Тағатым таусылды, аңсадым жаңа маусымды...

Футбол
Тағатым таусылды, аңсадым жаңа маусымды...
Алматы жанкүйерлері Суперкубок ойынын тосып жүр... Фото: fckairat.com
Көктем келді. Күлімдеген көктеммен қазақ даласына теңбіл доп додасы да келеді. Биылғы маусым 4 наурыз күні басталады.

Додаға толы наурыз

Биылғы маусым жылдағыдай Қазақстан суперкубогымен ашылады. Сенбі күні өткен маусымдағы чемпионымыз бен ел кубогының финалына шыққан (әрі төл біріншілігімізде күміс жүлдегер атанған) Алматының «Қайраты» кездеседі.

Негізі суперкубок матчында ел чемпионы мен кубогы иегері кездесуі керек. Бірақ былтыр екеуінде «Астана» жеңіп алды. Сондықтан елорда клубымен Қазақстан кубогында финалға шыққан «Қайрат» кездеседі.

Одан әрі – ел чемпионаты. 8 наурызда 1-турдың ойындары өтіп, еліміздің алты қаласында жаңа маусымның тұсауы кесіледі. Содан 18 наурызға дейін үш турдың ойындары өтеді де, ФИФА-ның ресми күндеріне байланысты айдың соңына дейін қысқа үзіліс болады.

Есесіне, 20-24 наурыз аралығында ұлттық құрамамыз Кипрде биылғы жылғы бірінші оқу-жаттығу жиынын өткізеді. Осы жиын барысында жергілікті Кипр құрамасымен жолдастық кездесу өткізеді (22 наурызда).

Ал 28 наурызда Қазақстан жастар құрамасы 2019 жылғы Еуропа чемпионатының іріктеу турнирі аясында алғашқы ойынын өткізеді. Түзде Люксембург жастарымен кездеседі. Владимир Никитенконың шәкірттері бұл ойынға жан-жақты дайындалды. Екі мәрте оқу-жаттығу жиынын жүргізді (Талғарда және Түркияда), бірнеше жолдастық кездесу өткізді.

Ал 31 наурыз күні Қазақстан премьер-лигасының төртінші туры басталып, үш ойыны өтеді. Яғни наурыз айы додаға толы. Еліміздің ең жоғарғы тобындағы клубтардың да, ұлттық және жастар арасындағы құрамаларымыздың да ойындарын көреміз.

Алматы суперкубокқа дайын, төрешілер белгілі

Алматы суперкубокқа дайындалып жатыр. Қазақстан футбол федерациясының жаңа басшылары күзден бері үлкен сенім артып, ел кубогының финалын да, биылғы маусымашар суперкубок додасын да өткізу құқығын берді.

Әрине, «Қайрат» өз жанкүйерлері алдында тек жеңіске жетуді көздейді. Бірақ қоңыр күзде жапалақтап жауған қар үстінде ел кубогына қол жеткізе алмай, жеңіліп қалды. Енді суперкубокты жеңіп алып, көрермендерін қуантуды ойлайды. Әрине, «Астана» Алматыға жеңісті қолдан беру үшін бармайды...

Алматыдағы Ортадық стадионға электронды бақылау жүйесі орнатылып, кіреберістерге турникеттер қойылған. Аталмыш жүйе билеттегі штрих-код арқылы әрбір көрерменді “тіркеп” отырады. Бұл – УЕФА-ның регламенттелген, Еуропаның стадиондардағы қауіпсіздік ережелеріне сай жүйесі.

Айтпақшы, суперкубок матчына қазылық ететін төрешілер белгілі. Кәсіптік футбол лигасы кеше олардың аты-жөндерін атады:

Бас төреші – Артем Кучин (Қарағанды). Көмекшілері – Анатолий Ходин (Атырау), Евгений Бельский (Тараз). Қосымша көмекшілері – Данияр Сахи (Қызылорда), Денис Измайлов (Талдықорған). Қосалқы төреші – Самат Тергеусізов (Алматы). Инспекторы: Александр Мазманьян (ТИД директорының орынбасары).

Автор: Нұрғазы САСАЕВ

Теги: АлматыҰлттық құрамаПремьер-лигаҚазақстан чемпионатыСуперкубок"Қайрат"Қазақстан кубогыжолдастық кездесу"Астана" ФКОқу-жаттығу жиыныБас төрешіОрталық стадион

Вернуться назад
★ Вы можете разместить вашу рекламу на нашем сайте. Напишите нам на whatsapp нажав на эту ссылку