О, тоба! Бір турда екі команданың сапында ойнау мүмкін бе?

Футбол
О, тоба! Бір турда екі команданың сапында ойнау мүмкін бе?
Бір турда екі команданың сапында ойнаған – Виктор Дмитренко мен Душан Савич. Фото: fctobol.kz
Қайсыбір футболшының бір турда екі команданың сапында ойнауы мүмкін бе? Қазақстан премьер-лигасында мұндай да болады екен...

Сегізінші турда – Дмитренко...

Жақында Қазақстан премьер-лигасындағы үш ойыншы бір турда екі команданың сапында ойнады. Виктор Дмитренко, Душан Савич және Джордже Деспотович үшеуінің есімдері тарихта қалатын болды. Олар көп ешкім елемеген деректің басты кейіпкерлері болып шыға келді.

Әуелі Виктор Дмитренко бір турда екі команданың сапына ойнаған ойыншы болып, ел футболына соны жаңалық енгізді. Өздеріңіз білесіздер, биыл VІІІ турдағы ойындар үшке бөлініп өткізіліп отыр. Жыл басында бекітілген күнтізбе бойынша бұл турдың ойындары 23 сәуірде өткен. Дмитренко сол кезде «Тобылдың» сапында 90 минут ойнап шықты.

Алайда VІІІ турдың екі ойыны кейінге шегерілген болатын. Себеп, еліміздің Кәсіпқой футбол лигасының футбол алаңдары сапасын тексеретін арнайы комиссиясы көктемде «Ақтөбе» мен «Атыраудың» стадиондарында ресми ойындар өткізуге тыйым салған.

Содан не керек, кейінге шегерілген әлгі екі ойынның біреуі 28 маусымда өтіп, «Ақтөбе» мен «Шахтер додаға түсті. Ал сәуір айынан бері қазақ футболында біраз өзгеріс болған. Ең бастысы, 13 маусымда жазғы трансфер кезеңі ашылған. Біраз футболшылар команда ауыстырып үлгерген... Олардың арасында Виктор Дмитренко да бар.

Әлқисса, 28 маусым күні Ақтөбенің «Орталық» стадионында өткен матчта Виктор Дмитренко «Шахтер» клубы сапында да 90 минут ойнап шықты. Сонда ол VІІІ турда «Тобылдың» да, «Шахтердің» де намысын қорғап, екі команда сапында өнер көрсетіп отыр. Сөз жоқ, тарихи “жетістік”!

Он сегізінші турда – Дмитренко, Деспотович, Савич...    

Қазақстан премьер-лигасындағы бір турда екі команда сапында ойнау «жыры» мұнымен шектелген жоқ. Ұзаққа созылған ХVІІІ турда бір емес, үш ойыншы жоғарыдағы “жетістікті” қайталады.

ХVІІІ турдың екі ойыны ерте көктемде өткен. Еуропа лигасында бақ сынайтын клубтарымыз өз ойындарын 4 сәуір күні өткізген болатын. Атап айтқанда, «Қайрат» – «Ертіс» және «Тобыл» – «Ордабасы» матчтарының ысқырығы мерзімінен бұрын безілдеді.

Ал ойындар күнтізбесі бойынша бұл тур 1 және 2 шілде күндері өтуі керек болатын. Яғни ХVІІІ турдың ойындары үш айға жуық уақытқа созылды (89 күн). Сөйтіп үш ойыншы екі команданың сапында өнер көрсетті.

Виктор Дмитренко, Душан Савич және Джордже Деспотович үшеуі 4 сәуір күні «Тобыл» сапында ойнаған болатын (бір қызығы, Дмитренко матч соңында Деспотовичті алмастырған-ды). Ал шілде айының басында үшеуі үш команданың («Шахтер», «Ақтөбе», «Астана» клубтарының) құрамында жасыл алаңға шықты.

Иә, жазғы трансфер кезеңінде «Тобыл» клубында ауыс-түйіс аз болған жоқ. Жалға берілген Деспотович «Астанаға» қайта оралса, Дмитренко Қарағандының «Шахтеріне», ал Савич «Ақтөбеге» ауысып кетті. Сөйтіп бұл үшеуі бір турда екі (жоқ, төрт) команданың сапында ойнады...

Айтпақшы, тағы да екі ойыншы ХVІІІ турдың хаттамасында қос команданың сапында тіркелген. Қорғаушы Ренат Абдулин 4 сәуір күні «Ордабасы» клубының қосалқы құрамына арналған орындықта отырса, 1 шілде күні «Оқжетпес» сапында бастан-аяқ ойнап шықты.

Ал шабуылшы Әлібек Бөлешев бір турда екі команданың қосалқы құрамынан төбе көрсетті. Сәуірде «Ордабасы» клубының, ал шілдеде «Оқжетпес» командасының ойыншысы ретінде матч хаттамаларына тіркелді. Мұны да ескере кеткен жөн болар...

Біздің жазғандарымызға төмендегі матчтардың хаттамаларын қарап шығып көз жеткізе аласыздар (өзіңізге керек ойынға сілтеме арқылы өте аласыздар).

VІІІ тур

23.04.2017: «Ордабасы» – «Тобыл» – 1:2

28.06.2017: «Ақтөбе» – «Шахтер» – 0:1

ХVІІІ тур

04.04.2017: «Тобыл» – «Ордабасы» – 1:0

02.07.2017: «Шахтер» – «Ақтөбе» – 0:2

01.07.2017: «Тараз» – «Астана» – 0:1

01.07.2017: «Оқжетпес» – «Атырау» – 1:0


Автор: Нұрғазы САСАЕВ

Теги: Джордже ДеспотовичРенат АбдулинДушан СавичВиктор ДмитренкоFC AstanaҚазақстан Премьер-лигасыҚазақстан чемпионаты"Шахтер" ФК"Оқжетпес""Тобыл""Ақтөбе"Әлібек Бөлешев"Астана" ФКХаттамаKazakhstan Premier LeagueTobol Kostanay

Вернуться назад
★ Вы можете разместить вашу рекламу на нашем сайте. Напишите нам на whatsapp нажав на эту ссылку