секілді.

«Ертіс» – «Атырау» – 2:1 (2:0)

Голдар: Шабалин, 5 (1:0). Попадюк, 21 (2:0). Кислицын, 88-автогол (2:1).

Автор: Айқын ЖАППАР

Теги: Херард НусҚазақстан Премьер-лигасыҚазақстан чемпионаты"Ертіс""Атырау" ФКАвтоголKazakhstan Premier LeagueIrtysh PavlodarFC Atyrau

Вернуться назад