«Қайратты» Беларустің «Сталицасы» сабасына түсірді

Футбол
«Қайратты» Беларустің «Сталицасы» сабасына түсірді
«Қайрат» – «Сталица» – 3:5. Фото: prosports.kz
«Қайрат» футзал клубы УЕФА кубогы аясында «Сталица» клубын 3:0 есебімен ұтып жатып, бес гол жіберіп алып (!)... ұтылып қалды.

«Қайрат» УЕФА кубогының негізгі кезеңінде 1-топқа түскен болатын. Бұл топтың ойындары Минскіде өтті. Қазақстан чемпионы алғашқы екі ойынында «Пескара» (Италия) және «Динамо» (Ресей) клубтарын ұтып, келесі кезеңде бақ сынау құқығына ие болған. Алайда Беларусь астанасындағы соңғы ойынында жеңілістің кермек дәмін татты.

Ашығын айтсақ, «Сталица» өз жерінде таң қалдырды. Әуелі Ресейдің «Динамосынан» 1:3 есебімен ұтылып жатып, матч соңында қамшыны басты. Төрт минуттан сәл ғана асатын уақытта төрт гол соғып, жеңісті жұлып алды. Одан кейін Италияның «Пескарасын» 6:4 есебімен тізерлетті.

«Сталица» «Қайратқа» да дес берген жоқ. Ойынның бірінші минутынан бастап, табан тіресе тайталасты. Дуглас пен Тайеби ескертулеріне байланысты алаңға шыға алмаса да, құрамында тәжірибелі ойыншылары көп Қазақстан чемпионы бірінші таймда бір гол соқты. Есепті 14-минутта Шыңғыс Есенаманов ашты. Бірақ 19-минутта Першин пенальти соға алмады.

Екінші тайм басталған бетте «Қайрат» екі гол соғып, алаң иелерін сеңдей соғыстырды. Әуелі Даниэл Роса, іле-шала Шыңғыс Есенаманов мергендік танытып, есеп 3:0 болды. Қазақстан чемпионы «осымен бітті, жеңіс қолда» деп ойлаған да секілді.  

Ал «Сталица» ойыншылары мүлде бұлай ойламады. Мұндай есеп те олардың сағын сындыра алмады. Керісінше, Беларусь клубы қарқынын үдетті. Аянар емес. Жанкүйерлері қиқу салып, алаң иелері жанкештілік танытты. Тайлы-таяғымен алға қарай лап қойды.

Сонымен не керек. «Сталица» ойранды салды. Ойын аяғына дейін бес гол соғып, «Қайратты» сан соқтырды. Алыстан да соқты, жақыннан да енгізді. Қақпашының екі аяғының арасынан да өткізді. Қақпа тоғыздығын да дәл көздеді. Көсіле шапты...

«Қайрат» – «Сталица» – 3:5 (1:0)

Голдар: Есенаманов, 13:57. Даниэл Роса, 22:14. Есенаманов, 23:21 – Лазюк, 25:33. Морено, 25:51. Н.Грицина, 37:24. Черник, 38:56. Королишин, 39:30.

Пенальти соға алмады: Першин, 19.

Ескертулер: Тайнан, 13 – Чибисов, 18. Горбенко, 23. Морено, 40.

«Қайрат»: Дуду, Сүлейменов, Тайнан, Алешандре, Даниэл Роса, Игита, Жаманқұлов, Есенаманов, Нұрғожин, Лео, Дрот, Першин.

«Сталица»: Чурилин, Ольшевский, Черник, Морено, Королишин – Поляков, Чибисов, Лазюк, Бето, Жданович, Н.Грицина, Горбенко, М.Грицина, Щербич.

Төрешілер: Тони Лехтинен (Финляндия), Даниэл Децу (Румыния), Хавьер Морено Рейна (Испания).

14 қазан. Минск. «Уручье» СС.

Ойынның қысқаша статистикасы:

Соққы: 44 – 28
Тура соққы: 21 – 15
Қиыс кеткені: 15 – 9
Тойтарылғаны: 8 – 4
Қақпа бағанасы: 1 – 1
Бұрыштама соққылар: 2 – 3
Ескерту (сары қағаз): 1 – 3
Ереже бұзу: 7 – 9

УЕФА кубогы. 1-топ, қорытынды кесте


1-күн
«Қайрат» – «Пескара» (Италия) – 5:1
«Сталица» (Беларусь) – «Динамо» (Ресей) – 5:3

2-күн
«Қайрат» (Қазақстан) – «Динамо» (Ресей) – 7:2
«Сталица» (Беларусь) – «Пескара» (Италия) – 6:4

3-күн
«Пескара» (Италия) – «Динамо» (Ресей) – 5:3
«Қайрат» (Қазақстан) – «Сталица» (Беларусь) – 3:5


Автор: Айқын ЖАППАР

Теги: футзал"Қайрат" ШФКУЕФА кубогыШыңғыс Есенаманов"Сталица" БеларусьUEFA Futsal CupAFC Kairat

Вернуться назад
★ Вы можете разместить вашу рекламу на нашем сайте. Напишите нам на whatsapp нажав на эту ссылку