Қазақстан құрамасы ұтылды – Какаусыз күніміз қараң ба?

Футбол
Қазақстан құрамасы ұтылды – Какаусыз күніміз қараң ба?
Қазақстан құрамасы Беларусь футзалшыларынан ұтылып қалды. Фото: afrk.kz
Футзалдан Қазақстан құрамасы Алматыда Беларусь құрамасымен кездесіп, 0:1 есебімен ұтылып қалды. Бұл Жозе Алесио Да Силваның алғашқы ойыны болатын.

Жақында Қазақстан құрамасының бас бапкері Какау өз қызметінен кетіп, орнына оның отандасы Жозе Алесио Да Силва тағайындалған болатын. Бразилия бапкері футзалшыларымызды Алматыға жинап, алғашқы оқу-жаттығу жиынын өткізген.

Осы оқу-жаттығу жиыны барысында Беларусь футзалшыларымен екі жолдастық кездесу өткізу жоспарланған болатын. Біріншісі бүгін кешке өтіп, Қазақстан құрамасы ұтылып қалды.

Какаумен соңғы бір жылдың ішінде Италия, Сербия, Хорватия, Польша, Коста-Рика, Өзбекстан құрамаларын жеңіп жүрген жігіттеріміз Алесиомен Беларусь құрамасынан ұтылып қалды. Әрі өз жерімізде...

Бір қызығы, Беларусь құрамасымен бұған дейін екі рет кездесіппіз. 2013 жылы 21 наурызда жолдастық кездесу өткізіп, Минскідегі матчта 1:1 есебімен тең түсіппіз. Ал 2014 жылы 3 желтоқсан күні Ташкентте 4:3 есебімен ұтып, өзбек жеріндегі халықаралық турнирде жеңімпаз атанған екенбіз.

Енді ұтылып отырмыз. Айта кетуге тиіспіз, Игита, Дәурен Нұрғожин, Николай Пенгрин және Илья Мун сынды футзалшыларымыз жарақаттарын байланысты бұл кездесуге қатыса алмады. Лео «Спортинг» (Лиссабон) клубының ресми ойындарынан босай алмады. Олардың орындарына басқа жігіттер шақырылды.

Жаңа бапкер алғашқы бестікке Григорий Шамро, Шыңғыс Есенаманов, Дуглас, Александр Довгань және Михаил Першинді шығарыпты. Бірінші таймда есеп ашылмаған. Біздің футзалшылар бір-екі қауіпті шабуыл ұйымдастырған.

Екінші таймда екі құрамада қарқындарын үдетіп, матч аса жоғары жылдамдықта өткен. Есенамановтің соққысы қақпа бағанасын тиіп кері қайтқан. Дугластың бірнеше соққысын Беларусь қақпашысы тойтарған.

38-минутта қонақтар гол соғып кеткен. Владислав Селюк біздің Григорий Шамро қорғаған қақпаның бұрышын дәл көздеген. Бұдан кейін Алесио алаңға бесінші ойыншыны шығарып, әрекет етіп көрген. Бірақ одан нәтиже болмаған.

Сөйтіп, Қазақстан құрамасы Беларусь футзалшыларынан алғаш рет ұтылып қалған. Ал Алесио бас бапкерлік қызметін жеңіліспен бастаған. Кім біледі, Какау болғанда, жеңілмес те ме едік?..

Қазақстан – Беларусь – 0:1

Гол: Селюк, 38.

Қазақстан: Гуров, Шамро – Жаманқұлов, Сүлейменов, Есенаманов, Дуглас, Довгань, Кнауб, Першин, Таку, Төреғазин, Ақбалықов, Оразов, Солуменко, Рындин.

Беларусь: Головнев, Чурилин – Гусаков, Крыкун, Алейников, Лазюк, Ольшевский, Силивончик, Черник, Раговик, Лось, Гончаров, Селюк, Матвеенко

Төрешілер: Қосмұхамбетов, Абраев (екеуі де – Қазақстан)

6 ақпан 2017 ж. Алматы. «Зенит». 700 көрермен.

Автор: Нұрғазы САСАЕВ

Теги: футзалИгитаКакауҚазақстан құрамасыБас бапкерЖаманқұловСүлейменовЕсенамановЖозе Алесио Да Силва

Вернуться назад
★ Вы можете разместить вашу рекламу на нашем сайте. Напишите нам на whatsapp нажав на эту ссылку