Бүгін Харейде мен Бородюк – ертең Қазақстан мен Дания

Футбол
Бүгін Харейде мен Бородюк – ертең Қазақстан мен Дания
Алатау бөктеріндегі дайындықтан.... Фото: kff.kz
Ертеңгі Қазақстан – Дания кездесуінің қарсаңында бүгін екі құраманың бас бапкерлері журналистердің сұрақтарына жауап беріп, дәстүрлі баспасөз жиынына қатысты.

Александр Бородюк Дания құрамасының азулы команда екендігін айрықша атап өтіп, ертең өзгеше үлгі қолданатындығын тілге тиек еткен. Яғни тактикалық жоспары сәл басқаша болатындығын меңзеген. Орталық қорғаушыларымыздың қат екендігіне де тоқталған.

Қазақстанда таланттар аз емес екендігін, тек солардың бағын аша білу керек екендігін есімізге салып өткен. Мәселен, орталық қорғаушы міндетін атқара алатын әмбебап ойыншыларды табу керек деп ойлайтындығын білдірген. Ертең өз шәкірттерінің алаңға жеңеміз деп шығатындарын сездірген.

Осы жолы ұлттық құрама сапына бес жас ойыншы шақыртылғандығын, буын алмасу үрдісінің қолға алынып жатқандығын да жіпке тізген. Ең бастысы, құрама сапында ел намысын қорғауға мүдделі және дайын футболшылар ойнауы керектігіне ерекше тоқталып өткен.

Дания құрамасының бас бапкері Оге Харейде қазақ топырағында бәрі ұнағандығын, түгелі де көңілінен шығатындығынан бастаған. Бір ғана қауіп және мәселе, ол уақыт айырмашылығы екендігін айрықша атап өткен.

Әрі Қазақстан құрамасын мақтап, тіпті Црна Гора және Армения футболшыларымен салыстырғанда, біздің футболшылардың өздерімен ойнағанда доп бақылау қабілеттері жоғары болғандығын көлденең тартқан.

Өздерінің жеңіс үшін ғана келгендерін, қатардан шығып қалған қақпашысы Каспер Шмейхелді басқа голкиперінің алмастыра алғандығын және тау етегінде орналасқан Алматы климатының өздеріне әсер етпейді деп ойлайтындығын да тілге тиек еткен.

Енді матчты күтеміз. Қай бапкер арық сөйлеп, семіз шығады? Алатау бөктеріне «үш ұпай аламыз» деп келген дат футболшыларының асығы алшысынан түсе ме? Әлде «өз жанкүйерлеріміздің алдында жеңіске жетуіміз керек» деп отырған Қазақ елі жігіттерінің бақтары жана ма?

Автор: Нұрғазы САСАЕВ

Теги: Александр БородюкҚазақстан құрамасыҰлттық құрамабаспасөз жиыныОге ХарейдеKazakhstan Premier LeagueДания құрамасы

Вернуться назад
★ Вы можете разместить вашу рекламу на нашем сайте. Напишите нам на whatsapp нажав на эту ссылку