“Ертіс” екі ұпайдан айырылып, “Қайрат” түзде “тайғақ” кешті

Футбол
“Ертіс” екі ұпайдан айырылып, “Қайрат” түзде “тайғақ” кешті
«Ертіс» – «Қайрат» – 3:3. Фото: fcirtysh.kz
«Қайрат» ерке Ертіс жағасында ұтылып қала жаздап, тең түсті. Бір ұпайдың бағасы тым қымбатқа түсті...

Ойын басталған бетте «Ертіс» алға шықты. Қонақтарын қыспаққа ала түскендей еді. Бірақ голды бірінші болып «Қайрат» соқты. Қарсы шабуыл. Алаң иелерінің орталық қорғаушысы Илья Воротников алға ентелеген Жерар Гоуды тоқтата алмады. Тіпті оның қақпаны дәл көздеуіне мүмкіндік беріп қойды. Қақпашы да құтқармады.

Көп ұзамай, «Ертіс» есепті теңестірді. «Қайраттың» қақпашысы допқа жүгірген «Ертіс» шабуылшысын шалып жықты. Дәл сол сәтте шабуылшы да осындай мүмкіндікті ұтымды пайдаланған сияқты. Сонымен, пенальти. Стефан Живкович мұндайды мүлт жібермейді.

20-минутта Стас Покатилов «Ертістің» шабуылшысының соққысын тойтармақ болып, жарақат алып қалды. Оқыс қозғалды. Шалыс басты. Ойынды жалғастыра алмайтын болды. Орнына жас қақпашы шықты...

Өрімдей жас қақпашы, яғни Владимир Грошев толғанысын тарқатқанша, «Ертіс» шабуылды үдетіп, екі гол соқты. Әуелі Аслан Дарабаев «Қайраттың» үш ойыншысын алдап өтіп, алыстан шірене теуіп, қақпа торын бүлк еткізді. Тамаша гол!

Ал бірінші таймның аяғында Джа Джедже оң қапталдан көлдбеу үшқан допқа атылып, басымен қақпа ішіне түсірді. Гол! Осылай бірінші тайм аяқталды. «Ертіс» екі доп айырмасымен алда тұрды.

Екінші таймда «Қайрат» тайлы-таяғымен алға қарай лап қойды. «Ертіс» тек қорғанысқа көңіл бөлуге көшті. Бірақ қонақтарының пәрменді шабуылына төтеп бере алмады. Қонақтары 10 ойыншымен қалса да, үш ұпайдың екеуінен айырылып қалды...

Екінші таймның басында «Қайраттың» орталық қорғаушысы Арзо Ампоста алаң иелерінің қарсы шабуылдарын тоқтатпақ болып, екі рет ойын ережесін бұзды. Сөйтіп, алаңнан қуылды. Бұл «Ертіске» берілген тамаша мүмкіндік еді.

Алайда, алаң иелері жеңісті есепті уыстарында бәрібір ұстап тұра алмады. Әуелі Иво Иличевич алыстан допты басымен қақпаға дәл түсірді. Ал матч соңында Бауыржан Исламхан айып соққысын орындап, теңбіл допты шиіре теуіп, таразы басын теңестірді. «Ертістің» қақпашысы тағы да қапы қалды.

Екі доп айырмасымен алда тұрған алаң иелері қарсыласы тәжірибесі аз, жас қақпашымен қалса да, бір ойыншысы алаңнан қуылып, кем құрамда ойнаса да, қолда тұрған жеңістен айырылып қалды. Ал «Қайрат» футболшылары екінші таймда жігерлік танытып, таразы басын теңестірді. 

«Ертіс» – «Қайрат» – 3:3 (3:1)

Голдар: Гоу, 5 (0:1). Живкович, 13-пенальтиден (1:1). Дарабаев, 28 (2:1). Джедже, 40 (3:1). Иличевич, 61 (3:2), Исламхан, 88 (3:3).

Ескертулер: Джедже, 48. Двали, 59. Нганбе, 87. Лория, 88 – Арзо Ампоста, 54. Жуков, 55. Маркович, 81. Қуат, 87.

Алаңнан қуылды: Арзо Ампоста, 58 (екінші ескерту)

«Ертіс»: Лория (к), Есімов, Воротников, Двали, Живкович, Алиев, Дарабаев, Родриго, Джедже (Попов, 71), Фонсека, Фофана (Нганбе, 75),

Қосалқы құрам: Калмыков, Ткачук, Смайылов, Жұмасқалиев, Чернышов, Калинин, Шабалин

«Қайрат»: Покатилов (Грошев, 23), Қуантаев (Жуков, 46), Маркович, Арзо Ампоста, Сүйімбаев, Қуат, Элек, Иличевич, Аршавин (Исаэль, 59), Исламхан (к), Гоу.

Қосалқы құрам: Анене, Вороговский, Ахметов, Тұрысбек, Бакаев

Төрешілер: Кучин (Қарағанды), Попов (Өскемен), Лабашов (Атырау)

23 сәуір. Павлодар. «Орталық» стадион. 6 000 көрермен


Автор: Нұрғазы САСАЕВ

Теги: Стас ПокатиловАслан ДарабаевБауыржан ИсламханЖерар ГоуСтефан ЖивковичҚазақстан Премьер-лигасыҚазақстан чемпионаты"Қайрат"Пенальти"Ертіс"Қызыл қағаз

Вернуться назад