«Ақжайық» «Ертістің» қақпасына пенальтиден де гол соға алмады

Футбол
«Ақжайық» «Ертістің» қақпасына пенальтиден де гол соға алмады
«Ақжайық» – «Ертіс» – 0:1. Фото: fcirtysh.kz
«Ақжайық» Оралда «Ертістің» қақпасына пенальтиден де гол соға алмай, 0:1 есебімен ұтылып қалды.

Көш соңындағы «Ақжайық» соңғы турларда нәтижелі ойын өрнегін көрсете алмай жүрген «Ертістен» ұтылып қалды. Ашығын айтуымыз керек, Батыс Қазақстан облысы клубы екінші айналымды өте сәтсіз өткізді. Бірде-бір ойында жеңіске жете алмады. Үш рет тең түсіп, қалған ойындарда ұтылды...  

Соңғы екі турда өз алаңында «Тобыл» мен «Шахтерге» есе жіберіп алған Павлодар клубы екінші айналымды Жайық жағасында жеңіспен аяқтады. Бірінші таймның басында «Ақжайық» қорғаушыларының қателігін пайдаланып, бір гол соғып алды да, содан кейін жеңісті есепті уысынан шығармай, Оралдан үш ұпай олжалап қайтты.

Негізі бұл ойында «Ақжайықтың» гол соғатын мүмкіндігі болған. «Ертіс» есеп ашқан соң алаң иелері алға қарай лап қойып, пенальти соғу мүмкіндігіне ие болды. Сол қанаттан алға ентелеген Азат Ерсәлімовті қонақтардың қорғаушылары жейдесінен тартып құлатты. Төреші 11-метрлік айыр соққысы нүктесін нұсқады.

Бұл жолы пенальтиді орындауға Коронель Ортиз шықты. Бұлай дейтін себебіміз, ХІХ турда «Ақжайық» «Қайратты» қабылдағанда, Юрий Перцух 87-минутта 11-метрден мүлт кетіп, есепті теңестіре алмаған. Алайда Парагвай футболшысының Давид Лорияның үстінен асыра салмақ болған добы қақпа маңдайшасына тиіп кері қайтты...

Сөйтіп, «Ертіс» Игорь Бугаев соққан жалғыз голымен-ақ Жайық жағасынан үш ұпай олжалап қайтты. Әрі төртінші орынға көтерілді. Үшінші орындағы «Ордабасы» клубынан жеті ұпайы кем. Әйтсе де, қола жүлдеге таласатын мүмкіндігі бар, әлі...

«Ақжайық» – «Ертіс» – 0:1 (0:1)

Гол: Бугаев, 18.

Пенальти соға алмады: Коронель Ортиз, 29.

Ескертулер: Бугаев, 11. Говедарица, 38. Перцух, 87.

«Ақжайық»: Котляр, Ерсәлімов, Николич, Одибе, Сапанов (к), Говедарица, Коронель Ортиз (Аренас, 46), Перцух, Шабаев (Тапалов, 73), Антипов (Главина, 65), Дудченко.

Қосалқы құрам: Төлебаев, Сапарбекұлы, Зұлпықаров, Аяғанов, Болатов.

«Ертіс»: Лория (к), Дәуітов (Есімов, 70), Маслач, Стаменкович, Кислицын, Живкович, Родриго, Гетериев (Попов, 46), Дарабаев, Фофана (Огиря, 80), Бугаев.

Қосалқы құрам: Калмыков, Смайылов, Түлиев, Калинин, Алиев, Шабалин.

Төрешілер: Сахи (Қызылорда), Калачев (Атырау), Тихонюк (Ақтөбе).

30 шілде. Орал, П.Атоян атындағы. 1200 көрермен. 


Автор: Айқын ЖАППАР

Теги: Қазақстан Премьер-лигасыҚазақстан чемпионаты"Ертіс""Ақжайық"Kazakhstan Premier LeagueAkzhayik OralIrtysh Pavlodar

Вернуться назад
★ Вы можете разместить вашу рекламу на нашем сайте. Напишите нам на whatsapp нажав на эту ссылку