Қазақстан жастар құрамасы түзде Люксембургті жеңді

Футбол
Қазақстан жастар құрамасы түзде Люксембургті жеңді
Люксембург-U21 – Қазақстан-U21 – 1:2. Фото: kff.kz
Қазақстан жастар құрамасы 2019 жылғы Еуропа чемпионатының іріктеу турниріндегі алғашқы ойынын өткізіп, түзде Люксембург жастарын жеңді.

Бұл жастар арасындағы 2019 жылғы Еуропа чемпионаты іріктеу турнирінің тырнақ алды кездесуі болатын. Қазақстан-U21 құрамасы түзде әупіріммен жеңіске жетті. Есепті алаң иелері ашып, жігерлік танытуға тура келді.

Ойынның алтыншы минутында алаң иелері допты ойынға бұрыштан қосып, қақпа алдындағы қарбаласта орталық қорғаушымыз Люксембург шабуылшысын құлатты. Төреші пенальти беріп, Муратович бірер толғап, есеп ашты...

Біздің ойыншылар бұл “соққыдан” естерін тез жия алмады. Люксембург құрамасының шабуылшысы есепті еселейтін тамаша мүмкіндікті мүлт жіберіп алды. Ұрымтал тұстан допты қақпадан әлдеқайда биік теуіп, бетін басты.

Бұдан кейін біздің жастарымыз екпін ала бастады. 35-минута Дидар Жалмұқанның көлбеулете берген пасын Александр Соколенко Люксембург қорғаушысының аяғынан іліп әкетіп, қақпашыны да қапы қалдырып, таразы басын теңестірді.  

Екінші таймда біздің жігіттер қарқындарын үдетті. Бірнеше рет гол соғуға болатын мүмкіндіктерді мүлт жіберіп алды. Кейде бір-біріне дер кезінде пас бере қоймай, енді бірде асығып, бірнеше шабуыл аяқсыз қалды. Әйтсе де, гол соғудың сәті түсті.

Люксембург қақпашысы допты қорғаушыларының біріне бере қойып, ал ол оны ырқына көндіріп әлек болғанда, Геворг Наджарян келіп килікті. Әрі дедек қаққан теңбіл допты тартып алып, қақпашының төбесінен асыра салды. Гол!

Ойын аяғында алаң иелері тайлы-таяғымен алға шығып, есепті теңестіруге тырысты. Бірақ біздің жігітер де еселерін жібермей, қарсы шабуыл ұйымдастырып отырды. Алайда есеп өзгерісген жоқ. Қазақстан жастары түзде жеңіске жетті.

Бұл жеңіске тоқмейілсуге болмайды, әрине. Әлі шүмектетіп тер төгу керек. Ойын өрнектерін жетілдіре түсіп, бір-біріне пас бергенде мұқият болу керек сияқты. Себебі 9-топтағы басқа қарсыластарымыз азулы құрамалар – Франция, Болгария, Словения және Црна Гора жастары.

Енді, жастар арасындағы Қазақстан құрамасы 2019 жылғы Еуропа чемпионатының іріктеу турнирі аясындағы келесі кездесуін 13 маусы күні, түзде Црна Гора жастарымен өткізеді.

Люксембург-U21 – Қазақстан-U21 – 1:2 (1:1)

Голдар: Муратович, 6-пенальтиден (1:0). Соколенко, 35 (1:1). Наджарян, 60 (1:2).

Люксембург-U21: Рулез, Сакра, Скендерович, Дублин, Эверт, Синани, Островски (Бьелич, 85), Пинту (Прюдомм, 64), Мерш (Да Сильва, 56), Тилль, Муратович.

Қазақстан-U21: Бұсұрманов, Қалмұратов, Мәжитов, Әбікен, Әбілғазы, Сламбеков, Наджарян (Гладченко, 79), Соколенко, Перцух, Жалмұқан (Антипов, 90+2), Федин (Өміртаев, 86).

Автор: Айқын ЖАППАР

Теги: Владимир НикитенкоҚазақстан құрамасыЕуропа чемпионатыЖастар құрамасыЛюксембургЕлектік кезеңФединЖалмұқанСоколенкоНаджарян

Вернуться назад