Айбарлы “Астана” мен қаһарлы “Қайрат” тең түсті

Футбол
Айбарлы “Астана” мен қаһарлы “Қайрат” тең түсті
Гол соққандар – Срджан Граховац және Исламбек Қуат. Фото: fca.kz
Көпшілік күткен «Астана» мен «Қайрат» арасындағы шектен тыс тартысты матч тең аяқталды. Есеп – 1:1.

Матч өте тартысты өтті. Бірінші таймда «Қайрат» басымдау болды. «Астана» футболшылары допты өздерінде көбірек ұстауға тырысқандарымен, қонақтардың қарсы шабуылдары өте қауіпті болды. Алматылықтар өрнекті ойын үлгісін көрсетті.

«Қайраттың» сапында теңбіл допты ұршықша үйірген қас шеберлер көп. Исаэль мен Исламхан бар еді, енді оларға Иличевич қосылды. Ал алғы шепте үнемі оқтаулы мылтықтай “кезеніп” жүретін Гоу бар. Шабуыл өтіне май құя білетін Қуаттың да қуаты бар...

«Астана» командалық ойын үлгісіне иек артады. Тізе қоса қимылдайды. Негізінен, допты бір-біріне қақпақылдап, қарсыласын жаңылдыруға тырысады. Содан соң, пас бергенде, әуелетіп алысқа тебеді. Қос қапталмен құстай ұшатын ойыншылары да бар.

«Қайраттың» техникалық шеберліктері құрық бойламас майталмандары құйындай орап соққанда, «Астананың» берік қорғанысының “топсасы” “сықырлап”, теңселіп кетеді. Тіпті қақпашысы Жерар Гоу өзіне қарай тұра ұмтылғанда, асып-сасып жаза басты. Абырой болғанда өз қатесін өзі түзеп, допты алаң сыртына шығарып жіберді.

Ақыры «Қайрат» гол соғып тынды. Исламбек Қуат алыстан шірене теуіп, Мокин қорғаған қақпаның маңдайшасын қақ бөле жаздады. Дедек қаққан теңбіл доп қақпа маңдайшасынан жерге ұрып, тор ішінде тулады. Гол! Қонақтар алға шықты.

Әрине, «Астана» атой салып, алға қарай лап қойды. «Қайраттың» қарсы шабуылдары – өте қауіпті. Бірақ алматылықтар тағы бір гол соғып, алаң иелерін былтырғыдай “сеңдей соғыстыра” алмады. Осылай бірінші тайм аяқталды.


Екінші таймда сыралғы Стойлов тактикасын сәл өзгертті. Бір қорғаушының орнына шабылға бейім жартылай қорғаушысын шығарды. Алаңдағы ойыншыларының орындарын ауыстырды. Абзал Бейсебеков оң қапталдағы қорғаушының орнына ойысты.

Әйтсе де, екінші таймның басында «Қайрат» көселе шапты. Доп көбінесе – қонақтарда. «Астана» қарсыласының шабуылын тойтарумен болды. Бірақ бірте-бірте бауырын жазып, екпін ала бастады. Ал алматылықтардың біраз ойыншылары шаршаңқырап қалғандай. Қарқындары бәсеңсіп қалды.

Енді «Астана» қонақтарын тықсырып, қыспаққа ала түсті. Кахабер Цхададзе титықтап қалған ойыншыларын тың жігіттеріне алмастырып, қорғанысын күшейтуге кірісті. Бірақ алаң иелері ие берер емес. Шабуыды үдетті. Тамаша екі мүмкіндікті мүлт жіберді.

Ойын аяқталуға айналды. «Қайрат» жеңісті есепті уысынан шығармауға тырысып-ақ бақты. Алайда «Астананың» үдемелі шабуылына қорғанысы төтеп бере алар емес. Морт сынбаса да, “иіліп” барады. Әрі алаң иелерінің сапында қиын-қыстау сәтте батыл шешім қабылдай алатын ойыншы бар екен.

Срджан Граховац айып алаңы сызығы бойынан қақпаның сол жақ бұрышын дәл көздеді. Өте ширақ қимылдады. Бір толғап, доптыыңғайына салып алды да, дәлдеп тепті. «Қайраттың» қорғаушылары да, қақпашысы да үлгермей қалды. Таразы басы теңесті.

Станимир Стойлов мұнымен шектелгісі жоқ. Шәкірттеріне «әлде де қыса түсіңдер» деп белгі беріп, “қамшысын” үйіріп жатыр. «Астана» қауіп бұлтын тағы төндіре түсті. Бірақ уақыт тым аз қалған еді. Әрі өздері де діңкелеп қалғандай...

Сонымен еліміздің екі азулы командасы арасындағы бірінші матч тең аяқталды. Маусым аяғына дейін әлі екі рет кездеседі. «Қайрат» ұтылған жоқ. Турнир кестесіндегі «жеңіліс» (немесе «ұтылыс») деген бағанында әлі нөль тұр. Ал «Астана» басты бәсекелесін өзіне жақындатқан жоқ. Ұпай айырмасы сақталды. Бірақ ұлғайта алмады. 

    

«Астана» – «Қайрат» – 1:1 (0:1)

Голдар: Қуат, 34 (0:1). Граховац, 87 (1:1).

Ескертулер: Твумаси, 28. Маевский, 90+3 – Вороговский, 26. Сүйімбаев, 62. Гоу, 76.

Астана: Мокин, Шитов (Ллуллаку 46), Аничич, Логвиненко, Шомко (к), Бейсебеков, Мұжықов (Муртазаев, 68), Маевский, Граховац, Твумаси (Жалмұқан, 87), Кабананга.

Қосалқы құрам: Эрич, Жақыпбаев, Наджарян, Прокопенко, Жүнісов, Постников.

Кайрат: Плотников, Вороговский, Ахметов, Арзо Ампоста, Сүйімбаев, Қуат, Жуков (Қуантаев, 90+3), Иличевич (Бакаев 78), Исламхан (к), Исаэль (Аршавин, 67), Гоу.

Қосалқы құрам: Грубов, Маркович, Элек, Анене, Тұрысбек, Балтабаев.

Төрешілер: Вишниченко (Қостанай), Тихонюк (Ақтөбе), Жаппасбаев (Қызылорда)

02 мамыр. Астана. «Астана-Арена» стадионы. 14 500 көрермен


Автор: Нұрғазы САСАЕВ

Теги: Жерар ГоуСтанимир СтойловКахабер ЦхададзеСрджан ГраховацҚазақстан Премьер-лигасыҚазақстан чемпионаты"Қайрат""Астана" ФКИсламбек ҚуатЕл чемпионы

Вернуться назад
★ Вы можете разместить вашу рекламу на нашем сайте. Напишите нам на whatsapp нажав на эту ссылку