Стойчо Младенов Қожа Ахмет Яссауи кесенесінде болды

Футбол
Стойчо Младенов Қожа Ахмет Яссауи кесенесінде болды
Стойчо Младенов – киелі Түркістан қаласындағы Қожа Ахмет Яссауи кесенесінде. Фото: fckaysar.kz
«Қайсар» футбол клубының бас бапкері, Болгария маманы Стойчо Младенов киелі Түркістан қаласында болды.

Қызылорданың «Қайсарын» жаттықтыратын Стойчо Младенов XІV-ХVIIІ ғасырларда Қазақ хандығының астанасы болған қасиетті Түркістан қаласында болып, Қожа Ахмет Яссауи кесенесін көріп қайтыпты. Сирек кездесетін жеті асыл металдың қоспасынан құйылған қасиетті Тайқазанның жанында тұрып, суретке түскен. Бұл ақпаратты «Қайсар» футбол клубының ресми сайты таратты.

Қожа Ахмет Яссауи кесенесі – Түркістан қаласында XIV ғасырдың соңында тұрғызылған архитектуралық ғимарат, орта ғасырлық сәулет өнерінің көрнекті ескерткіші. Кейін (күні бүгінге дейін) бұл кесене мұсылмандардың жаппай тәуеп ету орнына айналды. Талай ғасырдан бері мұсылманшылықтың алтын бесігі болып келеді. Оны бүкіл қазақ жұрты, түркі әлемі ерекше қасиет тұтады. Түркі әлемінің рухани орталығы.

Ертең «Қайсар» футбол клубы жеңіске жетсе, таң қалмаймыз. Осыдан 10 жыл бұрын Арно Пайперс жаттықтыратын Қазақстан ұлттық құрамасы жаттығу жиынын Шымкентте өткізіп, Түркістанда болып, 24 наурыз күні азулы Сербия құрамасын 2:1 есебімен тізе бүктірген болатын... 

Автор: Айқын ЖАППАР

Теги: Стойчо МладеновҚазақстан Премьер-лигасы"Қайсар"Kazakhstan Premier LeagueТүркістан қаласыҚожа Ахмет ЯссауиKaisar KyzylordaStoycho Mladenov

Вернуться назад