Испан «ертегісі» аяқталды – «Қайрат» Ертіс жағасында екі ұпай жоғалтты

Футбол
Испан «ертегісі» аяқталды – «Қайрат» Ертіс жағасында екі ұпай жоғалтты
«Ертіс» – «Қайрат» – 1:1.Фото: fcirtysh.kz
Қазақстан премьер-лигасының ХХІХ туры «Ертіс» – «Қайрат» кездесуімен басталып, тартысты өткен ойын тең аяқталды.

Тізгінін Испания маманы Карлос Алос Феррер ұстағалы, Алматының «Қайраты» ұпайдан шашау шығармай, сегіз рет жеңіске жеткен болатын. Содан тіпті чемпиондық атаққа «тәбеттері» қайта шауып, саф алтын туралы да ойлай бастаған... Алайда, бүгін қаһарлы «Қайрат» ерке Ертіс жағасында сүрінді. Павлодарда жергілікті «Ертіспен» 1:1 есебімен тең түсті.

Жалпы, биыл Алматы клубының «Ертіске» азуы батпай-ақ қойды. 4 сәуірде ХVІІІ турдың ойынын мерзімінен бұрын өткізіп, Алматыда тура осындай есеппен (1:1) тең түскен. Ал 23 сәуір күні ХVІІІ турдағы Павлодарда өткен тартысты ойында 3:3 есебімен тағы да ұпай бөлісті. Бүгін үшінші рет итжығыс түсіп отыр.

«Қайрат» тіпті ұтылып та қала жаздады. Алайда, Алматы клубының бағына орай, алаң иелері бірнеше тамаша мүмкіндіктерін мүлт жіберіп қойды. Осы ретте, қонақтардың бір тайм кем құрамда ойнағандарын айта кеткен жөн болар. Бірінші таймның аяғында Елдос Ахметов артындағы Беко Фофананы қағып жіберіп (қолын сілтеп қалып), екі мәрте ескерту алып, алаңнан қуылды...

Ал бұған дейін екі команда бір голдан соғып үлгерген болатын. Бірінші таймның ортасында Фонсека Аслан Дарабаевтың көлбеу теуіп, аяғына салып берген добын қақпаға дәл бағыттады. Іле-шала Жерар Гоу «Ертістің» қорғаушыларынан сытылып кетіп, таразы басын теңестірді.

Екінші таймда «Қайрат» қорғанысқа көп көңіл бөліп, қарсы шабуыл ұйымдастырып отыруға тырысты. «Ертіс» бір ойыншысы кем қонақтарын тықсырумен болды. Бірақ екеуі де гол соға алмады. Негізі, екі команданың да мүмкіндіктері болған...

«Ертіс» – «Қайрат» – 1:1 (1:1)

Голдар: Фонсека, 23 (1:0). Гоу, 28 (1:1).

Ескертулер: Арзо, 29. Аршавин, 29. Фонсека, 35. Есімов, 39. Ахметов, 45+1. Огиря, 73. Анене, 90+2.

Алаңнан қуылды: Ахметов, 45+1.

«Ертіс»: Лория (к), Есімов, Маслач, Дәуітов, Стаменкович, Живкович, Огиря, Дарабаев, Шабалин (Попов, 77), Фонсека, Фофана (Бугаев, 88).

Қосалқы құрам: Калмыков, Қапанов, Смайылов, Түлиев, Кислицын, Баркунов, Құдайбердінов.

«Қайрат»: Плотников, Ахметов, Арзо, Бато, Соколенко (Рудосельский, 46), Элек (Анене, 88), Қуат (к), Парагульгов, Исаэль, Аршавин, Гоу.

Қосалқы құрам:  Покатилов, Люхай, Шушеначев, Әбікен, Балтабаев.

Төрешілер: Измайлов (Талдықорған), Тихонюк (Ақтөбе), Шәріпов (Атырау).

30 қыркүйек, 2017. Павлодар, «Орталық». 3000 көрермен.


Автор: Нұрғазы САСАЕВ

Теги: Карлос Алос ФеррерЕлдос АхметовЖерар ГоуҚазақстан Премьер-лигасыҚазақстан чемпионаты"Қайрат""Ертіс"ФонсекаKazakhstan Premier LeagueKairat AlmatyIrtysh Pavlodar

Вернуться назад
★ Вы можете разместить вашу рекламу на нашем сайте. Напишите нам на whatsapp нажав на эту ссылку