Қазақстан жасөспірімдер құрамасы Түркияда ұтылып қалды

Футбол
Қазақстан жасөспірімдер құрамасы Түркияда ұтылып қалды
19 жасқа дейінгі Қазақстан жасөспірімдер құрамасы. Фото: kff.kz
19 жасқа дейінгі еліміздің жасөспірімдер арасындағы құрамасы Түркияда осы елдің бозбалаларынан ойсырай ұтылып қалды.

Бүгін Қазақстан-U19 құрамасы 2018 жылғы Еуропа чемпионатының іріктеу кезеңі аясындағы алғашқы ойынын өткізді. 13-топқа түскен бозбалаларымыз Түркия-U19 құрамасымен кездесіп, 0:3 есебімен ұтылып қалды. Осы топтағы екінші ойында Словакия таланттары Уэльс ұландарн 2:1 есебімен ұтты.

Қазақстан және Түркия жеткіншектер арасындағы ойында есеп 29-минутта ашылды. Өкінішке қарай, бірінші таймның аяғында алаң иелері есепті еселей түсті. Ал ойынның 48-минутында Дарын Сүйінов екінші рет ескерту алып, алаңнан қуылды. Бұдан кейін алаң иелерімен тайталасу оңай болған жоқ. Матч соңында біздің қақпаға тағы бір гол соғылды...

Бұл ойында Қазақстан-U19 құрамасының сапында 17 жастағы Еркебұлан Сейідахмет те ойнады. Биыл астаналық Мәди Жақыпбаев пен ордабасылық Сағадат Тұрсынбай да Қазақстан премьер-лигасы додасында алаңға шығып, тәжірибесін толыстыра түскендей еді...

Алайда Александр Кузнецов жаттықтыратын жасөспірімдер арасындағы құрамамыз түрік топырағындағы алғашқы матчта жеңіліске ұшырады. Енді 10 қараша күні Словакия, ал 13-інде Уэльс таланттарымен кездеседі. Оған дейін бүгінгі жеңілістерінен қорытынды шғарып, сабақ алады деген үміттеміз.

Түркия-U19 – Қазақстан-U19 – 3:0 (2:0)

Голдар: Энгин, 29. Синик, 43. Ялчын, 90+3.

Ескертулер: Мюлдюр, 34 – Сүйінов, 13. Қашкен, 80. Сейідахмет, 88.

Алаңнан қуылды: Сүйінов, 48.

Түркия-U19: Дадакдениз, Гюней, Мюлдюр, Емишджи (Коркут, 46), Берисбек, Энгин (Текин, 72), Гючтекин, Эмюр, Синик (Есер, 81), Ялчын, Октай.

Қазақстан-U19: Устименко, Нұрдәлиев (Құсәпов, 54), Тұрсынбай, Қашкен, Аманжолов, Сүйінов, Жақыпбаев, Астанов (Сағынаев, 62), Кан (Пайруз, 46), Орал, Сейідахмет.

Төрешілер: Федайи Сан, Санджованни (екеуі де – Швейцария), Неделкоски (Македония).

7 қараша. Манавгат. «Арслан Зеки Демирджи».

Ойынның қысқаша статистикасы:

Соққы: 27 – 3
Тура соққы: 7 – 1
Қиыс кеткені: 15 – 1
Тойтарылғаны: 5 – 1
Бұрыштама соққылар: 2 – 6
Офсайдтар: 2 – 3
Ескерту (сары қағаз): 1 – 4
Алаңнан қуылды (қызыл қағаз): 0 – 1
Ереже бұзу: 7 – 15

Автор: Нұрғазы САСАЕВ

Теги: Александр КузнецовҚазақстан құрамасыЕуропа чемпионатыТүркияҚазақстан U-19Еркебұлан Сейідахмет

Вернуться назад