“Тараз” “Тобылды” тобықтан шалды

Футбол
“Тараз” “Тобылды” тобықтан шалды
«Тараз» – «Тобыл» – 1:0. Фото: fctobol.kz
«Тараз» ХІV турда өз алаңында «Тобылды» қабылдап, деңгейі өзінен жоғары команданы тізе бүктірді. Есеп – 1:0.

Көш басындағы командалардан әлі ұтылып көрмеген «Тобыл» деңгейі өзінен төмендеу «Тараздан» ұтылды. Бас бапкері Омари Тетрадзе бүгінгі ойында жасыл алаңға бірнеше ойыншысының шыға алмағанын көлденең тартыпты. Мұнысы артықтау сияқты...

Иә, әр түрлі себептермен бүгінгі матчқа қостанайлықтардың Щеткин, Жақыпов, Малый, Дмитренко сынды сыралғы ойыншылары шыға алмады. Біле білсек, «Тараз» да төрт футболшысын алаңға шығара алмаған. Олар – Құрғулин, Таубай, Зайнутдинов, Мухаметшин.

Десек те, «Тараз» клубының футболшылары жанкештілік танытты. Ойынның басынан бастап, қонақтарын тықсырып, жиі шабуылдады. Еркебұлан Сейідахметтің өзі бірінші таймда қос қапталдан бірнеше рет көлбеулете пас беріп, қауіп төндірумен болды.

Әрине, «Тараздың» бас бапкері Ваит Талгаев айтқандай, бүгінгі ойында алаң иелерінің жолдары болып, гол соғудың сәті түсті. Ал «Тобыл» футболшылары өздерінің бірнеше мүмкіндіктерін мүлт жіберіп алды. Анығы сол, қостанайлықтар жеңіске деген жігерлік таныта алмады...

Сондықтан, «Тобылдың» бас бапкерінің жеңілістің бар себебін төрт ойыншысының жоқтығына аудара салғаны дұрыс емес сияқты. Қостанай клубының қосалқы құрамында деңгейі жоғары футболшылар аз емес. Бірақ Таразда олар көп қателесті...

«Тараз» – «Тобыл» – 1:0 (0:0)

Гол: Байжанов, 82 (1:0).

Ескертулер: Главина, 22. Шипицин, 31. Сартаков, 41. Молдақараев, 56. Азовский, 71.

«Тараз»: Бабаханов, Шадманов, Миюшкович, Шипицин, Әмірханов (к), Диара, Горбанец, Фещук, Қожамберді (Азовский, 70), Сейідахмет (Байжанов, 76), Морис (Эргашев, 85).

Қосалқы құрам: Логиновский, Молтусинов, Нұралы, Қараман, Қарпық.

«Тобыл»: Непогодов, Жарынбетов (Эльмурзаев, 85), Кассай, Жулпа, Сартаков, Главина, Мухутдинов (к), Джалилов, Молдақараев (Савич, 65), Жаңғылышбай, Деспотович.

Қосалқы құрам: Бұсырманов, Шұбаев, Дмитренко.

Төрешілер: Атажанов (Шымкент), Будниченко (Екібастұз), Тергеусізов (Алматы).

27 мамыр. Тараз, «Орталық» стадион. 4000 көрермен.


Автор: Нұрғазы САСАЕВ

Теги: Ваит ТалгаевОмари ТетрадзеҚазақстан Премьер-лигасыҚазақстан чемпионаты"Тобыл""Тараз" ФКЕркебұлан СейідахметKazakhstan Premier LeagueTobol KostanayFC TarazErkebulan Seidahmet

Вернуться назад