«Ертіс» өз алаңында бірінші рет «Шахтерге» есе жіберіп алды

Футбол
«Ертіс» өз алаңында бірінші рет «Шахтерге» есе жіберіп алды
«Ертіс» – «Шахтер» – 1:2. Фото: fcirtysh.kz
«Ертіс» ХХІ турда «Шахтерді» қабылдап, 1:2 есебімен ұтылып қалды. Бірінші болып гол соқса да, Павлодарда бірінші рет кеншілер клубына есе жіберіп алды.

Кеше «Тобыл» түзде «Астанадан» ұтылған. Бүгін «Ертістің» өз алаңында үш ұпай еншілеп, Қостанай клубының алдын орап кететін тамаша мүмкіндігі бар еді. Алайда Павлодар клубы екінші рет қатарынан өз алаңында ұтылып отыр. Бүгін «Шазтерге» есе жіберіп алды.

Бірінші таймда «Ертіс» басымдық танытқан болатын. Карлос Фонсеканың сол қанаттан әуелете тепкен добы қақпа ішіне кіріп, қайта шығып алаң иелері есеп ашқан. Бұдан кейін Павлодар клубының футболшылары «жеңіс қолымызда» деп ойлады ма, қарқындарын бәсеңсітіп алды.

Екінші таймда «Шахтер» шабуылды үдетті. Алаң иелерін тықсырып, қауіп төндірумен болды. 65-минутта Милан Стоянович айып соққысын орындап, допты доғаша иіп, «Ертістің» қақпасының алыс бұрышына дәл түсірді. Қорғаушылар ла, қақпашы да қапы қалды...

Бұл гол кеншілер клубын қанаттандырып жібергендей болды. Қонақтар айылдарын жимай, атойлап алға шапты. Бір Хижниченконың өзінің гол соғатын бірнеше мүмкіндігі болды. Алайда, ұрымтал жерден мүлт кетіп, өкінштен өзегі өртене жаздады...

Әйтсе де, матч соңында бағы жанып, гол соқты. «Ертістің» қорғаушылары жоқ жерден қателесіп, «Шахтердің» ойыншылары допты тартып алып, ширақ қимылдады. Допты дер кезінде бір-біріне бере қойып, алаң иелерінің қорғаушылары мен қақпашысын жаңылыстырды. Әрі гол соғып, жеңісті жұлып алды.

Уақыт аз қалған. «Ертіс» тайлы-таяғымен алға қарай лап қойды. Тіпті қақпашы Лорияның өзі бұрыштама соққысы кезінде «Шахтердің» қақпасын нысанаға алып көрді. Бірақ алаң иелері таразы басын теңестіре алмады. Үш ұпай қонақтарға бұйырды.

«Ертіс» – «Шахтер» – 1:2 (1:0)

Голдар:  Фонсека, 20 (1:0). Стоянович, 65 (1:1). Хижниченко, 82 (1:2).

Ескертулер: Станоевич, 39. Живкович, 45. Габышев, 45. Фонсека, 73. Хижниченко, 83.

«Ертіс»: Лория (к), Есімов, Кислицын, Маслач (Бугаев, 74), Стаменкович, Живкович, Родриго, Гетериев, Калинин (Дарабаев, 56), Фонсека, Фофана.

Қосалқы құрам: Калмыков, Огиря, Попов, Смайылов, Түлиев, Алиев, Дәуітов

«Шахтёр»: Шацкий, Габышев, Хлебоун, Дмитренко, Мангуткин, Стоянович, Сзоке, Зошак, Станоевич (к) (Скорых, 84), Шахметов (Валента, 46), Хижниченко (Тәттібаев, 90+2).

Қосалқы құрам: Багинский, Өміртаев, Васильев, Наджарян, Пикалкин, Ермеков

Төрешілер: Гаузер, Бейжанов, Виноградов (бәрі де – Петропавл).

23 шілде. Павлодар, «Орталық». 2500 көрермен.


Автор: Айқын ЖАППАР

Теги: Қазақстан Премьер-лигасыҚазақстан чемпионаты"Шахтер" ФК"Ертіс"ХижниченкоФонсекаKazakhstan Premier LeagueIrtysh PavlodarShakhter Karagandy

Вернуться назад