Қазақ футболшыларына шетелдік клубтар көз тігіп отыр

Футбол
Қазақ футболшыларына шетелдік клубтар көз тігіп отыр

Соңғы кездері қазақ футболшылары көз сүзе бастаған шетелдік клубтардың саны артып келеді. Ресей мен Түркиядан бөлек, Италия сияқты топ бестікке кіретін лигалардың да командалары біздің жігіттерге қызыға бастаған.

Мысалы, «Ақтөбенің» шабуылшысы Максим Самородовқа Италиядан ұсыныс бар екен. Туриннің «Торино» командасы қатарларына қосқысы келеді.

Клубтардың скауттары Еуро-2024 аясында Қазақстанның Словениямен өткізген ойынына қатысқан. Бұл туралы Италияның басылымдары жазды.

«Словения мен Қазақстан арасындағы матчты «Стожице» стадионынан Австрияның «Рапид» пен Италияның «Торино» клубтарының скауттары тамашалайды. Олардың басты назары «Ақтөбенің» шабуылшысы Максим Самородовқа ауады», - делінген Италия БАҚ-тары жазған инсайд ақпаратта.

Бұған дейін 21 жастағы футболшыға австриялық клуб қызығушылық танытқаны хабарланған. Сондай-ақ оған көз тіккендер қатарында Түркияның «Трабзонспор» клубы бар.

Самородов орталық шабуылшы және қос қапталда да ойнай алады. Биылғы маусымда 29 ойында 7 гол соғып, 5 нәтижелі пас берді. Ұлттық құрама сапында Словения және Солтүстік Ирландия қақпасын дәл көздеді.

Сан-Марино қақпасына дубль жасаған Ислам Чесноковқа Италияның А Сериясындағы «Фрозиноне» клубы тарапынан қызығушылық бар екені айтылады.

Исламның жарқырап шыққаны осы маусым. Бұған дейін Беларусь чемпионатында доп тепкен футболшы биыл Қостанайдың «Тобыл» клубында нәтижелі ойын көрсетті. Қазақстан кубогының финалында жеңіс голын салды. Еврокубокта да көзге түсті. Жалпы, «Тобыл» сапында 34 ойында 8 рет мергендік танытып, 4 нәтижелі пас берген.

Transfermarkt футболшының нарықтағы құнын 400 мың евроға бағалап отыр.

Негізі Ислам өзі карьерасын Түркияда жалғастыруды қалайды екен. Көрші Ресейден де ұсыныстар бар.

«Тобыл» капитаны 34 жастағы Серікжан Мұжықов та кетіп қалуы мүмкін. Жақында Түркияның «Гезтепе» клубына қазақстандық жанкүйерлерге жақсы таныс Станимир Стойлов бас бапкер болған. Бірден өзіңе таныс футболшыларды шақыра бастаған. Солардың қатарында Серікжан Мұжықов бар көрінеді.

Команда Түркияның бірінші лигасында ойнайды. Суперлигага оралудан үмітті. Мұжықов пен Стойлов «Астанада»бірге істеді. Отандасымыздың «Тобылмен» келісімшарты биыл жыл соңында аяқталады.

Түркияның топ клубтарының бірі «Фенербахче» қорғаушы Нұрәлі Әліптен үмітті. 23 жастағы футболшы Ресейдің «Зенит» командасында доп тебеді. Кореялық Ким Мин Джэнің Еуропа футболына жолын ашқан Түркия командасы тағы бір талантты бағын жағуды көздейді.

Биыл ұлттық құрамада бірнеше матч өткізген «Қызылжар» капитаны Еркін Тапаловты да Түркиядан көруіміз ықтимал. Бірінші лигасындағы «Маниса» алғысы келеді. Ол биыл Петропавл командасы сапында 27 матч өткізген.

«Маниса» сапында кезінде Англияның «Фулхэм» клубында ойнаған Керім Фрай сияқты футболшылар бар.

Авторы: Асфендияр Жанаділ

Тегтер: Футбол трансферіМаксим СамородовНұрәлі Әліп

Кері қайту