Масудов Қазақстан қырандарымен Норвегия жастарын жеңе ала ма?

Футбол
Масудов Қазақстан қырандарымен Норвегия жастарын жеңе ала ма?
21 жасқа дейінгі Қазақстан жастар құрамасы. Фото: kff.kz
Кеше түнде 21 жасқа дейінгі Қазақстан жастар құрамасы ағылшын таланттарынан ұтылып қалды. Енді 11 қазан күні Норвегия жігіттерімен кездеседі. Есе қайтарулары керек...

2017 жылғы Еуропа чемпионатында 12 құрама бақ сынайды

Жастар арасындағы 2017 жылғы Еуропа чемпионаты келесі жылы жазда (маусымның екінші жартысында) Польшаның алты қаласында өтеді. Оған тұңғыш рет 12 құрама қатысады. Қазір осы дүбірлі доданың електік додасы тәмамдалуға айналып, шешуші ойындары өтуде.

Әу баста Еуропаның жастар арасындағы құрамалары (Польшадан басқасы, әрине) тоғыз топқа бөлінген болатын. Осы тоғыз топта бірінші орынға ие болғандар Еуропа чемпионатының финалдық додасында бақ сынау құқығына тікелей ие болады. Сонда тоғыз топтың жеңімпазы мен Польша (финалдық дода қожайындары) 10 құрама болады.

Ал қалған екі жолдама екінші орын алған командалар арасында сарапқа салынады. Бір көңіл аударарлығы, тоғыз топта екінші орын алғандардың тек төртеуі ғана (техникалық көрсеткіштері жоғарысы) плей-оффта бақ сынайды. Олар екі жұпта додаға түсіп, қалған қос жолдамаға таласады.


Тоғызыншы топта Англия үздік шықты

Қазақстан жастары 9-топқа түскен болатын. Вахид Масудов жаттықтыратын жастарымыз – әзірше төртінші орында. Ал бұл топта Англия таланттарының бағы жанды. Әрі Еуропа біріншілігі жолдамасына қазақ топырағында қол жеткізді.

Кеше түнде Англия U-21 құрамасы Ақтөбеде Қазақстан жастарын 1:0 есебімен жеңіп, Еуропа чемпионатының финалдық додасы жолдамасына ие болды.

Осы ретте айта кетейік, әзірше Еуропа чемпионатының финалдық додасы жолдамасына қол жеткізген құрамалар саны – бесеу-ақ. Олар: Польша, Англия, Дания, Словакия, Португалия. 11 қазан күні қалған бесеуі белгілі болады.



Соңғы қарсыласымыз – Норвегия

Қазақстан жастары 2017 жылғы Еуропа чемпионатының іріктеу турнирі аясындағы соңғы кездесуін Норвегия U-21 құрамасымен өткізеді. Скандинавиядан келетін қонақтарын да 11 қазанда Ақтөбеде қабылдайды.

Вахид Масудов шәкірттері осы ойында нәтижелі ойын өрнегін көрсетіп, биылғы маусымды (осы циклді) жеңіспен аяқтаса, нұр үсіне нұр болар еді. Ағылшын жастарынан жеңіліп қалғаннан кейін бапкердің өзі де «енді Норвегиямен өтетін ойынға дайындаламаз» деген.

Иә, Норвегия құрамасы 9-топта екінші орыннан – дәмелі. Бүгін түнде Швейцарияны қабылдайды. Осы матчта қайсысының екінші орынды иеленетіндігі шешілуі керек. Бірақ екеуі де екінші орынға ие болса да, 2017 жылғы Еуропа чемпионатының қосымша екі жолдамасына таласа алмайтын сияқты. Өйткені, басқа топтардағы екінші командалардың техникалық көрсеткіштері – біршама жоғары.

Біздің ойымызша, Вахид Масудов 11 қазан күні жеңіске жетуге тырысады. Өзіне артылған сенімді ақтауға тырысуы керек. Әрі Норвегия кешегі Англиядай емес. Ойнауға да, жеңуге де болатындай.
Осыдан бір жыл бұрын, яғни 2015 жылғы 8 қазан күні Драмменде өткен ойында біздің жігіттер 1:2 есебімен жеңіліп қалған. Ендеше, есе қайтару керек.

Автор: Нұрғазы САСАЕВ

Теги: Вахид МасудовҚазақстан құрамасыЕуропа чемпионатыҚазақстан жастар құрамасыНорвегияАнглия жастар құрамасы

Вернуться назад
★ Вы можете разместить вашу рекламу на нашем сайте. Напишите нам на whatsapp нажав на эту ссылку