«Тобыл» Түркияда екінші жаттығу жиынын өткізіп жатыр

Футбол
«Тобыл» Түркияда екінші жаттығу жиынын өткізіп жатыр
Фото fctobol.kz сайтынан
«Тобыл» футбол клубы Түркияда екінші оқу-жаттығу жиынын бастады. Қостанай клубы құрамын әлі нығайтып жатыр.

Қостанай клубы 12 ақпанға дейін созылатын жаттығу жиынында төрт жолдастық кездесу өткізетін болыпты. Қарсыластары да белгілі – «Славия» (Болгария), «Анжи» (Ресей), «Томь» (Ресей) және «Trinec» (Чехия). «Тобыл» бұл командалармен 1, 4, 8 және 11 ақпан күндері кездеседі.

«Тобыл» футбол клубының бас бапкері Владимир Никитенко екінші жаттығу жиынының маңызды болатындығын баса айтыпты. Осы жиында команда жасақтау мәселесіне де, ойын өрнегін қалыптастыру жүйесіне де, футболшылардың күш-қуаттарын жетілдіре түсуге де ерекше мән берілетіндігін тілге тиек еткен.

Негізі, «Тобыл» биылғы маусым аралығында белсенділік танытып отыр. Бірінші кезекте бұл сөздерімізді команда жасақтау мәселесіне бағыттауға да болады. Мәселен, қаңтар айының аяғында тәжірибелі қақпашы Вячеслав Котлярмен бір жылға келісімшартқа отырғандарын жариялады.

Сонымен қатар, «Шахтер» былтыр маусым айында «Шахтерге» жалға берген орталық қорғаушысы Виктор Дмитренконы қайта шақыртыпты. Оған тағы бір мүмкіндік берілетіндей. Аталған қорғаушы «Тобыл» клубының екінші жаттығу жиынына барып, команда сапына қосылған. Енді Владимир Никитенконың сынағынан өтеді.

Естеріңізге сала кетейік, «Тобыл» биылғы маусым аралығында құрамын Джаба Канкава (Грузия), Аслан Дарабаев, Бауыржан Тұрысбек, Азат Нұрғалиев, Максим Федин, Сұлтан Әбілғазы сынды футболшылармен құрамын нығайтқан болатын. Бұларға енді қақпашы В.Котляр қосылып отыр. 

Автор: Әлихан ЖАППАР

Теги: Вячеслав КотлярВиктор ДмитренкоҚазақстан Премьер-лигасыТрансфер жаңалықтары"Тобыл"жолдастық кездесуОқу-жаттығу жиыныTobol Kostanay

Вернуться назад