Арменияны Арарат аңғарында ұттық...

Футбол
Арменияны Арарат аңғарында ұттық...
19 жасқа дейінгі Қазақстан жасөспірімдер құрамасы. Фото: kff.kz
19 жасқа дейінгі еліміздің жасөспірімдер арасындағы құрамасы Ереванда Армения бозбалаларымен кездесіп, 1:0 есебімен жеңіске жетті, деп хабарлайды Қазақстан футбол федерациясының ресми сайты.

Биыл ұлттық құрамамыздың азуы Армения құрамасына батпай қойып еді. 2018 жылғы әлем чемпионатының іріктеу додасында екі рет кездескен-ді. Наурыздың аяғында Ереванде 0:2 есебімен ұтылып, қазан айының басында Астанада 1:1 есебімен тең түскен болатын.

Александр Кузнецов жаттықтыратын Қазақстан-U19 құрамасы ағаларының есесін қайтарыпты. 2018 жылғы Еуропа чемпионатының іріктеу кезеңі қарсаңындағы оқу-жаттығу жиынын бастау үшін Ереванға аттанған бозбалаларымыз жоспарлы жолдастық кездесулерінің біріншісін өткізіпті.

Нақтырақ айтқанда, Қазақстан жасөспірімдер құрамасы Армения-U19 құрамасымен кездесіп, 1:0 есебімен жеңіске жеткен. Жалғыз голды матчтың 41-минутында Мәди Жақыпбаев соғыпты. Осы екі құрама арасындағы екінші жолдастық кездесу ертең, 30 қазан күні өтеді екен.

Осы ойыннан кейін, яғни 31 қазан күні Александр Кузнецовтың шәкірттері Түркияға барып, оқу-жаттығу жиынын жалғастырады. Ал 6 қараша күні Қазақстан-U19 құрамасы 2018 жылғы Еуропа чемпионатының іріктеу кезеңі аясындағы алғашқы ойынын өткізеді.

Александр Кузнецов жаттықтыратын бозбалаларымыз 2018 жылғы Еуропа чемпионатының алғашқы іріктеу кезеңінде 13-топқа түскен. Қарсыластары – Түркия, Словакия және Уэльс құрамалары. Қазақстан-U19 құрамасының ойындар күнтізбесі төмендегідей:

7 қараша: Қазақстан-U19 – Түркия-U19

10 қараша: Қазақстан-U19 – Словакия-U19

13 қараша: Қазақстан-U19 – Уэльс-U19

Енді, осы оқу-жаттығу жиынына аттанған Қазақстан-U19 құрамасының тізімімен таныс болыңыздар:

қақпашылар  Мұхаммеджан Сейсен («Тараз»), Владислав Сазонов («Ертіс»), Данил Устименко («Қайрат»);

қорғаушылар Дінмұхаммед Қашкен, Талғат Құсяпов, Сағи Совет (бәрі де – «Астана»), Нұрәлі Әліп, Айбар Нұрдалиев (екеуі де – «Қайрат»), Ерасыл Аманжол («Атырау»), Санжар Батырханов («Жетісу»), Сағадат Тұрсынбай («Ордабасы»), Қанат Жұпқазиев («Крузейро», Бразилия);

жартылай қорғаушылар – Мәди Жақыпбаев, Сұлтан Сағынаев (екеуі де – «Астана»), Айдос Орал, Жан-Әлі Пайруз (екеуі де – «Шахтер»), Мұхит Жақсылық, Максим Ваганов (екеуі де – «Ордабасы»), Дарын Сүйінов («Қайрат»), Гаврил Кан («Тараз»); 

шабуылшылар Еркебұлан Сейдахмет («Тараз»), Дінмұхамед Қараман («Крузейро», Бразилия), Сұлтанбек Астанов («Қайрат»), Лев Скворцов («Астана»).

Жаттықтырушылар құрамы: 

Александр Кузнецов – аға жаттықтырушы,
Игорь Маштаков – аға жаттықтырушының көмекшісі,
Ерлан Тілеуқұлов – қақпашылар жаттықтырушысы,
Евгений Шевелев – сарапшы.

Автор: Нұрғазы САСАЕВ

Теги: Александр КузнецовҚазақстан құрамасыМәди ЖақыпбаевҚазақстан U-19Еркебұлан СейідахметЕуропа чемпионаты 2018Kazakhstan-U19Almas Kulshinbayev

Вернуться назад