“Астана” көпшілікті қобалжытып, “Ақтөбені” жеңді

Футбол
“Астана” көпшілікті қобалжытып, “Ақтөбені” жеңді
«Ақтөбе» – «Астана» – 2:4. Фото: fc-aktobe.kz
«Астана» Ақтөбеде өзінің де, бір тәулік бойы көш бастаған «Қайраттың» да жанкүйерлерін қобалжытып, жеңіске жетті.

Иә, бір тәулік бойы бірінші орында тұрған «Қайраттың» жанкүйерлерін Ақтөбедегі ойын мүлде бейтарап қалдырмаған болар. Бұл матчты Кахабер Цхададзенің өзі міндетті түрде көретіндігін жалпақ жұртқа жария еткен. Ал «Астана» бірінші таймда өзінің басты бәсекелесін әжептәуір қуантты...

«Астана» бірінші таймда чемпионға тән ойын үлгісін көрсете алмады. Неге екені белгісіз, әйтеуір тәжірибелі футболшылары жаза басып, алаң иелерінің екі рет алға шығуларына мүмкіндік беріп қойды. Әуелі орталық қорғаушылары білгендерінен жаңылып, өрескел қателік жіберіп алды...

Игорь Зенькович мұндай “сыйлықты” қалт жіберсін бе, асып-сасқан қорғаушыларды да, абдырап қалған қақпашыны да қапы қалдырып, шірене тартты. Дедек қаққан теңбіл доп қақпа ішінде тулады. Бірақ «Ақтөбенің» қуанышы ұзаққа созылмады.

Диктор голды кім соққанын жанкүйерлермен қосыла жариялап жатқанда-ақ, Кабананга сол қанаттан алаң иелерінің қорғанысын бұзып өтіп, допты көлбеулете әріптестеріне бере қойды. Твумаси оны асқан шеберлікпен қақпаға бағыттап үлгерді.

Дегенмен, бірінші таймда «Астананы» қырсық тағы да шыр айналдырды. Бірнеше шабуылдары аяқсыз қалып, қайсыбір мүмкіндіктерін мүлт жіберіп қойды. Әрі мұнымен шектелмеді. Қорғаныста қайтадан қателесіп, «Ақтөбеге» тағы бір «сыйлық» жасады.

Қақпа алдындағы қарбалас сәтте Срджан Граховац жаза басып, допты өз қақпасына соғып алды. Осылай, алаң иелері екінші рет алға шықты. Алайда, бұл гол да «Астана» ойыншыларының сағын сындыра алмады. Керісінше, олар енді мұқият ойнауға тырысты.  

Екінші таймда басталған бетте қонақтар құйындай орап соқты. Серікжан Мұжықов жанкештілік танытып, көзге түсе бастады. Екі рет әріптестеріне нәтижелі пас беріп, Кабананга мен Твумаси таразы басын өздеріне қарай аударды. Екеуі де шеберліктерін паш етіп, «Ақтөбенің» қақпасын дөп көздеді.

Ал ойынның аяғына қарай Мұжықовтың өзі гол соғып, «Ақтөбенің» есепті теңестіруге тырысқан ойыншыларының аптықтарын су сепкендей басты. Сөйтіп, екінші таймда үш гол соққан «Астана» жеңіске деген жігерліктің үлгісін көрсетті.

Ал «Ақтөбе» болса, бас бапкерін ауыстырып, құрамын өзгертіп жатыр. «Тобылдан» келген Томаш Шимкович пен «Оқжетпестен» ойысқан Нейн Еоне Владимир Мухановтың сеніміне бірден ие болыпты. Екеуі жазғы трансфер кезінде командадан кеткен оңтүстікамерикалықтардың орындарын басты. Алдағы уақытта команда құрамы жаңа ойыншыларымен толығады түседі екен.

«Ақтөбе» – «Астана» – 2:4 (2:1)

Голдар: Зенькович, 18 (1:0). Твумаси, 19 (1:1). Граховац, 45+1-автогол (2:1). Кабананга, 47 (2:2). Твумаси, 56 (2:3). Мұжықов, 86 (2:4). 

Ескертулер: Қайыров, 36. Маевский, 52. Шимкович, 90+3. Бейсебеков, 90+3.

«Ақтөбе»: Сидельников (к), Қайыров, Айтбаев, Воловик (Жұмағали, 80), Розыбакиев (Кәкімов, 68), Барбоса, Шестаков, Сәулет (Байтана, 66), Шимкович, Нейн Еоне, Зенькович.

Қосалқы құрам: Отарбаев, Әбдукәрімов, Бойчук, Аслан, Тотай

«Астана»: Мокин, Бейсебеков, Постников, Аничич, Шомко (к), Граховац (Шитов, 80), Мұжықов, Маевский, Твумаси (Жалмұқан, 71), Муртазаев (Ллуллаку, 82), Кабананга.

Қосалқы құрам: Эрич, Жүнісов

Төрешілер: Абдуллаев (Қаратау), Дерцапф (Орал), Журавлёв (Павлодар)

18 маусым. Ақтөбе, «Орталық» стадион. 9500 көрермен.


Автор: Айқын ЖАППАР

Теги: Джуниор КабанангаПатрик ТвумасиFC AstanaҚазақстан Премьер-лигасыҚазақстан чемпионаты"Ақтөбе"Серікжан Мұжықов"Астана" ФКKazakhstan Premier LeagueFC Aktobe

Вернуться назад