«Жетісу» «Ертісті» жеңіп, екі ойын тең аяқталды

Футбол
«Жетісу» «Ертісті» жеңіп, екі ойын тең аяқталды
«Жетісу» – «Ертіс» – 2:1. Фото: fc-zhetisu.kz
Қазақстан премьер-лигасының алтыншы турындағы қалған үш ойынның біреуінде алаң иелері жеңіске жетіп, екеуі тең аяқталды.

«Жетісу» жеңісті жұлып алды

«Жетісу» өз алаңында «Ертісті» қабылдаған. Алғашқы үш турда жеңіске жеткен Павлодар клубының соңғы үш турда кежегесі кейін тартып барады. Әуелі өз алаңында «Астанадан» ұтылды. Одан кейін Қызылордада гол соғудың өзі мұң болған «Қайсармен» тең түсті. Енді, міне, Талдықорғанда ұтылып отыр...

Жалпы, бұл ойынды да «Ертіс» тәп-тәуір бастады. Фонсеканың тамаша голынан кейін алға шықты. Содан соң осы жеңісті есепті уыстарынан шығармауды ойлағандай. Ал «Жетісу» екінші таймда тың футболшыларын шығарып, жеңісті жұлып алды.

Әуелі Рауль Джалиловтың пасынан кейін Рифат Нурмугамет есепті теңестірді. Одан кейін Камо Оганесян допты Эдгар Малакян беріп, одан қайтып алды да, Олег Хромцовты алға шығарды. Хромцов өз мүмкіндігін мүлт жіберген жоқ, қорғаушы Адриан Аврамияны да, қақпашы Никита Калмыковты да сан соқтырып кетті.

«Жетісу» – «Ертіс» – 2:1 (0:1)

Голдар: Фонсека, 34 (0:1). Нурмугамет, 80 (1:1). Хромцов, 90 (2:1).

«Шахтер» «Ақтөбеге» бір-ақ ұпай ұстатты

Қазақстан кубогының 1/8-финалында көп күш жұмсап, «Қызыл-Жарды» тек пенальти сериясы арқылы жолынан тайдырған «Шахтер» бұл ойынды өте сылбыр бастады. Ойыншыларының бәрі де алаңға шығара алмады. Ал «Ақтөбенің» негізгі құрамы мен легионерлері ел чемпионатына сәл кеш қосылған. Яғни шиыршық атып тұрса, керек еді.

Рас, бірінші таймда басымдық танытып, алға шықты. Асланбек Кәкімов пенальтиден ғана емес, былай да гол соға алатындығын дәлелдеп, пәрменді соққысымен есеп ашты. Алайда, «Ақтөбе» де, «Ертіс» секілді жеңісті есепті уыстарына шығарып алды. Екінші таймда «Шахтердің» шабуылды үдете түсуіне мүмкіндік беріп қойды.

«Шахтер» де екінші таймда алаңға тың ойыншыларын шығарып, гол соқты. Доп ойынға бұрыштан қосылып, айып алаңы ішіндегі қарбалас сәтте Оралхан Өміртаев допты қақпаға тепкен. Алайда Рамиль Нурмухаметов допты қстап ала алмай, кері қайтарды. Ал Өміртаев оны қайыра теуіп, таразы басын теңестірді.

Сөйтіп, «Шахтер» құрамы селдіреп қалса да, бір ұпай еншіледі. Ал «Ақтөбе» жеңістен айырылып қалды. Бас бапкеріне алғашқы турларда қас шеберлік танытқан жас қақпашысы Игорь Трофимецке мүмкіндік беріп, сенім арту керек сияқты. Әйтпесе, 9-орыннан жоғары көтеріле алар емес.

«Шахтер» – «Ақтөбе» – 1:1 (0:1)

Голдар: Кәкімов, 36 (0:1). Өміртаев, 78 (1:1).

«Қызыл-Жар» екі ұпайдан айырылып, «Атырау» бір саты көтерілді

«Қызыл-Жар» керісінше үш ұпайдан айырылып қалды. Бірінші таймда Тимур Мульдиновты қонақтардың қорғаушысы Эльдар Абдрахманов шалып жығып, төреші пенальти берген. 11 метрлік айып соққысын грузин Шота Григалашвили мүлтіксіз орындап, алаң иелері алға шықты.

Әрине, «Атырау» есепті теңестіру үшін барын салды. Екінші таймда Марат Хайруллиннің көлбеулете тепкен добын Эльдар Абдрахманов жасыл желек үстімен сырғанай секіріп, қақпаға енгізді. Сөйтіп, өз қатесін түзеді. Ең бастысы, осы бір ұпайдың арқасында атыраулықтар бір саты жоғары көтеріліп, 11-орынға орналасты.

«Қызыл-Жар» – «Атырау» – 1:1 (1:0)

Голдар: Григалашвили, 24-пенальтиден (1:0). Абдрахманов, 77 (1:1).


Автор: Нұрғазы САСАЕВ

Теги: Қазақстан Премьер-лигасыҚазақстан чемпионаты"Шахтер" ФКПенальти"Жетісу""Ақтөбе""Ертіс""Қызыл-Жар""Атырау" ФКKazakhstan Premier League

Вернуться назад