“Астана” және “Железничар” – жеңе алмады бір-бірін

Футбол
“Астана” және “Железничар” – жеңе алмады бір-бірін
«Астана» – «Железничар» (Босния және Герцеговина) – 1:1. Фото: fkzeljeznicar.ba
"Астана" футбол клубы Түркиядағы екінші оқу-жаттығу жиынында тағы бір жолдастық кездесуін өткізіп, Босния және Герцеговинаның "Железничар" командасымен 1:1 есебімен тең түсті.

Жалпы, «Железничар» осал команда емес. Өз елінің алты дүркін чемпионы. Соңғы рет 2012/2013 жылдар маусымында чемпион атанған. Қазір Босния және Герцеговина чемпионатында 18 ойыннан 32 ұпай жинап, үшінші орында тұр. Көш басындағы «Зриньски» клубынан алты ұпайы кем.

Айтпақшы, дәл осы клубқа кеше ғана былтыр Павлодардың «Ертісінің» намысын қорғаған Самир Керла ауысты. Босниялық қорғаушы өткен маусымда Қазақстан премьер-лигасында 24 ойын өткізіп, үш гол соққан. Алты мәрте ескерту алып, бір рет алаңнан қуылған-ды...   

Жолдастық кездесу болса да, бұл ойын аса тартысты өтті. Матч алдында «Қазақстан чемпионына жеңісті қолдан бермейміз» деген "Железничар" ойыншылары сөздерінде тұрды. Табан тіресе, додаға түсті.

Бірінші таймнң ортасына қарай Роман Мұртазаев допты алыстан шірене теуіп, Сараево клубы қақпасының маңдайшасын солқ еткізді. Доп жерге түсіп, қайта көтерілгенде ғана қақпашы оны тойтарды.

Бұдан кейін Босния және Герцеговина клубы бірнеше рет қауіпті шабуыл ұйымдастырып, ақыры есепті ашып тынды. Зебо бұрыштама соққысын орындап, допты айып алаңының сыртында тұрған Благоевичке берді, ол бірден алға асырды. Ал Боккачини ширақ қимылдап, әуелеп келген допты қақпаға дөп түсірді. Эрич те, Постников те қапы қалды...

Екінші таймның басында «Астана» таразы басын теңестірді. Қазақстан чемпионы да голды бұрыштама соққысынан кейін енгізді. Тура – сол бұрыш, тура – сол қақпаға. Әрі қазақстандықтар да екі пастан кейін.

Серікжан Мұжықов допты әуелетіп айып алаңы ішіне асырды. Бірақ сәл кейіндеу. Юрий Логвиненко оны қақпаның оң бұрышына қарай бағыттады. Қақпа бағанасы жанында тұрған Роман Мұртазаев допты басымен қақпа ішіне қадады.

Екінші таймның аяғына дейін екі команда алма-кезек шабуылдап, айылдарын жимай тайталасты. Әсіресе «Железничар клубы ойыншыларының гол соғатын тамаша мүмкіндіктері болды. Бірақ олардың ойыншысы екінші таймада қақпаға тұрған Мокинмен бетпе-бет шықса да, айласын асыра алмады.

Сөйтіп, «Астана» Түркияда екінші рет тең түсті. Әрине, бұл ресми ойын емес. Өкпе артудың қисыны жоқ. Десек те, елорда клубының ұжымдық ойын үлгісі адам қызығарлықтай деп айта алмаймыз. Әсіресе, Рохер Каньястың орны үңірейіп тұрғандай...   

«Астана» – «Железничар» (Босния және Герцеговина) – 1:1

Голдар: Боккачини, 31 (0:1). Мұртазаев, 48 (1:1).

«Астана»: Эрич, Шитов, Постников, Логвиненко, Шомко, Маевский, Мұжықов, Нұрғалиев, Твумаси, Мұртазаев, Лулаку.

Екінші таймда алаңға шыққандар: Мокин, Бейсебеков, Аничич, Шайыхов, Тағыберген, Жалмұқан, Жақыпбаев, Сағынаев, Наджарян, Прокопенко.

Автор: Айқын ЖАППАР

Теги: Юрий ЛогвиненкоҚазақстан чемпионатыБосния және Герцеговинажолдастық кездесуСерікжан Мұжықов"Астана" ФКОқу-жаттығу жиыныРоман Мұртазаев"Железничар"

Вернуться назад