«Қызыл-Жар» «Астананы» қара терге түсірді

Футбол
«Қызыл-Жар» «Астананы» қара терге түсірді
«Қызыл-Жар» – «Астана» – 0:2. Екі голдың авторы. Фото: fca.kz
Бүгін «Қызыл-Жар» мен «Астана» арасындағы ХІХ турдың ойыны өзара келісім бойынша мерзімінен бұрын өтіп, ел чемпионы әупіріммен жеңіске жетті.

Негізі, бұл ойын 21 шілде күні өтуі керек болатын. Бірақ «Астана» «Қызыл-Жар» клубымен келісіп, Кәсіпқой футбол лигасына осы матчты 25 сәуірге ауыстыруды өтінген. Себеп, ел чемпионы 17 немесе 18 шілде күні Чемпиондар лигасының бірінші іріктеу сатысындағы қарымта кездесуін өткізеді.

Сөйтіп, бұл ойын өзара келісім бойынша мерзімінен бұрын өтті. Өткен турда «Ордабасы» қақпасына екі гол соққан Алексей Щеткин бұл жолы да негізгі құрамда алаңға шықты. Алайда бірнеше мүмкіндікті мүлт жіберіп алып, сенім үдесінен шыға алмады.

Жалпы, «Қарасай» стадионында өткен матчта алаң иелері қонақтарының шабуылдарын тойтарып, қайсарлық танытты. «Астана» 80 минут бойы гол соға алмай, қара терге түсті. Сондықтан Мұжықов, Зайнутдинов және Деспотович сынды ойыншыларын алаңға шығарып, алғы шебін нығайта түсті.

Алаңнан Щеткин кетіп, Серікжан Мұжықов шығып еді, гол да соғылды. Екеуінде Патрик Твумаси соқты. Әуелі асқан шеберлікпен айып соққысын орындап, қақпаның өзіне жақын бұрышын дәл көздеді. Алаң иелерінің қақпашысы Антон Цирин көз алдындағы допқа үлгере алмады.

Ал ойынның негізгі уақытына қосылған қосымша минуттар түгесілуге айналғанда, қонақтар есепті еселеді. Серікжан Мұжықов пен Марин Томасов допты алаң бұрышында бір-біріне қақпақылдап, Хорватия қыраны оны қақпаның алыс бұрышын аңдыған Патрик Твумасиге қарай бағыттады. Әуелеп келген ала допты Гана сайыпқыраны тоқтатпай теуіп, қақпа торында тулатты.   

Сөйтіп, «Астана» биылғы маусымдағы алтыншы жеңісіне қол жеткізді. Екі доп айырмасымен басым түсті демесек, бұл жолғы үш ұпай оңайшылықпен келген жоқ. Әйтсе де, деңгейінің жоғары екендігін көрсете білді. Сексен минут бойы сергелдеңге түссе де, мойымай, алға қарай ентелеумен болды.

«Қызыл-Жар» – «Астана» – 0:2 (0:0)

Голдар: Твумаси, 80. Твумаси, 90+3.

Ескертулер: Коронель, 43. Малый, 50. Аничич, 70. Мульдинов, 74. Твумаси, 80.

«Қызыл-Жар»: Цирин, Венков, Мулдаров (Султанов, 63), Делич, Аитов, Коронель, Мульдинов (к), Гунченко, Григалашвили, Ступич, Пуношевац.

Қосалқы құрам: Зәкіров, Попхадзе, Савченко, Жанұзақов, Алтаев, Шабаев, Аяғанов, Алиев.

«Астана»: Эрич (к), Шомко, Аничич, Малый, Постников, Маевский, Станоевич (Зайнутдинов, 58), Томасов, Перцух (Деспотович, 66), Твумаси, Щеткин (Мұжықов 78).

Қосалқы құрам: Мокин, Кляйнхайслер, Логвиненко, Бейсебеков, Муртазаев, Прокопенко.

Төрешілер: Абдуллаев (Қаратау), Тихонюк (Ақтөбе), Павлов (Алматы).

25 сәуір, 2018. Петропавл, «Қарасай». 3000 көрермен.


Автор: Нұрғазы САСАЕВ

Теги: Марин ТомасовПатрик ТвумасиFC AstanaҚазақстан Премьер-лигасыҚазақстан чемпионатыЧемпиондар лигасы"Қызыл-Жар""Астана" ФКKazakhstan Premier LeaguePatrick TwumasiKyzyl-Zhar SK"Қарасай" стадионы

Вернуться назад