«Ертіс» қақпашысыз қалса да, «Ақтөбемен» тең түсті

Футбол
«Ертіс» қақпашысыз қалса да, «Ақтөбемен» тең түсті
«Ертіс» – «Ақтөбе» – 1:1. Руслан Есімов ойынды қорғаушы ретінде бастаған... Фото: fcirtysh.kz
Сенбі күні ХХХІ турдың үш ойыны өтіп, Ертіс жағасындағы матчтың қызығы мен шыжығы өзгелерінен асып түсті.

Төртінші орыннан айырылып қалмауды ойлап, жанталасып жүрген «Ертіс» премьер-лигадан түсіп қалмауға тырысып, аласұра бастаған «Ақтөбені» қабылдаған. Екі командаға да ұпай ауадай қажет. Сондықтан екеуі де өте сақ болуға, мұқият ойнауға тырысты.

Шектен тыс сақ болудың салдарынан гол соққаннан гөрі, өз қақпаларына доп жіберу алмау маңызды болғандай. Алма-кезек шабуылмен өткен кездесудің аяғына дейін есеп ашылған жоқ. Тартысты ойынның бар қызығы матч соңында басталды.

Ойынның 63-минутында Аслан Дарабаев жарақат алып қалып, алаң иелері оның орнына басқа ойыншы шығаруға мәжбүр болды. Бұған дейін екі ойыншысын ауыстырып үлгерген (Пиралы Алиевті де жарақатына байланысты) «Ертіс» қызықтың көкесі алда екенін дәл сол кезде сезген де жоқ, әрине...

73-минутта «Ақтөбе» айып соққысын орындау құқығына ие болып, Томаш Шимкович допты әуелете алға асырған. Давид Лория ұшып келе жатқан допты тік секіріп, оң-оңай қағып алды... Бірақ жерге қайта түскенінде, аяғын шалыс басты ма, әйтеуір жарақаттанып қалды. Дәрігерлер оны да зембілге салып, алып кетті...

«Ертіс» үш ойыншы ауыстырып қойған. Енді не істейді!? Лорияның қолғабы мен жейдесін Руслан Есімов киді. Әрі бірнеше рет алаң иелерін қысылтаяң сәттерде құтқарды. Допты қағып та алды, қонақтардың қауіпті шабуылдарын тойтарды да. Бұл жерде Русланның футболды дәл осы шепте бастап, жас кезінде қақпашы болғанының пайдасы тиді.

Қызық болғанда, Марко Обрадович Есімовпен бетпе-бет шығып, гол соға алмады. Руслан допты алаң сыртына шығарып жіберді. Ал Фонсека «Ақтөбенің» қақпашысымен көзбе-көз келіп, айласын асыра алмай, пұшайман болды. Сөйтіп екі команда да тамаша мүмкіндікті мүлт жіберіп алды.

Дегенмен, көп ұзамай, қонақтар есеп ашты. Ойынның негізгі уақытына қосылған қосымша минуттар болатын. Қақпадағы Есімовтің тойтарған, қорғаушының қайтарған добын Томаш Шимкович шірене теуіп, қақпа маңдайшасының астынан кіргізді.

Алайда, «Ертіс» жасыған жоқ. Керісінше, тайлы-таяғымен алға қарай лап қойып, бірден таразы басын теңестірді. Әуелеп ұшқан допқа Фонсека мен «Ақтөбенің» қорғаушысы Жереми Фог-Поррье қатарласа секіріп, екеулеп... қақпаға дәл түсірді.  

Сөйтіп, бұл ойын тең аяқталды. Қайсысы екі ұпай жоғалтты? Дөп басып айту қиын. «Ертіске» ойынның басында гол соғып алу керек еді. Ал «Ақтөбе» 12-15 минуттай артық құрамда ойнап, қақпашысыз қалған қарсыласын жеңіп кете алмағандарына тек өздерін кінәлаулары керек сияқты...


«Ертіс» – «Ақтөбе» – 1:1 (0:0)

Голдар: Шимкович, 90+3 (0:1). Фог-Поррье, 90+7-автогол (1:1).

Ескертулер: Шимкович, 30. Алиев, 32. Огиря, 72. Кислицын, 75. Фог-Поррье, 75.

«Ертіс»: Лория (к), Живкович (Шабалин, 46), Стаменкович, Кислицын, Есімов, Огиря, Алиев (Дәуітов, 69), Дарабаев (Бугаев, 64), Родриго, Фонсека, Фофана.

Қосалқы құрам: Калмыков, Маслач, Попов, Смайылов, Калинин, Түлиев.

«Ақтөбе»: Сидельников (к), Фог-Поррье, Симович (Қайыров, 17), Колчак, Кәкімов, Валиуллин, Шестаков, Шурыгин (Савич, 82), Шимкович, Нейн Еоне, Зенькович (Обрадович, 54).

Қосалқы құрам: Отарбаев, Муарем, Сәулет, Айтбаев, Жұмағали, Айымбетов.

Төрешілер: Искаков (Астана), Попов (Өскемен), Лабашов (Атырау).

21 қазан, 2017. Павлодар, «Орталық». 2500 көрермен.


* Ескерту: «Атыраудан» 3 (үш), ал «Тараздан» 6 (алты) ұпай шегерілген

Автор: Нұрғазы САСАЕВ

Теги: Давид ЛорияТомаш ШимковичҚазақстан Премьер-лигасыҚазақстан чемпионаты"Ақтөбе""Ертіс"ЖарақатФонсекаҚақпашыKazakhstan Premier LeagueIrtysh PavlodarFC AktobeРуслан Есімов

Вернуться назад