Гранаткин мемориалы – Қазақстан қырандарына бұйырғаны күміс жүлде

Футбол
Гранаткин мемориалы – Қазақстан қырандарына бұйырғаны күміс жүлде
Қазақстан жеткіншектері Гранаткин турнирінде күміс жүлде жеңіп алды. Фото: granatkin.com
Санкт-Петербургте ХХІХ "Гранаткин мемориалы" халықаралық турнирі тәмамдалды. Финалда Қазақстан бозбалалары Ресей U-19 құрамасына 0:1 есебімен есе жіберіп алды.

Финалда Қазақстан құрамасының жолы болмады. Топтық ойындардан кейін құрама капитаны Дінмұхамед Қашкен өз клубының, яғни «Астана» ұжымының оқу-жаттығу жиынына кетуге мәжбүр болды. Әу бастағы келісім солай екен...

Өздеріңіз білесіздер, жартылай финалдағы, гректермен өткен матчта енді көсіле сілтей бастаған Жанәлі Пайруз алаңнан қуылып (екі рет ескерту алып), финалда ойнау құқығынан айырылған.

Бұларға «Астана» клубының екі жартылай қорғаушысының Нева жағалауына мүлдем бара алмағандарын қосыңыздар. Айтпағымыз, финалда Қазақстан U-19 құрамасы ең үздік ойыншыларын алаңға шығара алмады. Құрамдары селдіреп қалды...

Әйтсе де, Александр Кузнецовтің шәкірттері намысты қолдан берген жоқ. Матч басталған бетте ресейліктерід өз қақпаларына қарай тықсырып та тастады. Екі рет допты ойынға бұрыштан қосып, қауіп төндірді.

Ал Ресей футболшылар ойын ережесін дәміл-дәміл бұзып, дөрек ойнай бастады. Бәлкім, қателесерміз... Бірақ бізге солай көрінді. 11-нөмірлі ойыншысына сары қағаз көрсетсе де болушы еді... Бір рет тіпті екі құраманың ойыншылары итерісіп-сілкілесіп, дауласып та алды...

Ойынның ортасына қарай ресейліктер қарқындарын үдетіп, атойлап алға шапты. Алаң иелерінің осындай шабуылдарының бірінде біздің қақпаның алды опыр-топыр, абыр-сабыр болып, қақпашымыз доптан көз жазып қалды. Ресейдің бір қорғаушысы допты алыстан шірене теуіп, гол соғып кетті.

Бұдан кейін біздің құрама әдеттегідей, қарсыласын қарсы шабуылдарымен қапы қалдыруға тырысты. Бірақ таразы басын теңестірудің сәті түспей-ақ қойды. Әйтсе де, біздің жігіттер допты ұршықша үйіріп, Ресей қорғанысын піспектеп отырды.

Екінші таймда да Қазақстан қырандары есепті теңестіруге әрекет жасаумен болды. Әрі қорғаныста да мұқият ойнап, Ресей жеткіншектерінің шабуылдарын тойтарып отырды.

Матч соңында алаң иелері осы есепті уыстарынан шығармауды ғана ойлағандай. Ал біздің жігіттер соңғы минуттарда жылдамдықтарын үдете түсіп, жиі шабуылдап отырды. Бірақ гол соғудың орайы келмей қойды.

Осылай матч 0:1 есебімен аяқталды. Бізге бұйырғаны күміс жүлде болды. Алтын Ресейдің өзінде қалды. Гранаткин турнирі тарихында 14-орыннан (2015 жылы) жоғары көтеріліп көрмегенімізді ескерсек, әрине, күміс жүлде – ерен жетістік.

Ең бастысы, енді жас таланттарымыздің өздеріне деген сенімділіктері арта түседі деп үміттенеміз. Бұғаналары енді бекіп келе жатқан бозбалаларымыз осы беттерінен қайтпаса, мұндай турнирлерде жеңіске де жетерміз. Соған жеткізсін.


Финалдан көрініс. Фото: granatkin.com

Қазақстан U-19 – Ресей U-19 – 0:1

Голдар: Поляков 27 

Ескертулер: Күсепов, 35 – Вебер, 35. Каккоев, 36. Евгеньев, 52. Поляков, 74.

Қазақстан U-19: Устименко, Аманжол, Батырханов, Кузнецов, Күсепов, Жақсылық (Скворцов, 60), Кан, Орал, Астанов (Құдайбердінов, 83), Сүйінов (Тұзақбаев, 83), Сейідахмет.

Ресей U-19: Ломаев, Евгеньев, Каккоев, Поляков, Поярков, Уткин, Вебер, Глушенков, Глушков (Яковлев, 59), Лацевич (Денисов, 80), Цыпченко.

Төрешілер: Сиденков, Рунов, Семенов, Зияков (бәрі де – Ресей)
21 қаңтар 2017 жыл, Санкт-Петербург

Автор: Нұрғазы САСАЕВ

Теги: Александр КузнецовҚазақстан құрамасыКүміс жүлдеГранаткин мемориалыҚазақстан U-19Еркебұлан Сейідахмет

Вернуться назад