Қазақстан жастары Болгарияда тең түсті

Футбол
Қазақстан жастары Болгарияда тең түсті
Қазақстан жастар құрамасы. Фото: kff.kz
Қазақстан жастар құрамасы 2019 жылғы Еуропа чемпионатының іріктеу турнирі аясында төртінші ойынын өткізіп, Болгария-U21 құрамасымен тең түсті.

Владимир Никитенко жаттықтыратын Қазақстан-U21 құрамасы 2019 жылғы Еуропа чемпионатының 9-іріктеу тобындағы кезекті ойынын Стара-Загора қаласында өткізіп, Болгария жастарымен тең түсті. Тартысты өткен ойын 2:2 есебімен аяқталды.

Алаң иелері матчты жоғары қарқында бастап, шабуылды үдете түсті. Қазақстан жастарын қыспаққа алып, 9-минутта есеп ашты. Әріптесінің басымен пас беріп, аяғына салып берген добын Кирил Десподов қақпаға дәлдеп тепті. Ал Біздің жігіттер қорғаныста мұқият ойнауға тырысып, қарсы шабуылдарға иек артты.

Әрі көп ұзамай таразы басын теңестірді. Максим Федин оң қапталмен атойлап алға шауып, Болгария қорғаушысын оп-оңай алдап өтті де, допты көлбеулете қақпаның өкпе тұсында тұрған Дидар Жалмұқанға бере қойды. Капитан шірене теуіп, қақпаның оң жақ бұрышын дәл көздеді.

Өкінішке қарай, екінші таймның басында Қазақстан-U21 құрамасы өз қақпамызға гол соғып алды деуге де болады. Қорғаушыларымыздың бірінің баспен ұрып, кері қайтармақ болған добы, екінші қорғаушымыздың басына тиіп, бағытын өзгертіп, одан кейін болгар шабуылшысы Тонислав Йордановтың иығына тиіп, қақпа ішінен бір-ақ шықты.

Бұдан кейін де алаң иелері тыным таппай, шабуылдаумен болды. Бірақ матчтың аяғына қарай титықтап қалды. Мұны Қазақстан жастары қалт жіберсін бе, енді қонақтар атойлап алға қарай лап қойды. Біздің жігіттердің кезекті бір шабуылын тек ойын ережесін бұзумен тоқтатқан Ангел Лясков алаңнан қуылды. Болгария жастары кем құрамда қалды.

Іле-шала Қазақстан жастары таразы басын тағы да теңестірді. Екінші таймда алаңға шыққан Оралхан Өміртаев техникалық шеберлігін паш етіп, Болгария қорғаушылары мен қақпашысын қапы қалдырды. Әрі Владимир Никитенконың шәкірттері шабуылды үдете түсті.

Алайда, тағы бір гол соғып, жеңісті жұлып әкетудің сәті түспей қойды. Ал мүмкіндіктер болды. Қазақстан премьер-лигасында шыңдалған Федин және Перцух сынды таланттарымызға жеңіс голын соғу бағы бұйырмады. Әйтсе де, Қазақстан жастары Болгариядан бір ұпай олжалады.

Болгария-U21 – Қазақстан-U21 – 2:2 (1:1)

Голдар: Десподов, 9 (1:0). Жалмұқан, 20 (1:1). Йорданов, 51 (2:1). Өміртаев, 86 (2:2)

Ескертулер: Петков, 29. Лясков, 36. Христов, 52 – Федин, 36. Қалмұратов, 50.

Алаңнан қуылды: Лясков, 84 (екінші ескерту).

Болгария-U21: Крастев, Петков (Крастев, 46), Христов, Велков (к), Лясков, Карабелев, Костадинов, Ивайлов, Георгиев, Десподов, Димитров (Йорданов, 46).

Қазақстан-U21: Колбунцов, Соколенко, Әбілғазы, Мәжитов, Қалмұратов (Люхай, 81), Сламбеков (Наджарян, 81), Әбікен, Зайнутдинов (Өміртаев, 63), Перцух, Федин, Жалмұқан.

Төрешілер: Балакин, Матяш, Скрипка (бәрі де – Украина).

6 қазан. Стара-Загора. «Трейс Арена».

Ойынның қысқаша статистикасы:

Соққы: 10 – 10
Тура соққы: 4 – 3
Қиыс кеткені: 4 – 5
Тойтарылғаны: 2 – 2
Бұрыштама соққылар: 0 – 9
Офсайдтар: 3 – 6
Ескерту (сары қағаз): 5 – 3
Алаңнан қуылды (қызыл қағаз): 1 – 0
Ереже бұзу: 17 – 10

Автор: Нұрғазы САСАЕВ

Теги: Владимир НикитенкоМаксим ФединҚазақстан құрамасыЕуропа чемпионатыЖастар құрамасыДидар ЖалмұқанІріктеу ойындарыОралхан ӨміртаевҚазақстан-U21Euro-2019Kazakhstan U-21Vladimir Nikitenko

Вернуться назад
★ Вы можете разместить вашу рекламу на нашем сайте. Напишите нам на whatsapp нажав на эту ссылку