Лезгинка билеп берсе де, Грозный «Ертісте» қалмайтын болды

Футбол
Лезгинка билеп берсе де, Грозный «Ертісте» қалмайтын болды
«Ертіс» футбол клубының бас бапкері болған, Украина маманы – Вячеслав Грозный... Фото: fcirtysh.kz
«Ертіс» футбол клубының бас бапкері, Украина маманы Вячеслав Грозный Павлодарда қалмайтын болды.

Қазақстан премьер-лигасының биылғы додасы аяқталса да, «Ертіс» асықпады. Басшылары біраз ойланды. «Бәрі де келесі жылғы бюджетке байланысты болады» деп, бірден кесіп айта алмады, Ақыры, Украина маманымен еңбек келісімін ұзартпайтын болды. Сөйтіп, Вячеслав Грозный Павлодардан кетті.

Себебі еңбек келісімінің мерзімі түгесілді. Қазақстан чемпионатының соңғы турында, «Ертіс» «Шахтердің» қақпасына 93-минутта (ойынның негізгі уақытына қосылған қосымша минуттар аяқталуға айналғанда) гол соғып, 4-орынға ие болғанда, яғни Еуропа лигасының жолдамасына қол жеткізгенде, Вячеслав Грозный қуанғанынан лезгинка билеп, көпшілікті риза қылған.

Жасыл алаң жиегінде де, футболшылары киім ауыстыратын бөлмеде де лезгика билегенімен, Грозный Павлодарда қалмайтын болды. Жалпы, бұл маман ерке Ертіс жағасына жазда келген. Содан бері «Ертістің» бас бапкері ретінде 10 ойын өткізіп, үш рет жеңіске жетті. Төрт ойын тең аяқталып, қалған үшеуінде жеңілістің кермек дәмін татты.

Енді «Ертісті» кім жаттықтырады? Әзірше белгісіз. Алайда Павлодар клубы бас бапкерді қайтадан Болгариядан іздейтін сияқты. Бұл команданы екі жыл Димитар Димитровтың жаттықтырғанын білесіздер. Ал Болгарияның topsport.bg сайтының ақпаратына сенсек, «Ертіс» Илиан Илиевке «құда түсіп» отырған да секілді...

Автор: Нұрғазы САСАЕВ

Теги: Вячеслав ГрозныйҚазақстан Премьер-лигасыҚазақстан чемпионатыБас бапкерЕуропа лигасы"Ертіс"БюджетKazakhstan Premier LeagueIrtysh PavlodarЛезгинкаVyacheslav Hroznyi

Вернуться назад