Талғат Байсуфинов жастар құрамасын Түркияда жаттықтырады

Футбол
Талғат Байсуфинов жастар құрамасын Түркияда жаттықтырады
Фото kff.kz сайтынан
Қазақстан футбол федерациясының ресми сайты еліміздің жастар арасындағы құрамасының Анталияда оқу-жаттығу жиынын өткізетіндігін жариялады.

Қазақстан жастар құрамасына аға жаттықтырушы болып бекітілген Талғат Байсуфинов еліміздің жас таланттарын жинап, тексеріп-сынап көретін болыпты. Қазір жастар құрамасындағы ойыншылардың көбісі өз клубтарының сапында жаттығу жиынында жүр.

Сондықтан елімізде жүргендері 8 ақпан күні Талғарда жиналатын болыпты. 9 ақпанда олардың бәрі Талғат Байсуфиновпен және Алмас Құлшынбаевпен бірге Түркияға (Анталияға) ұшады екен. Қалғандары, тіпті негізгі бөлігі десек те болар, оларға сол түрік жерінде қосылатын көрінеді.

Қазақстан футбол федерациясының ресми сайты таратқан ақпаратқа сүйенсек, жастар құрамасының оқу-жаттығу жиыны ақпанның 20-сына дейін созылады екен. Осы жиын барасында Байсуфиновтің шәкірттері екі жолдастық кездесу өткізуді жоспарлап отырған көрінеді (15 және 19 ақпан күндері). Алайда қарсыластары әлі белгісіз, жақын арада шешілетін сияқты.

Енді Талғат Байсуфиновтің өзінің бірінші оқу-жаттығу жиынына шақыртқан жас футболшыларының тізімімен таныс болыңыздар:

қақпашылар Игорь Трофимец («Ақтөбе»), Дмитрий Колбунцов («Жетісу»), Тимур Закиров («Қызыл-Жар СК»);

қорғаушылар – Бекзат Шадманов («Тараз»), Дәурен Мәжитов («Атырау»), Сағадат Тұрсынбай («Ордабасы»), Қуаныш Қалмұратов («Атырау»), Сұлтан Әбілғазы («Тобыл»), Руслан Әлімбаев («Шахтер»), Айбол Жақаев («Қайсар»), Рауан Орынбасар («Жетісу»), Ескендір Қыбырай («Қайрат»), Карам Сұлтанов («Қызыл-Жар СК»), Санжар Батырханов («Жетісу»), Елжас Сарбай («Байқоңыр»);

жартылай қорғаушылар – Демият Сләмбеков («Жетісу»), Самат Шәмші («Ордабасы»), Наурызбек Жагоров («Атырау»), Әділет Әбдінәби («Тараз»), Ринат Жұматов («Атырау»), Иван Антипов («Ақжайық»), Геворг Наджарян («Шахтер»);

шабуылшылар  Самат Сәрсенов («Қайрат»), Оралхан Өміртаев («Шахтер»), Ерасыл Сейітханов («Байқоңыр»), Максим Федин («Тобыл»).

Бапкерлер құрамы: 

Талғат Байсуфинов – аға жаттықтырушы,
Алмас Құлшынбаев – аға жаттықтырушының көмекшісі,
Марат Еслямов – аға жаттықтырушының көмекшісі,
Николай Родионов – қақпашылар жаттықтырушысы,
Павел Черепанов – ғылыми-методикалық жұмыс жөніндегі жаттықтырушы.

Естеріңізге сала кетейік, Қазақстан-U21 құрамасы 2019 жылғы Еуропа чемпионатының іріктеу турнирі аясындағы келесі кездесуін 23 наурыз күні Астанада өткізеді. Қазақ топырағына 9-іріктеу тобының көшбасшысы, яғни Франция таланттары келеді. Біздің елдің жастары әзірше үшінші орында тұр. Бес ойыннан алты ұпай еншілеген жастарымыздың алдында тек – Франция (15 ұпаймен) және Словения (10 ұпаймен).

Автор: Айқын ЖАППАР

Теги: Қазақстан құрамасыЖастар құрамасыТалғат Байсуфиновжолдастық кездесуАлмас ҚұлшынбаевОқу-жаттығу жиыныTalgat BaisufinovKazakhstan U-21

Вернуться назад