Ұлттық құраманың экс-бас бапкері Эстония чемпионы атанды

Футбол
Ұлттық құраманың экс-бас бапкері Эстония чемпионы атанды
Ұлттық құраманың экс-бас бапкері Эстония чемпионы атанды
Қазақстан ұлттық құрамасының экс-бас бапкері Арно Пайперс Таллиннің «Флора» футбол клубына Эстония чемпиондығын әперді. Енді команда келесі жылы Чемпиондар лигасына қатысады.

Осылайша «Флора» Эстонияның 10 дүркін чемпионы атанды. Алайда, өткен жылы таллиндіктер небәрі 4-ші орын алып қалды. Осыдан кейін клуб басшылары бас бапкерін алмастырып, голландиялық Арно Пайперске сенім артқан. Биыл «Флора» 90 ұпай жинап, басты бәсекелесі «Левадиядан» 6 ұпайға озып кетті. Үздік үштікке 78 ұпаймен «Нымме Калью» кірді. Бір қызығы, үшеуі де Эстония астанасының командалары. Жалпы, Эстония чемпионатында 10 команда бақ сынайды.

Ал Арно Пайперстің соңғы клубы «Тараз» болған. 2013 жылдың жазында клуб тізгінін қолына алған болатын. Алайда, команда сол жылы маусымды сәтсіз аяқтап, 12 команданың ішінде 10-орынды иеленді. Келесі жылдың ортасында «Тараз» бірінші айналымді 11-орында аяқтап, клуб басшылары голландиялық маманды қызметінен босатты.

Дегенмен, Арно Пайпер Қазақстан ұлттық құрамасының тарихындағы ең сәтті жаттықтырушы саналады. 2006-2008 жылдар аралығында бас командамызды жаттықтырған Арно Еуро-2008 іріктеу турнирінде Қазақстан ұлттық құрамасына 8 команданың ішінде 6-орынды әперген. Еншімізге 10 ұпай түскен.


Автор: Әзиз ЖҰМАДІЛ

Теги: Арно ПайперсАрно Пайперс Қазақстан

Вернуться назад