Шымкенттегі текетірестер – «Ордабасы» ойсырата жеңіп, «Астана» кубокпен қоштасты

Футбол
Шымкенттегі текетірестер – «Ордабасы» ойсырата жеңіп, «Астана» кубокпен қоштасты
"Мақтаарал" ойыншысы Кеңесбай Шұбаев ойын кезінде алаң жиегінде дәрет сындырды
Қазақстан кубогының ширек финалына жолдама алған тағы екі команда анықталды. Біздің назарымыз Оңтүстік Қазақстан облысындағы қос ойынға ауған еді. Шымкентте «Қыран» мен «Ордабасы» кездессе, Жетісайда жергілікті «Мақтаарал» ел чемпионы «Астананы» қабылдады.

"Қыран" (Шымкент) – "Ордабасы" (Шымкент) 0:6 (0:2)

Голдар: Ли, 11 (0:1). Төлебек, 23 (0:2). Әшірбеков, 48 (0:3). Төлебек 51 (0:4). Ли, 69 (0:5). Джигаури, 81 (0:6).

Ойынның 22-ші минутында Седельников (Қ) алаңнан қуылды.

"Махтаарал" (Жетісай) – "Астана" 3:1 (1:0)

Голдар: Ермырзаев, 42 (1:0). Абутов, 57 (2:0). Нәбиев, 80 (3:0). Прокопенко,  86 (3:1).

«Ел чемпионын жеңдік, «Астананы» ұттық», - деп айтып жүретін болды жетісайлық жанкүйерлер. «Мақтаарал» футболшыларына да мақтануға себеп бар. «Астананың» Жетісайға қосалқы құраммен барғаны да енді басқа әңгіме. Ертең елдің есінде бұл жағдай емес, таблодағы есеп қалады.

Жә, сонымен, «Астана» Қазақстан кубогымен бірінші кездесуінде-ақ қоштасты. Бірінші таймның аяқталуына үш минут қалғанда «астаналық» Саян Мұқановтың қателігін сәтті пайдаланған Ғалымжан Ермырзаев айып алаңына кірместен допты қорғаған қақпаға шірене тартқан. Станислав Павлов қос қолын соза допқа секіргенімен «теңбіл снарядтың» жылдамдығы тым қатты болды.

Екінші голды да алаң иелері қонақтардың қателігінен кейін соқты. Бұл жолы «астаналық» Сағи Совет допты тура Асқар Абутовтың аяғына асыра салды. Қарсыласыңның өзі мұндай сый жасап жатса, одан қай ойыншы бас тартсын?.. Абутов есепті 2:0-ге жеткізді.

Бір қызығы, бұл екі голды да «Мақтаарал» қарымта шабуылдардың нәтижесінде соққан. Үшіншісі де солай болды. Тез ұйымдастырылған шабуылдың арқасында Эльмар Набиев қақпашымен жеке-дара шығып кетті де, допты Станислав Павловтың оң жақ шетіне қарай түрте салды. Есеп – 3:0.

Дегенмен, айта кету керек, ойынның басым бөлігінде доп «Астана» футболшыларының аяғында болды. Ара-тұра қателіктері болмаса, көп жағдайда пас беруден, доп ұстаудан жаңылған жоқ. Гол соқпай кетсе, расымен де обал болар еді. Ақыры мақсаттарына жетіп, матчтың аяқталуына бес минут қалғанда Жасұлан Қайыркеновтің пасынан кейін Владислав Прокопенко таразы басын қысқартты. Қорытынды есеп – 3:1, «Мақтаарал» ширек финалда.

Бірақ, көпшіліктің есінде бұл емес, кездесудің 75-ші минутындағы жағдай болатын шығар. «Мақтааралдың» қосалқы құрамда қалған 8-ші нөмірлі ойыншысы Кеңесбай Шұбаевты дәрет қысып, дәретханаға баруға уақыт таппаған ол алаңның жиегіндегі банердің арғы жағына тығылып, «қызметін» өтеп алды. Алайда, бұл жағдай PFLK-TV камерасына түсіп қалған еді.

Ал дәл осы уақытта Шымкенттің орталығында «Қыран» мен «Ордабасы» ойыны өтті. Екеуі де оңтүстіктің командалары. Тіпті, «Қыранды» «Ордабасының» ресми фарм-клубы десе де болады. Ойынның 11-ші минутында Виталий Ли есеп ашқан. 22-ші минутта «қырандық» Қанат Әшірбайдың қателігін түземек болған Владимир Седельников қақпашымен жеке-дара шыққан Еркебұлан Тұңғышбаевты екі аяқпен секіріп тоқтатты да, қызыл қағаз алып алаңнан қуылды. Ал айып соққысын Мардан Төлебек сәтті орындап, таблодағы көрсеткішті еселеді.

Бұдан кейін-ақ «Қыранның» еш қарсыласа алмайтыны белгілі болған еді. Үзілістен кейін «Ордабасы» тағы төрт гол соғып, 6:0 есебімен ірі жеңіске қол жеткізді.

Автор: Әзиз ЖҰМАДІЛ

Теги: Астана ФКҚазақстан кубогыМақтаарал фкФутболшы дәрет сындырдыФутболшы сидіМақтаарал - Астана

Вернуться назад
★ Вы можете разместить вашу рекламу на нашем сайте. Напишите нам на whatsapp нажав на эту ссылку