«Қайрат» – футзалдан Қазақ елінің 15 дүркін чемпионы

Футбол
«Қайрат» – футзалдан Қазақ елінің 15 дүркін чемпионы
Фото: afrk.kz
Футзалдан Қазақстан чемпионатының финалдық додасы аяқталды. «Ақтөбені» төрт рет тізерлеткен «Қайрат» биыл да чемпион атанды.

Футзалдан Қазақстан чемпионатының финалдық кезеңіне «Қайрат» пен «Ақтөбе» шыққан болатын. Біреуі жартылай финалдан қиналмай өтсе, екіншісіне бар күш-жігерін салуға иура келген. Ел чемпионатының негізгі бөлігінде 1-орынға ие болған Алматы клубы 4-орынмен жартылай финалға шыққан «Аят» (Рудный) футзалшыларынан төрт рет басым түскен-ді.

Ал «Ақтөбеге» финалға шығу үшін шүмектетіп тер төгуге тура келді. Олар ел чемпионатының негізгі бөлігінде 3-орынды қанағат тұтса да, жартылай финалда өздерінен бір саты жоғары орналасқан «Жетісуды» сан соқтырып кетті. Бұл екі команда арасындағы шиеленісті дода жеті ойынға созылып, ақтөбеліктер түзде өткен соңғы кездесуде жеңіске жетіп, финалға шықты. Жалпы есеп – 4:3.   

Финалдық дода да төрт жеңіске дейін созылды. «Қайрат» өз алаңында 3:1 және 5:2 есептерімен жеңіске жетті. Ал Ақтөбеде өткен екі матчта 7:3 және 6:2 есептерімен басым түсіп, 15-інші рет қатарынан Қазақстан чемпионы атанды.

«Қайраттың» Қазақстан чемпионы болған маусымдары (15): 2003-04, 2004-05, 2005-06, 2006-07, 2007-08, 2008-09, 2009-10, 2010-11, 2011-12, 2012-13, 2013-14, 2014-15, 2015-16, 2016-17, 2017-18  

Автор: Айқын ЖАППАР

Теги: футзалфиналҚазақстан чемпионаты"Қайрат" ШФК"Ақтөбе" ШФКЧемпионfutsalAFC Kairat

Вернуться назад