Тарихи жетістік – Еурокубок додасының топтық кезеңіндегі алғашқы жеңіс

Футбол
Тарихи жетістік – Еурокубок додасының топтық кезеңіндегі алғашқы жеңіс
Еуропа лигасының топтық кезеңіндегі алғашқы жеңіс! «Астана» – АПОЭЛ – 2:1 Фото: fca.kz
«Астана» қазақ футболы тарихында тыңнан түрен тартып, Еурокубок додасының топтық кезеңінде тұңғыш рет жеңіске жетті. Өз алаңында АПОЭЛ клубын 2:1 есебімен тізе бүктірді.

Еуропа лигасының бесінші турында «Астана»  Кипрдің АПОЭЛ клубын қабылдады. Елордада шыңылтыр аяз басылғанымен, бұрқасын соғып, кешке қарай күшейе түскен. Бірақ «Астана-Арена» стадионының іші тынық, қоңыр салқын ғана болды.

«Астана» бұл ойынға Патрик Твумасиді шығара алмады. Өйткені ол өткен турда ескерту алған. Станимир Стойлов жарақаттарынан айығып, қатарға қосылған Таңат Нөсербаев пен Азат Нұрғалиевті де негізгі құрамда алаңға шығармады.

Әрі бұл ойында да жасыл алаңға бес қорғаушы шығарды. Бірақ екеуі қос қапталмен алға ентелеп, шабуыл өтіне май құйып отырулары керек. Ал алғы шепке екі шабуылшыны қойды. Яғни өз жерімізде шабуылға көп шығуды ойластырған.

Ойын басталған бетте қонақтар да тізгіндерін тартпай, «Астананың» қорғанысын піспектеуге тырысатындықтарын сездірді. Екі жылдың ішінде төртінші рет кездесіп отырған қос команда бірін-бірі жақсы біліп қалғандарын да сездірді.

Екі команданың жігіттері де аянған жоқ. Допқа таласқан кезде бірін-бірі итеріп қалып, тіпті сездірмей, қағып жіберумен болды. Екі рет «Астана» футболшылары оңбай құлады. Серікжан Мұжықов тіпті есеңгіреп қалғандай болды. Іле-шала АПОЭЛ клубының қорғаушысы Карлао да талықсып... тұрды.

Алайда Нидерланды төрешісі Кевин Блом оларды сабырлық сақтауларын талап етіп, аптықтарын тез басты. Дмитрий Шомкоға екінші минуттың басында-ақ сары қағаз көрсетіп, ескерту жасады.

Басында «Астана» жиі шабуылдап, қонақтарды тықсыра бастаған. Бірақ Кипр клубы Еурододаларды ысылып қалған ұжым екендігін көрсетіп, алаң иелерінің соққыларын аспай-саспай тойтарып, қауіп бұлтын сейілтіп отырды.

Ал 31-минутта тіпті қарсы шабуыл ұйымдастырып, гол соғып кетті. Георге Эфрем күтпеген жерден, айып алаңының оң жақ бұрышынан шірене теуіп, қақпа “тоғыздығын” дәл көздеді. «Астананың» – қорғаушылары да аң-таң, қақпашысы да аң-таң. Тіпті жанкүйерлер де – таң-тамаша.

Бірақ бұл гол «Астана» футболшыларының сағын сындыра алмады. Керісінше, намыстарын жанып өткендей болды. Алаң иелері қарқындарын үдетіп, алға қарай лап қойды. Бірден жылдам шабуыл ұйымдастырды. Жуниор Кабананга қақпаға қарай жеке-дара тартатын еді, бірақ оны Иньяки Астис шалып жықты.

Төреші де батыл екен, бірден қызыл қағазын суырып алып, АПОЭЛ клубының әлгі ойыншысын алаңнан қуды. Әрине, қонақтар бұған наразы болып, төрешімен ұзақ дауласты. Әйтсе де, әрі қарай 10 ойыншымен ойнауға мәжбүр боллды.

Алайда, «Астана» бірінші таймда гол соға алмады. Мүмкіндіктері болды, бірақ теңбіл допты қақпа торында тулатыдың сәті түспей-ақ қойды. Бірде қиыс теуіп, енді бірде бір-бірінің пастарына үлгере алмай қалып, бірнеше шабуыл аяқсыз қалды да...

Екінші таймда «Астана» қонақтарын тықсыра түсті. Қос қапталмен де, ортамен де шабуылдап, қыспаққа ала түсті. АПОЭЛ біразға дейін мойымай, алаң иелерін өз қақпаларына маңайлатпай қойды. Сауатты түрде қорғана білді.

Алайда 59-минутта таразы басын теңестірудің сәті түсті. Бой Ватерман ойынға бұрыштан қосылған допты тағы да (бұған дейінгідей) қағып алған сияқты еді... Бірақ жаза басып, теңбіл допты қолынан түсіріп алды. Ал Анич оны қақпаға тура бағыттады.

Содан ойының 84-минутына дейін «Астана» құйындай орап соғып, қонақтарын діңкелетті. Матчтың аяқталуына санаулы минуттар қалғанда Шомко “әдеттегідей” сол қанатан допты әуелете асырып, бұған дейін бірнеше мүмкіндікті мүлт жіберіп алған Деспотович екі рет ұмтылып, соңғысында допты қақпаға сүңгітті.

Жеңіс! Алғашқы жеңіс! Иә, Еурокубок додасының топтық кезеңіндегі бірінші жеңіс. «Астана» қазақ футболы тарихына тағы да тың жетістік енгізді.

«Астана» (Қазақстан) – АПОЭЛ (Никосия, Кипр) – 2:1

Голдар: Эфрем, 31 (0:1). Аничич, 59 (1:1). Деспотович, 84 (2:1).

33-минутта Астис алаңнан қуылды.

«Астана»: Эрич, Шомко, Логвиненко, Аничич, Шитов (Нөсербаев, 77), Бейсебеков, Максимович, Каньяс, Мұжықов (Нұрғалиев, 81), Деспотович, Кабананга (Малый, 90+4).

АПОЭЛ: Ватерман, Лаго, Астис, Мораиш, Карлао, Миланов, Эфрем (Янниотас, 81), де Камарго (Вандер, 63), Винисиус, Сотириу, Алонефтис (Артиматас, 35).

Бас төреші: Кевин Блом (Нидерланды)

Ойынның қысқаша статистикасы:

Соққы: 21 – 6

Тура соққы: 7 – 1

Қиыс кеткені: 11 – 2

Тойтарылғаны: 3 – 3

Бұрыштама соққылар: 3 – 3

Офсайдтар: 1 – 3

Доп иелену: 58% – 42%

Пастары: 436 – 182

Дәл пастары: 410 – 160

Пастар дәлдігі: 94% – 88%

Қорғанысты доп тартып алу: 22 – 15

Ескерту (сары қағаз): 4 – 1

Алаңнан қуылу (қызыл қағаз): 0 – 1

Ереже бұзу: 13 – 9


Авторы: Нұрғазы САСАЕВ

Тегтер: УЕФАСтанимир СтойловАПОЭЛЕуропа лигасыТоптық кезең"Астана" ФКАлғашқы жеңісТарихи жеңіс

Кері қайту