“Қайрат” “Қайсарды” Қызылордада қапы қалдырды

Футбол
“Қайрат” “Қайсарды” Қызылордада қапы қалдырды
«Қайсар» – «Қайрат» – 1:2. Фото: fckairat.com
«Қайсар» ХІV турда «Қайратты» өз алаңында қабылдап, бірінші болып гол соқса да, жеңіліп қалды.

Өте тартысты ойын болды. Матчтың басында алаң иелерінің бақтары жанып, есеп ашты. Өте жылдам қарсы шабуыл ұйымдастырып, Матиас Курьор қақпашыдан да, қорғаушылардан да айласын асырып, «Қайсарды» алға шығарды.

Әрине, бұл голдан соң, «Қайрат» аянған жоқ, алға қарай лап қойды. Бірақ есепті бірінші тайм ортасынна ауған кезде күдікті пенальтиден теңестірді. Доп Мулдаровтың қолына тиіп, төреші 11-метрлік нүктені нұсқады. Қорғаушы допты қолымен әдейі тоқтатпағандығын айтып, дәлелдеуге қанша тырысса да, ескерту алып тынды.

Көп ұзамай «Қайрат» айып соққысын орындау мүмкіндігіне ие болды. Әуелеп ұшқан доптың бағытын Гоу басымен сәл ғана өзгертіп, қонақтар алға шықты. «Қайсардың» қақпашысы қолын жоғары көтеріп те үлгермей қалды...

Ал бірінші таймның соңғы минутында Мақсат Байжанов есепті теңестіретін тамаша мүмкіндікті мүлт жіберіп қойды. Допты басымен қаттырақ ұрып, қақпадан асырып жіберді. Негізі, дәл алдында қақпаның ашық бөлігі әжептәуір еді...

Екінші тайм да аса жоғары қарқында өтті. Екі команда алма-кезек шабуылдап, тізгіндерін тартқан жоқ. Бірақ гол соғудың сәті түспей қойды. Әншейінде өз мүмкіндігін мүлт жібермейтін Гоудың өзі оңтайды сәтте асығып, жаза басты.

«Қайсардың» жігіттері қайсарлық танытты. Аянбай ойнады. Бірақ екінші таймда «Қайраттың» қақпашысы қателескен жоқ. Алаң иелерінің бірнеше қауіпті соққыларын дарытпады. Әрі Қызыорда клубы сапында Гоу секілді бесаспап шабуылшы жоқ екені де байқалып тұрды...          

«Қайсар» – «Қайрат» – 1:2 (1:2)

Голдар: Курьор, 9 (1:0). Исламхан, 32-пенальтиден (1:1). Гоу, 36 (1:2).

Ескертулер: Алтынбеков. 6. Мулдаров, 31. Коробкин, 52.

«Қайсар»: Исламқұлов, Евстигнеев, Граф, Мулдаров, Жақаев, Коробкин (Нарзілдаев, 70), Камара, Аржанов (Сақалбаев, 83), Байжанов (к), Курьор, Алтынбеков (Нтибазонкиза, 57).

Қосалқы құрам: Цирин, Григоренко, Ламанж, Горячий, Рустемов, Төлегенұлы

«Қайрат»: Покатилов, Вороговский, Ахметов, Элек, Сүйімбаев, Қуат, Жуков (Бакаев, 46), Исламхан (к), Исаэль, Аршавин (Тұрысбек, 86), Гоу (Анене Чума, 72).

Қосалқы құрам: Плотников, Рудосельский, Қуантаев

Төрешілер: Вишниченко (Қостанай), Виноградов (Петропавл), Попов (Павлодар).

28 мамыр. Қызылорда, Ғ.Мұратбаев атындағы стадион (қосалқы алаң). 2500 көрермен.


Автор: Әлихан ЖАППАР

Теги: Бауыржан ИсламханЖерар ГоуҚазақстан Премьер-лигасыҚазақстан чемпионаты"Қайрат""Қайсар"Мақсат БайжановKazakhstan Premier LeagueKairat AlmatyKaisar Kyzylorda

Вернуться назад
★ Вы можете разместить вашу рекламу на нашем сайте. Напишите нам на whatsapp нажав на эту ссылку