«Қайрат» қирата жеңіп, «Қайсар» қайраңда қалды

Футбол
«Қайрат» қирата жеңіп, «Қайсар» қайраңда қалды
«Қайрат» – «Қайсар» – 4:1. Фото: fckairat.com
Алматының «Қайраты» Алатау бөктерінде Қызылорданың «Қайсарын» ірі есеппен ұтып, үстем түсті.

Биыл «Қайсардың» кежегесі кейін тартып, ойыны үйлеспей жүр. Тіпті сүттей ұйыған ұжымның ауызбірлігіне де көз тигендей ме? Түсініксіз. Сырт көзге ойыншылары самарқау, көңілдері сынық сияқты. Енді капитандарын да ойын сайын ауыстыратын болып жүр...

Былтырдан бері команда капитаны Мақсат Байжанов еді. Биыл төртінші турға дейін солай болып келді. Бесінші турда Асхат Тағыберген, ал алтыншы турда Думан Нарзілдаев Қызылорда клубын алаңға капитандық таспамен бастап шықты. Бірақ Стойчо Младенов капитандарын қалай ауыстырса да, жеңіске жете алар емес...

Ал «Қайраттың» көңіл-күйі – көтеріңкі. Биылғы маусымды тым сылбыр бастағанымен, өткен турда азуын айға емес-ау, Еуропа кубоктарына білеген «Астанадан» ұтылған жоқ. Түзде тең түсті. Содан соң Қазақстан кубогының 1/8-финалында «Оқжетпесті» жартылай қосалқы құрамымен «ұрып» алды.

Негізі, бүгінгі ойында «Қайсардың» есеп ашатын тамаша мүмкіндігі болған. Тоқтар Жаңғылышбай допты «Қайраттың» қорғаушысынан тартып алып, Валерий Коробкиннің аяғына салып берген. Алайда Коробкин қара басып, ашық қалған қақпаға доп сала алмай, қиыс тепті....

«Қайрат» дәл осы қателігнен кейін қорғаныста мұқият ойнауға көшті. Ал 19-минутта есеп ашты. «Қайсардың» қорғаушылары ұстараның жүзіндей лыпылдаған Исаэльге ие бола алмай қалды. Бразилия футболшысы екі қорғаушының арасынан лып етіп, өтіп кетті де, қақпашыны да қапы қалдырды.

Әйтсе де, «Қайсар» намысты қолдан бермеуге тырысты. Тоқтар Жаңғылышбай допты алаңның орта тұсында, үш қорғаушының арасында тұрып қабылдап алды да, алға қарай құстай ұшты. Акош Электі алдап өтіп, допты қақпа алдындағы Матиас Курьордың аяғына салып берді. Мартиника футболшысы Коробкиндей емес, шабуылды сәтті аяқтай алды. Есеп теңесті.

Өкінішке қарай, бірінші таймда «Қайратпен» тайталасып, дес бермеген қонақтар екінші таймда жиі қателесе бастады. Ал алаң иелері көсіле сілтеп, үш гол соқты. Әуелі Иво Иличевич өкшесімен тамаша пас беріп, Аршавинді қақпашымен бетпе-бет шығарып жіберді. Ресей футболшысы бұл мүмкіндікті мүлт жіберген жоқ.

Екінші таймның аяғына қарай Уго Сильвейраның орнына шыққан Чума Анене допты қақпаға доғаша иіп, дәл түсірді. Ал матчтың негізгі уақытына қосылған қосымша минуттар түгесілуге айналғанда Станислав Лунин шірене тартып, қақпа торын бүлк еткізді. Есеп – 4:1.

«Қайсар» осы жеңілісінен кейін бір саты төмен сырғып, соңғы орынға жайғасты. «Атыраумен» ұпайы бірдей болғанымен, доп айырмасы – тым нашар (–7). Команда басшылары бір шара қолданбаса, Қызылорда клубының ойыны түзелер емес. Жанкүйерлерін жасытып, сенім үдесінен шыға алмай жүр.

«Қайрат» – «Қайсар» – 4:1 (1:1)

Голдар: Исаэль, 19 (1:0). Курьор, 27 (1:1). Аршавин, 60 (2:1). Анене, 76 (3:1). Лунин, 90+3 (4:1).

Автор: Айқын ЖАППАР

Теги: Андрей АршавинСтойчо МладеновИсаэльҚазақстан Премьер-лигасыҚазақстан чемпионаты"Қайрат""Қайсар"ҚызылордаKazakhstan Premier LeagueKairat AlmatyKaisar KyzylordaТоқтар Жаңғылышбай

Вернуться назад