“Ордабасы” “Ақтөбеден” басым түсті

Футбол
“Ордабасы” “Ақтөбеден” басым түсті
«Ордабасы» – «Ақтөбе» – 2:1. Фото: fcordabasy.kz
«Ордабасы» ХІІІ турда “өз алаңында” «Ақтөбені» қабылдап, 2:1 есебімен жеңіске жетті. Әрі екінші орында қалды.

«Ақтөбе» Шымкентке бас бапкерсіз барды. Тіпті Владимир Мухановтың осы қызметке бекітілгендігін әлі ресми түрде жариялаған да жоқ. Мұның қандай сыры бар екені әлі белгісіз. Жаңа жатықтырушы Шымкентте бәрібір ұтылып қалатындығын сезіп жалтарды ма, оны да кесіп айту қиын...

Осыдан үш күн бұрын ғана VІІ турдағы кейінге шегерілген ойынын өткізіп, өз алаңында «Атырауды» ұтқан «Ақтөбеге» түзде «Ордабасы» клубымен тайталасу оңай болған жоқ. Алаң иелері 90 минут бойы басымдық танытты (ойынның негізгі уақытына қосылған минуттарда есепке алып отырған жоқпыз).

Әсіресе, бірінші таймда «Ордабасы» тізгін тартқан жоқ. Бір-бірінен өтетін әдемі екі гол соқты. Әуелі Еркебұлан Тұңғышбаев допты шірене теуіп, доғаша иіп, қақпаның алыс бұрышына дөп түсірді. Іле-шала Таңат Нұрғалиев доп ойынға бұрыштан қосылғанда, ышқына секіріп, басымен гол соқты.

Екінші таймда да «Ордабасы» футболшыларының гол соғатын мүмкіндіктері аз болған жоқ. Бірақ алаң иелеріне есепті ұлғайтудың сәті түспей-ақ қойды. Есесіне, екі команданың ойыншылары ойын ережесін бұзып, сары қағаз және алаңнан қуылып, қызыл қағаз алудан “жарысып” шықты.

Ал матчтың негізгі уақытына қосылған қосымша минуттардың соңғы секундтарында «Ордабасы» қорғаушылары «Ақтөбенің» бразилиялық шабуылшысына өз қақпаларын емін-еркін нысанаға алуға мүмкіндік беріп қойды.   

Әйтсе де, «Ордабасы» жеңіске жетіп, екінші орында қалды. Бірақ бас бапкері Алексей Петрушин өз шәкірттерінің екінші таймда бірнеше мүмкіндікті мүлт жіберіп алып, соңғы секундтарда абдырып қалғандарына алаңдаушылық білдіріп отыр...

«Ордабасы» – «Ақтөбе» – 2:1 (2:0)

Голдар: Тұңғышбаев, 31 (1:0). Нөсербаев, 39 (2:0). Иури Альмейда, 90+2 (2:1).

Ескертулер: Қайыров, 16. Төлебек, 23. Бейсенов, 28. Диакате, 33. Витор Жуниор, 45+1. Аслан, 67.

Алаңнан қуылғандар: Қайыров, 54 (екінші ескерту), Төлебек, 74 (екінші ескерту).

«Ордабасы»: Нұрмұхаметов, Төлебек, Абдулин, Фонтанелло, Смақов, Бейсенов, Диакате (Жұмаханов, 65), Бочаров, Тұңғышбаев (Қожабаев, 79), Нұрғалиев (к) (Гейнрих, 86), Нөсербаев.

Қосалқы құрам: Бекбаев, Бөлешев, Әшірбеков, Адырбеков, Симчевич, Гогуа.

«Ақтөбе»: Сидельников (к), Қайыров, Жұмағали, Воловик, Кәкімов, Аслан, Шестаков, Байтана, Витор Жуниор (Торрес, 46; Тотай, 70), Диас Морейра (Айтбаев, 56), Иури Альмейда.

Қосалқы құрам: Отарбаев, Зенькович, Дәуітов, Әбдукәрімов, Сәулет, Ермаченко.

Төрешілер: Бобров (Қарағанды), Тасыбаев (Павлодар), Лабашов (Атырау)

20 мамыр, Шымкент, «Намыс» стадионы. 2700 көрермен.


Автор: Нұрғазы САСАЕВ

Теги: Владимир МухановАлексей ПетрушинҚазақстан Премьер-лигасыҚазақстан чемпионатыТаңат Нөсербаев"Ақтөбе"Еркебұлан Тұңғышбаев"Ордабасы" ФКKazakhstan Premier LeagueOrdabasy ShymkentFC Aktobe

Вернуться назад