«Ертіс» «Шахтерді» әзер ұтып, Еурокубок жолдамасын жеңіп алды

Футбол
«Ертіс» «Шахтерді» әзер ұтып, Еурокубок жолдамасын жеңіп алды
«Ертіс» – «Шахтер» – 1:0. Фото: shahter.kz
«Ертіс» өз алаңында «Шахтерді» қабылдап, ойынның негізгі уақытына қосылған қосымша минуттарда ғана гол соғып, әупіріммен жеңіске жетті.

Бұл ойын екі команда үшін де маңызды еді. «Ертіс» 4-орынға ие болып, келесі жылы да Еуропа лигасында доп тепкісі келеді. Ол үшін «Шахтерді» қайтсе де, жеңуі керек. Өйткені «Тобыл» «Атыраудың» қақпасына 0-минутта-ақ гол салғанын біледі...

Бірақ «Шахтер» де айылын жияр емес. Ұтылса, алтыншы орыннан айырылады. Өкшесін басқан «Қайсардың» чемпионат соңында тауы шағылған «Таразды» тізе бүктіруі әбден мүмкін. Кеншілер клубы ерке Ертіс жағасында тайталасып, алаң иелерін әбден діңкелетті.

Қарашаның қара суығында 90 минутқа созылған ойын аяқталуға айналды. Төрешінің негізгі уақытқа қосылған қосымша минуттары да жылжып, түгесіліп барады. «Ертіс» жанкүйерлерінің еңсесі түсе бастады. Өйткені қазіргі заманда басқа қаладағы ойынның қалай өтіп жатқанын білу қиын емес. «Тобыл» қарсыласын қиналмай ұтып жатыр. Яғни 4-орынды Қостанай клубы иеленеді...

Алайда «Ертіс» сапында командасын осындай қиын-қыстау сәттерде алға сүйрей алатын бір ойыншы бар еді. Ол – Карлос Фонсека. Португалияның жартылай қорғаушысы соңғы секундтарда ерлік танытып, бір өзі «Шахтердің» қорғаушыларын жаңылыстырып, алдап өтіп, допты қақпаға дөп түсіріді. Гол!

Павлодар жұрты теңселіп кетті. Жанкүйерлері қуанышқа бөленіп, қиқу салды. Ал қосалқы құрам орындығындағы бапкерлері мен ойыншылары зыр жүгіріп, байыз тауып отыра алмады. Фонсека «Ертісті» Еуропа лигасына алып шықты! Енді ше, Еуродода ысқырығы келесі жылы да ерке Ертіс жағасында безілдейді...

«Ертіс» – «Шахтер» – 1:0 (0:0)

Гол: Фонсека, 90+3

Ескертулер: Огиря, 60. Наджарян, 77. Фонсека, 90+3.

«Ертіс»: Калмыков, Есімов, Дәуітов, Стаменкович, Кислицын, Огиря, Родриго (Калинин, 61), Алиев (к) (Шабалин, 74), Фонсека, Бугаев (Дарабаев, 46), Фофана.

Қосалқы құрам: Цирин, Живкович, Маслач, Түлиев, Попов, Смайылов.

«Шахтёр»: Шацкий, Ермеков, Тарасов (к), Дмитренко, Пикалкин (Әлімбаев, 35), Габышев, Зошак (Наджарян, 52), Валента, Стоянович, Шахметов, Хижниченко (Тәттібаев, 82).

Қосалқы құрам: Багинский, Станоевич, Өміртаев, Мангуткин, Воменко.

Төрешілер: Рахымбаев (Алматы), Калачёв, Ходин (екеуі де – Атырау).

05 қараша, 2017. Павлодар, «Орталық». 4000 көрермен.


* Ескерту – «Атыраудан» 3 (үш), ал «Тараздан» 6 (алты) ұпай шегерілген

Автор: Нұрғазы САСАЕВ

Теги: Қазақстан Премьер-лигасыҚазақстан чемпионаты"Шахтер" ФКЕуропа лигасы"Ертіс"Kazakhstan Premier LeagueIrtysh PavlodarShakhter KaragandyUEFA Europa LeagueКарлос Фонсека

Вернуться назад