Ағылшын жастары Ақтөбеден үш ұпай олжалап қайтты

Футбол
Ағылшын жастары Ақтөбеден үш ұпай олжалап қайтты
Қазақстан U-21 – Англия U-21 – 0:1. Фото: kff.kz
Қазақстан жастар құрамасы Ақтөбеде Англияның жас таланттарын қабылдап, 0:1 есебімен ұтылып қалды. Бұл 2017 жылғы Еуропа чемпионатының електік додасы аясындағы ресми кездесу болатын.

Көптеген жанкүйерлер бұл ойында ағылшын жастары ірі есепен жеңеді деп ойлағандай. Бірақ іс жүзінде олай болмай шықты. Англияның мақтаулы жас таланттарымен де ойнауға болады екен. Әттең, мұны Қазақстан жастар құрамасының ойыншылары сәл кештеу түсінгендей...

Себебі бірінші таймның басында қателесіп, қонақтар гол соғып кетті. Нэтон Рэдмонд оң қапталдан алға ентелеп, допты көлбеулете қақпа алдына қарай тепті. Сол сәтте біздің қорғашылар Демарай Грейден көз жазып қалды. «Лестердің» жас шабуылшысы мұндай мүмкіндікті мүлт жіберсін бе? Қорғаушылардың ту сыртынан жүгіріп шығып, қақпаны дәл көздеді.

Англия жастары бұдан кейін де бірнеше шабуыл ұйымдастырды. Бірақ біздің қорғаушыларымыз сауатты түрде қорғана білді. Қақпашы Павлов та батыл қимылдай бастады.

Бірінші таймның ортасына қарай біздің бозбалаларымыз қарсы шабуылға шығып, қонақтардың қорғанысын піспектей бастады. Әйтсе де, алғы шепте допты ұзақ ұстаудың сәті түсер емес. Тез қимылдау керек. Қонақтардың қорғаушылары ойлануға да мұрша берер емес...

Екінші таймда да Англия жастары біздің жігіттерді тықсырып, қыспаққа ала түсті. Бірақ қорғанысымызды бұзып-жарып өте алмай, біраз діңкеледі. Павлов қорғаған қақпаны алыстан да нысанаға алып көрді.

Ал Қазақстан жастар құрамасының қақпашысы Станислав Павлов өз шеберлігін паш ете бастады. Өзіне деген сенімдігі де арта түскендей. Ағылшындар екінші таймда бір-ақ рет біздің қорғанысымызды “тесіп” өткен шығар. Бірақ Редмонд Павловпен бетпе-бет шығып, айласын асыра алмады.

Қазақстан жастары қарсы шабуылдар ұйымдастырып, есепті теңестіруге тырысты. Бірақ Англия жастары қақпасын туралап тұрып, нысанаға алудың сәтін таппады. Ылғи асығыс қимылдап, азын-аулақ мүмкіндіктерін дұрыс пайдалана алмай қойды.

Сөйтіп, ағылшындар есепті еселей, ал біздің бозбалаларымыз таразы басын теңестіре алмады. Англия жастарының барлық қабілеттері осы ма, әлде тағы да гол соққаннан гөрі өз қақпаларына доп жібермеуді көп ойлады ма, әйтеуір соншалықты тамсандыра алмады...

Қазақстан U-21 – Англия U-21 – 0:1

Гол: Грей, 6.

Қазақстан U-21: Павлов, Аслан, Рудосельский, Сартаков, Вороговский (Қалмұратов, 85), Шайыхов, Сапаров, Төлиев, Федин (Айымбетов, 74), Сүлей (Жалмұқан, 46), Тұңғышбаев.

Англия U-21: Вудмен, Гэллоуэй, Холгейт, Чалоба, Чемберс, Холдинг, Бейкер, Уорд-Проус, Лофтус-Чик (Уотмор, 73), Редмонд, Грей (Абрахам, 85).
Бас төреші: Сергей Лапочкин (Ресей)

Ойынның қысқаша статистикасы:

Соққы: 9 – 22

Тура соққы: 3 – 9

Қиыс кеткені: 4 – 9

Тойтарылғаны: 2 – 4

Қақпа маңдайшасы: 0 – 1

Бұрыштама соққылар: 1 – 9

Ескерту (сары қағаз): 4 – 1

Ереже бұзу: 12 – 8

Автор: Нұрғазы САСАЕВ

Теги: Вахид МасудовҚазақстан құрамасыЕуропа чемпионатыЖастар құрамасыАнглия жастар құрамасыАқтөбеЭйди Бутройд

Вернуться назад
★ Вы можете разместить вашу рекламу на нашем сайте. Напишите нам на whatsapp нажав на эту ссылку