“Астана” Чемпиондар лигасына дайындалып жатыр

Футбол
“Астана” Чемпиондар лигасына дайындалып жатыр
Хорватияның жартылай қорғаушысы – Марин Томасов. Фото: fca.kz
«Астана» футбол клубы құрамын екшеп, Чемпиондар лигасына дайындалып жатыр. Әзірше сырттан екі ойыншы алды.

Жазғы трансфер кезінде «Астана» сапына келгендер

Бұған дейін құрамын Венгрия құрамасының жартылай қорғаушысы Ласло Кляйнхайслермен толықтырғанын жазғанбыз. Енді Хорватияның жартылай қорғаушысы Марин Томасовты «Риека» командасынан бір жылға жалға алды.

Томасов өз Отанында «Риекадан» басқа «Хайдук» және «Задр» командаларының сапында өнер көрсеткен. Германия чемпионатындағы «Мюнхен-1860» клубы сапында 3 маусым доп тепкен. Содан кейін Сауд Арабиясының «Аль-Наср» командасында жалда берілген екен.

Марин Томасов Хорватия жастар құрамасы сапында өнер көрсеткен, өз елінің ұлттық құрамасы сапында да бір ойын өткізіпті. Беделді transfermarkt.de сайтының мәліметі бойынша, бүгінгі таңдағы трансферлік бағасы 2 миллион евроны құрайтын көрінеді.

Марин пас берудің қас шебері сияқты. 2015/2016 жылдар маусымында Хорватия чемпионатында үздік асистент атанған. Ал өз елінің кубогы додасында сұрмергендер көшін бастапты. «Астана» сапында 14-ші нөмірмен ойнайды.

Сонымен қатар, ел чемпионы «Тобыл» клубына жалға берген футболшыларының екеуін кері қайтарып алды. Олар – Джордже Деспотович (№9) және Асхат Тағыберген (№17). Серб шабуылшысы қазір Қазақстан премьер-лигасының кезекті ойындарында «Астана» сапында жасыл алаңға шығып та жүр.

Айтпақшы, Кипрдің АПОЭЛ клубына жалға берілген Рохер Каньяс та елордаға қайтып келген. Бірақ «Астана» Колумбия футболшысын қайтадан өз құрамына алғысы жоқ секілді. Ұзынқұлақ деректеріне сенсек, бұл футболшы енді әуелде өзі ойнаған Қарағандының «Шахтеріне» баратын да сияқты...

Жазғы трансфер кезінде «Астанадан» кеткендер

22 жастағы Абай Жүнісов «Ақтөбе» клубына жалға берілді. Өте дұрыс! Жас футболшы қосалқы құрам орындығын тоздырып, қашанғы отырады?! Қазір ол «Ақтөбе» сапында негізгі құрамда ойнап жүр. Бағы жанып, ойыны жүріп, тәжірибе жинай түссе, «Астанаға» да жаман болмайды ғой.

Неманья Максимович кетті, ақыры! Оның «Астана» клубымен арадағы келісімшартының мерзімі түгесілді. Енді ол еркін агент ретінде қайда барса да, өзі біледі. Ал Сербияның жас таланты қыстың көзі қырауда Испанияның «Валенсиясымен» еңбек келісіміне қол қойып қойған...

Содан екі клуб ымыраға келе алмай, жас футболшы жарты жыл бос отырды. «Астана» оны «Валенсияға» “су тегін” бере салмай, келісімшартының мерзімі біткенше “шідерлеп” ұстап отырды. Жасыл алаңға мүлде шығарған жоқ. Максимович енді арманына жетті, жаңа командасына кетті. Тек жарты маусым ішінде спорттық бабын жоғалтып алған шығар...

«Астана» клубының қыста алған санаулы легионерлерінің ішінде сенім үдесінен шыға алмағаны да болды. Мәселен, Албания шабуылшысы – Аздрен Ллуллаку. «ГазМетан» сапында Румыния чемпионатының сұрмергені болған. Бірақ елорда клубы сапында топырлатып гол соға алмады. 17 ойын өткізіп, бір-ақ доп соқты.

Содан «Астана» Аздрен Ллуллакуді жалға беру жолдарын қарастыра бастады. Соңғы ақпаратарға сенсек, «Тобыл» клубына жіберетін сияқты. Әр түрлі себептермен бірнеше футболшысынан айырылған Қостанай клубының жейдесін кисе, таң қалмаймыз. Егер «Тобыл» сапында қазақ додасына бейімделіп, жоғары деңгейде ойнай бастаса, нұр үстіне нұр.

Сонымен қатар, жазғы трансфер кезеңінде ел чемпионы сапынан кеткендер ретінде Рохер Каньясты да атауға болады. Себебі ол өз командасына қайтып келді. Енді қайтадан басқа клубқа жалға берілетін сияқты. Өйткені Қазақстан чемпионатында легионерлерге шектеу қойылған. Сол себепті «Астана» легионерлерінің бәрін бірдей өз құрамында ұстап отыра алмайды.

Автор: Айқын ЖАППАР

Теги: Марин ТомасовДжордже ДеспотовичНеманья МаксимовичЛасло КляйнхайслерFC AstanaҚазақстан Премьер-лигасы"Астана" ФКЖазғы трансферРохер КаньясАсхат ТағыбергенKazakhstan Premier LeagueTransfersАздрен ЛлуллакуАбай ЖүнісовNemanja Maksi

Вернуться назад