“Қайраттың” шабуылы “Тобылдың” қорғанысынан басым болды

Футбол
“Қайраттың” шабуылы “Тобылдың” қорғанысынан басым болды
«Қайрат» – «Тобыл» – 2:0. Фото: fckairat.com
Алматыда өткен тартысты кездесуде «Қайрат» «Тобылды» тізе бүктіріп, үш ұпай олжалады.

Бұл ойында Қазақстан премьер-лигасында ең көп гол соққан команда мен өз қақпасына ең аз доп жіберген командалар кездесті. Шабуылы жойқын клуб пен қорғанысы мықты ұжым жасыл алаңда додаға түсті. Осы ретте айта кетейік, «Қайрат» 17 ойында 39 гол соқса, «Тобыл» 16 матчта 10 доп жіберіп алған болатын.

Бірінші таймда «Қайраттың» жойқын шабуылы «Тобылдың» тасқамал қорғанысын бұза алмады. Қалай шабуылдаса да, қанша тырысса да қонақтарының қорғаушыларынан өте алмады. Бірақ қонақтарын қыспаққа алып, айылдарын жимай, шабуылдай берді...  

Сергей Малый Қазақстан премьер-лигасының сұрмергені Жерар Гоуды аттап бастырмады. Фернандо Кассай да ортамен ешкімді өткізер емес. Алаң иелері теңбіл доп әуелете асырса да, жерлете тепсе де, түгелдей тойтарды. Жартылай қорғаушылары да жанталасып, көмектесіп жүрді...

Жалпы, ойынның бірінші жартысында «Тобылдың» қарсы шабуылдары өте қауіпті болды. «Қайраттың» қорғаушылары қонақтардың бойы ұзын футболшыларынан көз жазып қалып, қақпаны нысанаға алуларына мүмкіндік беріп қойды. Бірақ қостанайлықтарға гол соғудың сәті түспей қойды.

Екінші тайм. Алаң иелері тағы да атойлап алға шапты. 58-минутта Кахабер Цхададзе томағасын сыпырып, табан тірескен дүлей додаға Исаэльді қосты. Ұстараның жүзіндей лыпылдаған Бразилия майталманы «Қайраттың» шабуылына жылдамдық қосты.

Ал Омари Тетрадзе жаза басты. «Тобылдың» бас бапкерін айтамыз. Жанын салып ойнап жүрген Жасұлан Молдақараевты алып тастады. Екінші таймда артқа қайтуды доғарған Алексей Щеткинге деген сенімі шексіз болып шықты.

Сөйтіп, «Қайраттың» ойыншылары тез қимылдап, жылдам ойнап, қарқындарын үдете түсті. Қонақтардың жас қорғаушысы Т.Жақыпов қателесіп, допты қолымен (білегімен) тоқтатты. Пенальти. Сөз жоқ, Дмитро Непогодов – өте жақсы қақпашы. Бірақ 11-метрлік айып соққысы Бауыржан Исламханмен шеберлік сынасатын «жекпе-жек» емес... Есеп – 1:0.   

Әрине, «Тобыл» таразы басын теңестіруге тырысып бақты. Бірнеше шабуыл үйымдастырып көрді. Бірақ аптап ыстықта шаршап қалғандары байқалып тұрды. Алңы шепте жылдамдықтары жоғары болмады. «Қайраттың» қорғаушылары бәріне де үлгеріп отырды.

Ойынның аяғында алаң иелері жылдам қарсы шабуыл ұйымдастырып, ойынға екінші таймда қосылып, көсіле шапқан Исаэль «Тобылдың» қорғаушыларына да, қақпашысын да қапы қалдырды. Бұл гол қонақтардың ұнжырғасын түсіріп жіберді.

Айтпақшы, «Тобыл» жазғы маусым кезінде құрамын толықтырған екі ойыншысын да шығарды. Чех Эгон Вух әлі біздің футболға бейімделіп кете қоймағандай, ал грузин Ника Квеквескири ала допты дедек қаққызып, өзінің техникалық шеберлігі аса жоғары екендігін бірінші ойында-ақ паш ете білді.

«Қайрат» – «Тобыл» – 2:0

Голдар: Исламхан, 64-пенальтиден. Исаэль, 85.

«Қайрат»: Покатилов, Вороговский, Арзо Ампоста, Элек, Сүйімбаев, Қуат, Жуков, Аршавин (Тұрысбек, 83), Иличевич (Исаэль, 58), Исламхан (к), Гоу (Анене, 79).

Қосалқы құрам: Плотников, Рудосельский, Ахметов, Қуантаев, Балтабаев, Бакаев.

«Тобыл»: Непогодов, Жақыпов, Малый, Кассай, Сартаков, Мухутдинов (к), Квеквескири, Вух (Жаңғылышбай, 81), Молдақараев (Деспотович, 60), Савич (Джалилов, 72), Щеткин.

Қосалқы құрам: Бұсұрманов, Жулпа, Шұбаев, Гурман, Жарынбетов, Мирошниченко

Төрешілер: Тевяшов (Орал), Бельский (Тараз), Тасыбаев (Павлодар)

17 маусым. Алматы, «Орталық» стадион. 7 100 көрермен.

Автор: Нұрғазы САСАЕВ

Теги: Бауыржан ИсламханКахабер ЦхададзеИсаэльОмари ТетрадзеҚазақстан Премьер-лигасыҚазақстан чемпионаты"Қайрат""Тобыл"Kazakhstan Premier LeagueНика Квеквескири

Вернуться назад