Эдуард Глазунов – Көзі қарақты жанкүйер менің "Қайсардан" неліктен кеткенімді жақсы түсінеді

Футбол
Эдуард Глазунов – Көзі қарақты жанкүйер менің "Қайсардан" неліктен кеткенімді жақсы түсінеді
Эдуард Глазунов
«Қайсар» футбол клубының экс-директоры Эдуард Глазунов аз-кем үзілістен соң порталымызға қысқаша сұхбат беруге келісіп, неліктен қызметінен босағаны жөнінде ашып айтып берді.

– Бірінші ретте мені жылы қабылдап, осы уақытқа дейін менімен бірге болған барша «қайсарлықтарға» алғыс білдіргім келеді, - деп бастады Эдуард Борисович. – Клубтағы орынбасарымнан бастап күзетшілерге дейін рахмет айтамын. Олар әрдайым мені қолдап, клубты дамытуға бар үлестерін қосты. Қызметке кіріскен бірінші күннен-ақ жұмысқа деген құлшыныстарын көрсетті. Командаға ерекше алғыс. Бапкерлер алқасы болсын, футболшылар болсын, өздеріне берілген тапсырманың маңызын терең түсініп, мақсатқа жету жолында аянбай тер төгуде. «Қайсарға» директор ретінде қызметке шақырып, мүмкіндік берген облыстық Дене шынықтыру және спорт басшылығына да ризашылығымды білдіремін.

– Ендеше клубтан кетуіңізге не түрткі болды. Ресми ақпарат бойынша, Қызылордадан отбасылық жағдайыңызға байланысты кетіпсіз.

– Көзі қарақты жанкүйер менің неліктен «Қайсардан» кеткенімді жақсы түсінеді. Сондықтан, бұл жайына тоқталып жатудың қажеті бар деп ойламаймын.

– Ендеше 18 мамыр күні Астанада өткен Лига кеңесі жайлы пікіріңізді білсек. Сіз сол жиналыста КФЛ-дың сол кездегі басшысы Олжас Абраевтың қызметтен кетуіне қарсы дауыс берген едіңіз...

– Мен сол жиналыста қандай әрекет барсам да барлығын «Қайсар» үшін, ел футболының игілігі үшін жасадым. Қандай нәрсе орын алса да, қандай шешім қабылданса да, өркениетті түрде жүзеге асқанын қаладым. Әйтпесе, ҚФФ Президенті Ерлан Қожағапановқа да, КФЛ-дің қазіргі басшысы Бағлан Ергешев пен бұрынғы президенті Олжас Абраевқа да өштігім жоқ. Қазақстан ұлттық құрамасының ойындарына да қарсы емеспіз. Ешкім де қарсы емес. Бірақ, бір күн бұрын тек Бірінші лига клубтары директорларының қатысуымен өткен жиналыста ертеңгі мәжілістің не жайында болатынын білген де жоқпыз.

– Лига кеңесінен кейін ҚФФ Президентімен жеке сөйлескен жоқсыздар ма?

– Ерлан Тохтарқанұлымен артынша пікір алмастық. Түсініспеушіліктің орын алғанын айттым. Өйткені, Қазақстанда туып-өскен ешбір басшы елімізде футболдың дамуына қарсы емес. Бәрінің де отандық аяқдоп үшін жаны ашиды. Мен де солай. Футболдың дамуына, дұрыс жолмен дамуына өз үлесімді қосқым келеді. Соны түсіндіргім келді ҚФФ Президентіне.

– Жалпы, Қазақстан футбол федерациясының қазіргі бағытын қалай бағалайсыз?

– Жаңа айттым ғой, ешбір қазақстандық басшы елімізде футболдың кері кеткенін қаламайды. Ол кісі де футболды барынша дамытқысы келеді. Бірақ, дамыту тұрғысында әркімнің өз түсінігі бар. Бәлкім, айналасындағы бірді-екілі адамдардың ойы дұрыс емес шығар.

– Енді осы қарқындағы Қазақстан футболынан не күтесіз?

– Мен клубтық футболға сенемін. Командаларымыз былтырғы ерліктерін биыл да қайталап, еурокубоктардың топтық кезеңіне бір емес, екі клубымыз да шығады деп үміттенемін. Бұларда менеджмент жақсы дамыған. Ал ұлттық құрамаға Талғат Байсуфиновті бекітуге не кедергі болып тұрғанын түсінбеймін. Отандық мамандар өздерінің біліктіліктерін дәлелдеді ғой. Енді ары қарай жұмысын жалғастыруға мүмкіндік берсе, сенім үдесін шығады деп ойлаймын.

– Енді «Қайсардан» кетіп, «әттеген-ай, мына нәрсені істей алмадым» өкінішіңіз бар ма?   

– Қызылорданың командасында адал жұмыс істедім. Шыным сол, бір тиын артық алып, бір теңге артық жұмсаған емеспін. Клубтың жұмысын жетілдіріп, алға дамыту үшін қолымыздан келгеннің барлығын жасауға тырыстық. «Степные волки», «Жастар» және «Старая гвардия» жанкүйерлер қозғалыстарымен байланысымызды нығайттық. Орайы келіп тұрғанда оларға да алғысымды жеткізгім келеді. Тек маркетинг жағына уақыт жетіспеді. Осы бағытта жұмыстарымызды әлі де дамытамыз деп ойлап едім. Бірақ ол үшін клуб Премьер-лигада болуы керек. Жалпы, «Қайсарда» өз ісінің адал жандары жұмыс жасайтынына көз жеткіздім.

Автор: Әзиз ЖҰМАДІЛ

Теги: Эдуард ГлазуновҚайсар ФКЕрлан ҚожағапановҚФФ президентіБірінші лига футбол

Вернуться назад
★ Вы можете разместить вашу рекламу на нашем сайте. Напишите нам на whatsapp нажав на эту ссылку