Алғаш рет ақпанда, сабыламыз стадионға...

Футбол
Алғаш рет ақпанда, сабыламыз стадионға...
Фото sporting.pt сайтынан
Биыл қазақ даласына футбол ерте келді. Әншейінде, күлімдеген көктемді күтуші едік. Биыл теңбіл доп додасы көгілдір көктемнен де бұрын жетті.

Доп додасы болғанда, қандай деңіз! Елішілік бәсеке емес, Еуродода! Еуропа лигасының плей-офф сатысы. UEFA кубогының 1/16-финалындағы бірінші матч. «Астана» Португалияның азуы алты қарыс «Спортинг» клубымен кездеседі.

Сарыарқа төсінде биыл қыс қатты болды. Бірақ соңғы күндері қаһарына мінген үскірік аяздың беті қайтып, шуақты күн сәулесі төгіліп тұрған. Алайда бүгін күн қайтадан суытып қоя берді. О, тоба! Ерте келген доп додасына қаһарлы қазақ қысының көрсеткен қыры ма екен?!

Бір жағынан бұл жақсы болды. Португалиядан келген теңбіл доп шеберлеріне табиғатың өзі осылай сес көрсетіп тұрғандай болды. «Атом заманында, компьютер дәуірінде халықаралық деңгейдегі жалғыз стадиондарына табиғи шөп өсіре алмай, жасанды желек төсеп тастағандары несі» деп, кейкиіп келген қонақтар бүрсең қақты...

Ал «Астана» футбол клубы мен бас қала әкімдігі ертеңгі матчқа дайындалып жатыр. Білек сыбана кірісіп кеткен. Техниканың неше түрі «Астана-Арена» стадионының маңайын қыс бойы көбесі сөгілмеген қардан тазартап жатыр. Грейдер мен бульдозерлер омбы қарды тегістей сырып, жанкүйерлердің автокөліктері тұратын алаңқайларды тазалап, жолдарды ашып қойды.

Бүгін журналистерге арналған баспасөз жиынында «Астана» футбол клубының бас бапкері Станимир Стойловтың көңілі сынық секілді көрінді. «Қарнымның ашқанына емес, Кабананганы сатқанына қапаланамын» деп тұрғандай. Оңай дейсіз бе, маңызды матч алдында бесаспап шабуылшысынан айырылып қалды...

Қызық... Тура Абай атамыз айтқандай, «Спортинг» тоңып секіреді, Стойлов торығып “секіреді”... Енді ше, Джуниор Кабананга гол соқпаса да, Еуропаның әйгілі клубтарының қорғаушыларын сеңдей соғыстырып, екі аяқтарын бір “бутсыға” тығып жүретін.

Енді «негізгі құрамда алаңға шығармады» деп бұртиып жүретін Джордже Деспотович пен Алексей Щеткинге мүмкіндік берілетін сияқты. Көрсетсін, Кабанангадан кем емес екендерін. Сенім үдесінен шыға алмаса, өздеріне сын. Бұл – Қазақстан премьер-лигасы емес, Еуропа лигасының плей-офф сатысы...

Әрине, «Астана» «Спортингтен» өте алмаса да, ешкім сөге қоймас. Бірақ намысты қолдан бермеу керек. Мұны ел чемпионы жақсы түсінеді. Әрі қазақ футболының тарихи жетістіктерін жаңғыртып жүрген ұжым тағы бір белесті бағындырғанды теріс көрмейді...

«Спортинг» “бойына” емес-ау, деңгейіне сенеді. «Астана-Аренаның» жасанды желегінен секем алып, ертең Жереми Матье сынды қайсыбір ойыншыларын алаңға шығармайтын болыпты. Қарымта матч Лиссабонда өтетіндігін көңілге медеу тұтады. Пиреней түбегінен 6171 шақырым жер шалып, 7,5 сағат ұшып келді. Енді, құрдан-құр кеткілері келмейді...

«Астана» болса, өз жанкүйерлері алдында аянбайды. Барын салады. Ол анық. Өз жерімізде Еуропаның үздік командаларын ұтып, айбынын асқақтата беруді ойлайды. Сарыарқа төсінде сүріндірмесе, «Спортинг» өз жерінде ие бермейді. Яғни бұл ойын қызықты болуы керек.

Авторы: Нұрғазы САСАЕВ

Тегтер: Станимир СтойловFC AstanaЕуропа лигасы"Астана" ФКплей-офф"Спортинг"1/16-финалыStanimir StoilovUEFA Europa LeagueSporting

Кері қайту