Көп болды “Ақжайықты” көрмегелі...

Футбол
Көп болды “Ақжайықты” көрмегелі...
"Ақжайық" клубының Түркиядағы жаттығу жиынынан. Фото: fc-akzhayik.kz
Қазақстан премьер-лигасында клубтардың ішінде жаңа маусымға «тым-тырыс» дайындалып жатқан бір клуб бар. Ол – Оралдың «Ақжайығы»...

«Ақжайық» футбол клубы жаңа маусым дайындығы туралы ақпараттар тарату жағынан “сараңдық” танытып келеді. Рас, аракідік оқу-жаттығу жиындарына кеткенін оқып-көріп қаламыз. Ресми сайтындағы ақпараттары – тым келте...

Желтоқсан айының соңында алғашқы жаттығу жиынны бастап, Жаңа жыл мерекесі қарсаңында аяқтаған. Одан кейін 8-28 қаңтар аралығында екінші жаттығу жиынын Түркияда өткізуі керек болған. Енді үшіншісін өткізіп жатқан да сияқты.

Бұлай дейтініміз, отандық баспасөз беттерінде «Ақжайықтың» Түркияда Өзбекстанның «Металлург» (Бекабад) клубымен кездесіп, 0:2 есебімен ұтылып қалғандығы жайлы ақпарат жарық көрді. Ал «Ақжайықтың» ресми сайты – әлі “үнсіз”...

Бір қызығы, «Ақжайық» әлі құрамын бірде-бір жаңа футболшымен нығайтқан жоқ. Әлі қандай да бір келісімшартқа отырғандары жайлы ақпарат жариялаған емес. Құдды, сапына әлі бір ойыншы қоспағандай. Ресми мәлімет болған емес.

Өздеріңіз білесіздер, биылғы маусым 4 сәуір күні суперкубок ойынымен ашылады. Ал қысқы тансфер 3 сәуірде жабылады. Яғни үш-ақ апта қалды, ал «Ақжайық» әлі асығар емес! Неге?! Ол да белгісіз. Бәлкім, қаражаттан қысылып жүрген болар...

Сөз соңында айта кетейік, кейбір деректерге сенсек, Эльдар Әбдірахманов, Нұрболат Қалменов, Рақымжан Розыбақиев, Евгений Левин, Саша Колуния, Захар Коробов, Антон Шурыгин, Руслан Валиуллин, Марат Шахметов, Николай Забродин, Алексей Мальцев, Мирослав Лечич, Сергей Шевцов және басқа да кейбір ойыншылар «Ақжайық» сапынан кетіп қалған.

Бірақ тағы да айтарымыз, Орал клубы тарапынан ешқандай ресми мәлімдеме болған емес. Сондықтан кеткен ойыншыларының қайсыбіреулері қайтып келіп жатса, таң қалмаймыз.

Содан соң... дәл қазір ел чемпионатында келеңсіз бір жағдай жүзеге асты. Өздеріңіз де білесіздер, Қазақстан футбол федерациясының Атқару комитеті «Алтай» клубын премьер-лигадан шығарып тастады. Орнына «Таразды» қосты.

Енді, «Ақжайықтың» бағына қарай, бірінші лигада ойнағысы келмеген футболшылар Шығыс Қазақстан облысы клубынан Оралға бармаса... Әйтпесе үш аптаның ішінде қалай ғана дүлей додаға лайықты, бәсекеге қабілетті команда жасақтап алуға болады?!.  

Автор: Нұрғазы САСАЕВ

Теги: Вахид МасудовҚазақстан Премьер-лигасыҚазақстан чемпионатыТрансфер жаңалықтарыБатыс Қазақстан"Ақжайық"жолдастық кездесуОқу-жаттығу жиыны

Вернуться назад
★ Вы можете разместить вашу рекламу на нашем сайте. Напишите нам на whatsapp нажав на эту ссылку