Қазақстан құрамасы Алматыда Даниядан ұтылды

Футбол
Қазақстан құрамасы Алматыда Даниядан ұтылды
Қазақстан – Дания – 1:3. Фото: ekstrabladet.dk
2018 әлем чемпионатының іріктеу турнирі аясында алтыншы кездесуін өткізіп, Алматыда Дания футболшыларын қабылдаған Қазақстан құрамасы жеңіліске ұшырады.

Бұл – Қазақстан ұлттық құрамасының 2018 әлем чемпионатының іріктеу турнирі аясындағы “үйде” өткізіп отырған үшінші ойыны. Бұған дейігі екі ойын Астанада өтіп, Талғат Байсуфинов жаттықтырған құрамамыз соңғы Еуропа чемпионатына қатысқан Польша және Румыния футболшыларымен тең түскен.

Бірақ одан бері біздің ұлттық құрама мен футболымызда біршама өзгерістер жүзеге асты. Қазақстан құрамасының бас бапкері ауысқан. Тізгін Ресей маманы Александр Бородюктің қолына ұстатылған. Әрі бұл ойын Астанада емес, Алматыда өтті.

Алатау бөктеріндегі Қазақстан – Дания кездесуі алма-кезек шабуылмен басталды. Екі құрама да бір-бірінің қорғанысын піспектеп көрді. Әрі екеуінің де бекінісінің төрт құбыласы тең емес екендігі байқалып тұрды. Алаң иелері ғана емес, қонақтар да қателесіп, қорғаныстарының топсасы берік емес екендігін сездіріп алғандай болды.

Дания футболшылары 15-минутта есеп аша жаздады. Бірақ Н.Йоргенсен оң қанаттан көлбеу ұшқан допты ашық қалған қақпаға енгізе алмай жаза басты. Бірақ ол өзінің екінші мүмкіндігін мүлт жіберген жоқ. 27-минут. Біздің қақпаның алды – аласапыран. Қорғаушылар қателесіп, Дания шабуылшысы допты қақпаға шірене тепті. Гол.

Дания құрамасы мұнымен шектеліп қалмады. Тағы екі гол соқты. Бірақ екеуі де есепке алынған жоқ. Себебі қонақтардың футболшылары ойыннан тыс қалып (офсайд), қапталдағы төреші жалаушасын көтеріп үлгерген болатын.

Ал біздің құрама ше? Кейбір жігіттеріміз намыс отына күйіп кеткендей болды. Серікжан, Таңат, Азат, Бауыржан, Елдос сынды ойыншыларымызды төреші сабаларына түсуге шақырып, ескерту жасай бастады. Нөсербаевқа сары қағаз көрсетсе, Исламханды алаңнан қуып тынды. Оның шынтағы Уильям Квисттің иегіне “тиіп” кеткен екен...

Екінші таймда кем құрамда ойнау оңай болған жоқ. Әрі 51-минутта бас қазы Юрий Логвиненко Юссуф Поульсенді «шалып құлатты» деп, пенальти берді. Кристиан Эриксен мұндайды бос жіберсін бе, 11-метрлік айып соққысын мүлтіксіз орындады. Есепті еселей түсті.

Тек осыдан кейін ғана бас бапкеріміз алаңдағы ойыншыларды ауыстырып, өзгерістер енгізе бастады. Атап айтқанда, Исламбек Қуатты алға қарай шығарды. Содан біздің құрама шабуылды үдете түсіп, қонақтарды тықсыра түсті. Ал 76-минутта тамаша қарсы шабуыл ұйымдастырып, Қуат есепті қысқартты.

Алайда бұдан әріге кем құрамда ойнаған ұлттық құрамамыздың шамасы жетпеді. Ал қонақтар тағы бір гол соғып, содан кейін тізгіндерін сәл де болса, тартқандай болды. Айтпақшы, екінші таймда да олардың офсайдтан соғылған тағы бір голдары заңды түрде есепке алынған жоқ.

Сонымен Қазақстан ұлттық құрамасы ұтылды. Александр Бородюк бас бапкер болып бекітілгелі үшінші ойын өткізіп, үшеуінде де жеңілістің кермек дәмін татты. Әуелі Ларнакада Кипрден (1:3), одан кейін Арарат аңғарында Арпмениядан (0:2) ұтылса, бүгін Алатау бөктерінде Дания футболшыларына есе жіберіп алды (1:3).

Қазақстан – Дания – 1:3

Голдар: Йоргенсен, 27 (0:1). Эриксен, 51-пенальтиден (0:2). Қуат, 76 (1:2). Дольберг, 81 (1:3).

Ескертулер: Нөсербаев, 20. Логвиненко, 63.

Алаңнан қуылды: Исламхан, 43.

Қазақстан: Лория, Шомко (Вороговский, 67), Логвиненко, Ахметов, Сүйімбаев, Қуат, Жуков, Исламхан, Мұжықов, Нұрғалиев (Бейсебеков, 56), Нөсербаев (Тұңғышбаев, 74).

Дания: Реннов, Дурмиси, Вестергор, Кьер, Стрюгер-Ларсен (Дальсгор, 82), Квист (Шене, 46), Дилейни, Брейтвейт, Поульсен (Дольберг, 68), Эриксен, Йоргенсен.
Төрешілер: Безбородов, Гаврилин, Данченко (бәрі де – Ресей)

10 маусым. Алматы. «Орталық» стадион.

Ойынның қысқаша статистикасы:

Соққы: 17 – 14
Тура соққы: 2 – 7
Қиыс кеткені: 11 – 3
Тойтарылғаны: 4 – 4
Бұрыштама соққылар: 3 – 2
Офсайдтар: 0 – 4
Доп иелену: 49% – 51%
Пастар: 360 – 401
Дәл пастар: 313 – 350
Пастар дәлдігі: 87% – 87%
Қорғаныста доп тартып алу: 33 – 31
Ескерту (сары қағаз): 2 – 0
Алаңнан аластату (қызыл қағаз): 1 – 0
Ереже бұзу: 12 – 10

Автор: Нұрғазы САСАЕВ

Теги: Александр БородюкБауыржан ИсламханҚазақстан құрамасыҰлттық құрамаӘлем чемпионатыИсламбек ҚуатДания құрамасыAlexandr BorodyukKazakhstan national futsal team

Вернуться назад
★ Вы можете разместить вашу рекламу на нашем сайте. Напишите нам на whatsapp нажав на эту ссылку