Армения құрамасы Астанаға ұшып келді

Футбол
Армения құрамасы Астанаға ұшып келді
Армения футболшылары Астанаға келді. Фото: kff.kz
Армения құрамасының футболшылары мен жаттықтырушылары Астанаға ұшып келді. Ертең олар Қазақстан ұлттық құрамасымен додаға түседі.

2018 әлем чемпионатының Еуропадағы електік додасы көмбесіне жатып қалды. «Е» іріктеу тобындағы құрамалар ертең соңғы ойындарын өткізеді. Үш ойынның бірі Астанада өтіп, Қазақстан ұлттық құрамасы Армения футболшыларын қабылдайды.

Екі құрамада «Е» тобының – аутсайдерлері. Әрі ертеңгі ойын қалай аяқталса да, Қазақстан ұлттық құрамасы Армения құрамасын қуып жете алмайды. Алтыншы орында қалады. Бірақ өз жанкүйерлеріміз алдында 2018 әлем чемпионатының іріктеу турнирін жеңіспен аяқтауға тырысулары керек...

Армения құрамасы осыдан екі күн бұрын, өз алаңында Польша футболшыларынан 1:6 есебімен оңбай ұтылып қалған. Енді олар осы жеңілістерінің кездейсоқ сәтсіздік екендігін «Астана-Арена» стадионында дәлелдеуге тырысады. Ереваннан шықпай тұрып, дәл осылай деген. Ал Қазақстан құрамасына жеңіс ауадай қажет-ақ...

Ресей маманы Александр Бородюк келгелі жеңілістен көз ашпай, алты рет ұтылған ұлттық құрама соңғы ойында барын салуы керек. Өйткені жанкүйерлер жеңіске сусап отыр. Төзімдері әбден таусылған. Өз алаңымызда Армениядан ұтылса, сынап-мінеу былай тұрсын, енді табалауға көшетін шығар...

Өкінішке қарай, Қазақстан ұлттық құрамасының сапы әбден селдіреп қалды. Өздеріңіз білесіздер, жарақаттарына байланысты Серікжан Мұжықов, Дмитрий Шомко, Бауыржан Исламхан, Георгий Жуков, Темірлан Ерланов, Александр Марочкин, Александр Мокин сынды футболшыларымыз Румынияға бармай қалған.

Плоешти қаласындағы «Илие Оанэ» стадионында өткен Румыния – Қазақстан кездесуінде үш ойыншымыз ескерту алып, екеуі келесі ойында алаңға шыға алмайтын болып қалды. Әрі жарақат алып қалғандары да бар көрінеді...

Автор: Айқын ЖАППАР

Теги: Генрих МхитарянҚазақстан құрамасыҰлттық құрамаӘлем чемпионатыІріктеу ойындарыKazakhstan national football teamАрмения құрамасыFIFA World Cup Qualification

Вернуться назад