Шаттан, Әзірбайжан! – «Карабах» Чемпиондар лигасында

Футбол
Шаттан, Әзірбайжан! – «Карабах» Чемпиондар лигасында
"Карабах" Чемпиондар лигасының топтық кезеңіне шықты. Фото: qarabagh.com
Әзірбайжан чемпионы «Карабах» бүгін түнде тарихи жетістікке қол жеткізіп, тұңғыш рет УЕФА Чемпиондар лигасының топтық кезеңіне шықты.

Биыл «Карабах» клубының жолы болды. Бағы жанып, жеребесі жеңіл түсті. Әуелі, яғни Чемпиондар лигасының екінші іріктеу кезеңінде Грузияның «Самтредиа» клубын тас-талқан қылды – 5:0 және 1:0. Бұдан кейін Молдованың «Шериф» командасымен жолы түйісіп, одан да айласын асырды – 0:0 және 2:1.

Ал плей-офф сатысында Дания чемпионы «Копенгаген» клубымен додаға түсті. Өз алаңында 1:0 есебімен жеңіске жетіп, түзде 1:2 есебімен ұтылып қалды. Жалпы есеп – 2:2. Сырт алаңда соққан голының арқасында «Карабах» тұңғыш рет Чемпиондар лигасының топтық кезеңіне шықты.

Өздеріңіз де байқап отырған боларсыздар, «Карабахтың» қарсыластары «Легия» және «Селтик» секілді азулы клубтар болған жоқ. Әйтсе де, Қарт Каспийдің арғы бетіндегі көршілерімізді ерен жетістіктерімен құттықтаймыз. Яғни Чемпиондар лигасының топтық кезеңінде өнер көрсетуге лайық тер төгіп, еңбек сіңірген.

Ал «Астана», міне, екі жыл болды, «Селтиктен» өте алмай жүр. Кездейсоқтық па, әлде шынымен де солай ма, жеребе тарту арқылы біздің чемпионымыз Шотландияның әйгілі клубына тап болып, деңгейі өзінен жоғары командадан айласын асыра алар емес...

Осылай, Чемпиондар лигасының топтық кезеңіне шыққан клубтар алыс жол азабынан “құтылып” келеді. Былайша айтқанда, жеребе оларды “құтқарып” келеді. Бұған бәрі де қуанатын шығар. Өйткені көптеген командалардың «Реал», «Барселона» секілді азулы клубармен емес, «Астанамен» бір топқа түсіп қалғылары келмейді. Жол алыс, жасанды алаң...

Чемпиондар лигасы. Плей-офф сатысы (қарамен жазылғандар топтық кезеңге шыққан командалар):

"Астана" – "Селтик"– 4:3 (жалпы есеп – 4:8)

"Копенгаген" – "Карабах" – 2:1 (2:2, түздегі голдың арқасында)
"Марибор" – "Хапоэль" (Беэр-Шева) – 1:0 (2:2, түздегі голдың арқасында)
"Славия" Прага – АПОЕЛ – 0:0 (0:2)
"Риека" – "Олимпиакос" – 0:1 (1:3)

"Севилья" – "Истанбул Башакшехир" – 2:2 (4:3)
"Ливерпуль" – "Хоффенхайм" – 4:2 (6:3)
"Ницца" – "Наполи" – 0:2 (0:4)
"Стяуа" – "Спортинг" (Лиссабон) – 1:5 (1:5)
ЦСКА (Ресей) – "Янг Бойз" – 2:0 (3:0)

Авторы: Әлихан ЖАППАР

Тегтер: Celtic FCFC AstanaUEFA Champions LeagueЧемпиондар лигасыТоптық кезең"Астана" ФКЖеребе"Селтик""Карабах" (Әзірбайжан)"Qarabağ"

Кері қайту