“Ордабасы” “Қайратты” өз алаңында жеңе алмады

Футбол
“Ордабасы” “Қайратты” өз алаңында жеңе алмады
«Ордабасы» – «Қайрат» – 0:0. Фото: fckairat.com
Қазақстан кубогының екінші жартылай финалдық жұбында «Ордабасы» «Қайратқа» азуын батыра алмады...

Өте шиеленісті ойын болды. Екі команда да бұл ойынға сұрмергендерін шығармады. «Ордабасы» Таңат Нөсербаевты, ал «Қайрат» Жерар Гоуды тынықтырып алғанды жөн санаған сияқты. Әрі жарақаттарынан толық айығып алғандары да ескерілген.

Екі команданың да үнемі гол соғып жүрген бесаспап шабуылшылары алаңға шықпап еді, «Ордабасы» да, «Қайрат» та тамаша мүмкіндіктерін мүлт жіберумен болды. Әсіресе, Гейнрихтің қақпашымен бетпе-бет шығып, допты оның үстінен асырып жібере алмағаны көрермендерді аһ ұрғызды...

Жалпы, гол соғатын оңтайлы сәттер аз болған жоқ. Алайда екі команданың ойыншылары да бірнеше мүмкіндікті мүлт жіберіп алды. Қақпашыларға келер болсақ, Алмат Бекбаев кемі екі рет шапшаңдық танытып, қонақтарының пәрменді соққыларын тойтарды.

Ал Плотниковке екі рет қорғаушылары, бір рет қақпа бағанасы “көмектесті”... Бірінші таймда Елдос Ахметов, ал ойын аяғында Гафуржан Сүйімбаев қақпаға кіріп бара жатқан допты бірі басымен ұрып, екіншісі аяғымен теуіп, кері қайтарды.

72-минутта Елдос Ахметов алаң иелерінің шабуылшысын тоқтатып, ойын ережесін бұзғаны үшін екінші рет ескерту алды да, алаңнан қуылды. Алайда "Ордабасы" 20 минут артық құрамда ойнаса да, гол соға алмай қойды...  

Сонымен, финалға шығатын команда 21 маусымда Алатау бөктерінде анықталатын болды. Әрине, дәл қазір түзде тең түскен «Қайраттың» жағдайы – көш ілгері. Өз алаңында жеңсе болды, финалда бақ сынау құқығына ие болады.

Алайда «Ордабасы» клубы да үмітін үзбейді. Алматыда гол соғып, кез келген есеппен тең түссе, финалға оңтүстікқазақстандықтар шығады. Кубок додасында 0:0 есебі – жеңіске жетеқабыл нәтиже. Яғни қарымта матч та қызықты болуы керек.          

«Ордабасы» – «Қайрат» – 0:0

Ескертулер: Элек, 42. Ахметов, 45+2, Симчевич, 84. Анене Чума, 90+3.

Алаңнан қуылды: Ахметов, 72 (екінші ескерту).

«Ордабасы»: Бекбаев, Төлебек, Ерланов, Фонтанелло, Симчевич, Диакате, Бочаров, Ковальчук, Нұрғалиев (к), Тұңғышбаев (Гогуа, 82), Гейнрих (Бөлешев, 78).

Қосалқы құрам: Нұрмұхаметов, Абдулин, Адырбеков, Әшірбеков, Бейсенов, Мұхтаров, Қожабаев.

«Қайрат»: Плотников, Вороговский, Ахметов, Элек, Сүйімбаев, Бакаев, Жуков, Иличевич, Исаэль (Аршавин, 66), Исламхан (к) (Рудосельский, 74), Тұрысбек (Анене Чума, 64).

Қосалқы құрам: Покатилов, Қуантаев, Балтабаев, Қасым.

Төрешілер: Алёшин (Павлодар), Бельский, Филоненко (екеуі де – Тараз).

24 мамыр. Шымкент, «БИІК» стадионы. 3000 көрермен.

Автор: Айқын ЖАППАР

Теги: Елдос Ахметов"Қайрат"Жартылай финалҚазақстан кубогы"Ордабасы" ФКOrdabasy ShymkentKairat AlmatyKazakhstan Cup

Вернуться назад
★ Вы можете разместить вашу рекламу на нашем сайте. Напишите нам на whatsapp нажав на эту ссылку