“Астана” төрт гол соғып “Таразды” тізерлетті

Футбол
“Астана” төрт гол соғып “Таразды” тізерлетті
«Астана» – «Тараз» – 4:0. Фото: fca.kz
«Астана» алтыншы рет қатарынан жеңіске жетті. Сегізінші турда «Таразды» ойсырата жеңіп, қоржынына тағы үш ұпай салды.

Ел чемпионы бұл жолы «Тараздың» қорғанысын талқандады. Бірақ қонақтарына да мүмкіндік берді. Ойының басында «Тараз» шабуылшысы қақпашымен бетпе-бет шықса да, гол соға алмады. Осылай бірнеше мүмкіндіктерін мүлт жіберіп алып, содан соң өз қақпаларынан доп “қармады”...

Бірінші голды Срджан Граховац соқты. Айып соққысын асқан шеберлікпен орындап, теңбіл допты доғаша иіп қақпаға дөп түсірді. Бұдан кейін Джуниор Кабананга басымен гол соғып, есепті еселей түсті. Бірінші таймның аяғында Дидар Жалмұқан «Тараз» қақпашысын үшінші рет қапы қалдырды.

Екінші таймда «Астана» қонақтарының қақпасын қанша торып, бірнеше рет нысанаға алса да, бір-ақ рет гол соғудың сәті түсті. Бұған ойынның екінші жартысында желге қарсы ойнағандары да кесірін тигізген сияқты. Ал соңғы гол соққан... Тағы да – Кабананга. Тағы да – басымен. Әуелеп ұшқан допты басымен сілкіп қалып, қақпаға дәл түсірді. Өте әдемі соғылған гол болды.

Негізі, Кабананга бұл ойында басымен үш гол соққан. Бірақ төрешілер матч басында соққан добын есепке алмады. Әйтсе де, Конго ДР шабуылшысы Қазақстан премьер-лигасының сұрмергендер тізімінде екінші орынға шықты. Енді Жерар Гоумен қызу бәсекеге түсетін болды.

«Астана» екінші таймда да қонақтарының шабуылға шығуына мүмкіндік берді. Қыспаққа алып, өз қақпасына қарай тықсырып тастаған жоқ. Алайда «Тараз» футболшыларына есепті тым болмаса қысқартудың сәті түспеді. Бәлкім, шеберлік жетіпеген де болар. Кейде «Астананың» қақпашысы қателескенімен, қорғаушылары дер кезінде көмекке ұмтылып, қауіп бұлтын сейілтіп отырды.

Сонымен «Астана» үшінші турдан бері алтыншы рет қатарынан жеңіске жетті. Соңғы үш ойында жауапсыз 10 гол соғып, қарсыластарын ірі есеппен тізерлетті. Сегіз ойыннан 19 ұпай еншілеп, жеке-дара көш бастады.

«Астана» – «Тараз» – 4:0 (3:0)

Голдар: Граховац 13, Кабананга 33, Жалмукан 43, Кабананга 84

Ескертулер: Бейсебеков, 34 – Әмірханов, 40.

«Астана»: Мокин, Бейсебеков, Логвиненко, Аничич, Шомко (к), Маевский, Граховац, Мұжықов (Постников, 75), Жалмұқан (Ллуллаку, 58), Муртазаев (Твумаси, 68), Кабананга.

Қосалқы құрам: Подымский, Шитов, Жақыпбаев, Наджарян, Сағынаев, Жүнісов

«Тараз»: Логиновский (Бабаханов, 46), Әмірханов, Молтусинов, Миюшкович, Шипицин, Зайнутдинов (Азовский, 65), Диара (Эргашев, 76), Горбанец, Морис, Қожамберді, Мухаметшин (к).

Қосалқы құрам: Фещук, Шадманов, Нұралы, Таубай, Байжанов, Райымбек

Төрешілер: Атажанов (Шымкент), Павлов (Алматы), Тасыбаев (Павлодар)

23 сәуір. Астана. «Тарлан Арена» стадионы. 1 000 көрермен


Автор: Айқын ЖАППАР

Теги: Ваит ТалгаевДжуниор КабанангаСтанимир СтойловСрджан ГраховацҚазақстан Премьер-лигасыҚазақстан чемпионатыДидар ЖалмұқанСерікжан Мұжықов"Астана" ФК"Тараз" ФК

Вернуться назад
★ Вы можете разместить вашу рекламу на нашем сайте. Напишите нам на whatsapp нажав на эту ссылку