«Тобыл» және «Ордабасы» – Ресей бапкерлері тең түсті

Футбол
«Тобыл» және «Ордабасы» – Ресей бапкерлері тең түсті
«Тобыл» – «Ордабасы» – 0:0. Фото: fctobol.kz
«Ордабасы» «Тобылды» үшінші мүмкіндігінде де ұта алмады. Бұл жолы Ресей бапкерлері жаттықтыратын командалар ұпай бөлісті.

Биыл «Ордабасы» клубының «Тобылға» азуы батпай-ақ қойды. Сәуір айында екі рет кездесіп, екеуінде ұтылып қалды. Әуелі ХVІІІ турдың ойыны мерзімінен бұрын өткізіліп (4 сәуірде), түзде 0:1 есебімен есе жіберді. Он тоғыз күннен кейін өз алаңында 1:2 есебімен ұтылып қалды.

Бүгінгі ойында екі команда алма-кезек шабуылдап, бір-бірінің қорғанысын піспектеп көрді. «Ордабасы» клубының қақпашысына кейбір сәттерде өзіңнің бар шеберлігін паш етуге де тура келді. Алайда алаң иелері де, қонақтар да гол соға алмай, таблодағы нөльдер өзгеріссіз қалды.

Қайсысы бір ұпай олжалап, қайсысы екі ұпай жоғалтты? Әрине, «Тобыл» қола жүлдеге қол жеткізуді көздесе, өз алаңында жеңіске жетуі керек еді. Бірақ оңтүстікқазақстандықтарды енді қуып жете алмайтындарына өздері де сенбейтіндей. Тіпті мойынсұнғандай да ма?.. Енді тек төртінші орыннан айырылып қалмауды ойлау керек.

«Ордабасы» да бәрін ойластырып, есептеп отырған шығар. Енді «Астана» мен «Қайратты» қуып жету мүмкін емес десе де болады. Ізіне түскен командалардың ішінде тек «Тобылдан» қауіптенеді. «Ертістің» ендігі жағдайы белгілі болып та қалды. Сондықтан қазіргі басты бәсекелесі болып отырған Қостанай клубынан ұтылмаса болды...

Бүгінгі матчтан кейінгі баспасөз жиынында «Ордабасы» клубының бас бапкері Алексей Петрушин де, «Тобылдың» бас жаттықтырушысы Роберт Евдокимов те тең ойынға ырза екендерін сездіргендей болды. Шымкент клубын енді қола жүлделерімен құттықтай берсе де болатын шығар.

«Тобыл» – «Ордабасы» – 0:0

Ескертулер: Жулпа, 37. Нөсербаев, 44. Шиков, 49. Жалмұқан, 65.

Алаңнан қуылды: Жулпа, 79 (екінші ескерту)

«Тобыл»: Непогодов, Мирошниченко, Кассай, Шиков, Жулпа, Мухутдинов (к), Квеквескири, Ллуллаку (Сартаков, 79), Жалмұқан (Молдақараев, 84), Жұмасқалиев (Жарынбетов, 64), Щеткин.

Қосалқы құрам: Бұсырманов, Вух, Бекич, Гурман, Джалилов, Жақыпов.

«Ордабасы»: Нурмухаметов, Симчевич, Смаков, Ерланов, Бочаров, Диакате, Ковальчук, Петрак (Тұңғышбаев, 72), Каньяс, Нұрғалиев (к), Нөсербаев.

Қосалқы құрам: Бекбаев, Гейнрих, Йорданов, Вуяклийа, Әшірбеков, Мұхтаров, Қожабаев, Жұмаханов.

Төрешілер: Омаров, Васютин, Қошқаров (бәрі де – Алматы).

16 қыркүйек, 2017. Қостанай, «Орталық». 5000 көрермен.



Автор: Айқын ЖАППАР

Теги: Роберт ЕвдокимовАлексей ПетрушинҚазақстан Премьер-лигасыҚазақстан чемпионаты"Тобыл""Ордабасы" ФКKazakhstan Premier LeagueTobol KostanayOrdabasy Shymkent

Вернуться назад
★ Вы можете разместить вашу рекламу на нашем сайте. Напишите нам на whatsapp нажав на эту ссылку