Еркебұлан Сейідахмет өзін футбол әлеміне танытқан құрамаға қарсы ойнады

Футбол
Еркебұлан Сейідахмет өзін футбол әлеміне танытқан құрамаға қарсы ойнады
Қаңтарда ұстазы мен шәкірті құраманы бірге сүйреген... Фото: granatkin.com
Еркебұлан Сейідахмет Таразда өткен халықаралық турнирде өзін Ресей мен Еуропаға танытқан Қазақстан-U18 құрамасына қарсы ойнауға мәжбүр болған...

Таразда Антон Шохты еске түсіруге арналған жасөспірімдер арасындағы ІХ халықаралық турнир тәмамдалды. Дәстүрлі доп додасы кеше аяқталған. Бірақ Қазақстан футбол федерациясының ресми сайтында турнир қорытындысы мен шешуші ойындар нәтижесі әлі жарияланған жоқ.

Финалға Қазақстан-U18 құрамасы мен Тараздың «Монтажник» командасы шығып, Александр Кузнецов жаттықтыратын еліміздің жасөспірімдер құрамасы 3:0 есебімен жеңіске жетіпті.

Осы ретте айрықша көңіл аударарлығы, Испания маманы Карлош Алош Ферер жаттықтыратын Қазақстан-U17 құрамасы финалға да шыға алмаған. Бұл көңілге қонымды нәтиже емес, әрине... Турнир жеңімпазы атанбаса да, шешуші ойынға шығатындай жөні бар емес пе еді?!

Бір қызығы, бұл турнир қазір көпшілік арасында қызу талқыланып жатыр. Себебі Еркебұлан Сейідахмет өзін футбол әлеміне танытқан Қазақстан-U18 құрамасы сапында ойнаған жоқ. Жергілікті «Монтажник» клубы сапында өнер көрсеткен.

Қазақстан-U18 құрамасының аға жаттықтырушысы Александр Кузнецов отандық басылымдарға «Тараз» клубының Еркебұланды құрама сапына жібермегендерін айтып таусылған. Бірақ сәл кейінірек «Монтажниктің» намысын қорғауға жіберген.

Жас бапкер осыны түсінбейді. «Тараз» өз ойыншысын Қазақстан-U18 құрамасының намысын жыртуға жібермейді де, «Монтажникке» береді. Құрама мүддесі қашан да жоғары болуы керек емес пе?! Әлде бізде мүлде басқаша ма?..

Жалпы, Александр Кузнецов бұл турнирге осы жас шамасындағы ең үздік футболшылардың бәрін тарта алмады. Себеп – әр түрлі. Мәселен, «Астана» футбол клубы ел чемпионатының қосалқы құрамында ойнайтын болғандықтан, бірнеше ойыншысын жібере алмаған.

Әйтсе де, талантты бапкер қосалқы құрамдағы ойыншыларымен-ақ Шох турнирінің жеңімпазы атанды. Футболдық ұжымдық ойын екендігін паш ете білді. Өзі жасақтаған команданың қайсыбір дарынды ойыншыларға байланып қалмағандығын іс жүзінде дәлелдеп шықты.

Ал Еркебұлан Сейідахмет ше? Әрине, ол мұндай мәселелерді өзі шешпейді. Үлкендердің сөзін тыңдайды. Бұл жерде «Монтажник» футбол мектебінің іргесін қалаушы және Шох турнирін ұйымдастырушы Георгий Хутиди сияқты беделді адамдар ықпал еткен сияқты.

Еркебұлан осы футбол мектебінен шыққан. Кім бәледі, «Монтажник» командасының қожайыны Сейідахметпен ІХ Шох турнирін жеңіп алғысы келді ме екен? Бірақ қандай дарынды болса да, бір ойыншымен жеңіске жету оңай емес қой...       

Естеріңізге сала кетейік, биыл қаңтар айында Санкт-Петербургте өткен жасөспірімдер арасындағы ХХІХ «Гранаткин мемориалы» турнирінде Қазақстан U-18 құрамасы екінші орынға ие болып, Е.Сейідахмет осы «турнирдің ең үздік шабуылшысы» атанған болатын. 

Автор: Нұрғазы САСАЕВ

Теги: Александр КузнецовҚазақстан құрамасыҚазақстан U-19Еркебұлан СейідахметЖас талантШох турниріKazakhstan football team

Вернуться назад